Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 23 Қазан, 2021

СҚО Нұр-Сұлтандағы жәрмеңкеге мың тоннадан астам өнім әкелді

Нұр-Сұлтанда еліміздің барлық өңірлерінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі жалғасуда. Осы демалыс күндері өз өнімін ұсыну кезегі Солтүстік Қазақстан облысына жетті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

Елордаға Солтүстік Қазақстан облысының барлық 13 өңірінен және Петропавл қаласынан мың тоннадан астам өнім әкелінді. 

"Бүгін жәрмеңкені Солтүстік Қазақстан облысы өткізуде. Оған үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысуда. Бұл 110-нан астам кәсіпорын. СҚО барлығы 100-ден астам тауар түрін ұсынды. Біз Нұр-Сұлтанға мың тоннадан астам өнім әкелдік. Бағасы нарықтық бағадан 15-20% - ға төмен",-деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мейрам Жақсылықұлы. 

Бағалар шынымен қолжетімді. Сиыр еті 2000 теңгеге, жылқы еті 2200 теңгеге, қой еті 1800 теңгеге, ал құс еті 850 теңгеге сатылады. Сондай-ақ шұжық өнімдері, бакалея, сүт және көкөніс өнімдері кең ассортиментте ұсынылған.

Жаңбыр мен желге қарамастан, ондаған астаналықтар таңертеңнен бастап Солтүстік Қазақстан облысының шаруаларының тауарларын алып кете бастады.

"Біз картопты 120 теңгеге сатып алдық, жұмыртқа мен ет таңдап алдық. Жәрмеңке қазан айының соңына дейін жалғасатынын білдік және мұнда сауда жасауға асықтық", - деп бөлісті Елорда тұрғыны Светлана. 

СҚО жәрмеңкесі "Хан Шатыр" СОО жанында 23 және 24 қазанда өтеді. Мұнда барлық санитарлық нормалар сақталады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін аумақта бағыттамалармен қозғалыс бағыты көрсетілген, әлеуметтік қашықтықты сақтауға арналған белгілер бар, турникеттерде қол гигиенасына арналған санитайзерлер орнатылған. Сондай-ақ, келушілерге карантиндік шараларды, соның ішінде маска режимін сақтауды еске салатын баннерлер бар.

Естеріңізге сала кетейік, елордада биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында көкөністер мен жемістердің пісу мерзімін ескере отырып, 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өңірлік жәрмеңкелерінің маусымы Нұр-Сұлтанда 31 қазанға дейін жалғасады. 21 тамыздан бастап елордадағы жәрмеңкелерде Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз