Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Қазан, 2021

Яков Хан – музыкант, педагог, ұйымдастырушы

«Алматы әуендері» мекемесіне қарасты «Сазген сазы» фолкьлорлық-этнографиялық ансамблінің ұжымы белгілі композитор Яков Ханды еске алу кешін өткізді. Коронавирус дертінен көз жұмған музыканттың дүниеден өткеніне қырық күн толуына орай ұйымдастырылған кешке Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, Құрманғазы атындағы  консерваториясының  профессоры, қобызшы Базархан Қосбасаров, ҚР Еңбек сіңірген артисі Айгүл Бабаева және басқа да өнер адамдары мен композитордың отбасы қатысты. Концертте Я.Хан шығармалары орындалды.   

Яков Хан 1930-жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған кәріс отбасында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға құмартқан ол Шымкент музыкалық училищесінде білім алып, үрмелі аспаптар және хор дирижері мамандығын алды. 1970-жылдары эстрадалық-симфониялық оркестрдің дирижері, Алматы варьете театрының басшысы,  «Арай» ансамблін құрушылардың бірі болды, корей театрында музыкалық спектакльдер қойды. Қазақстанда джаз музыкасының қалыптасуына ерекше үлес қосқан Яков Хан композитор ретінде елімізде ғана емес, көптеген шет мемлекеттерде, өз Отаны Оңтүстік Кореяда өте танымал. Оның «Ариран» әні қазақстандық және ресейлік кәрістердің бейресми әнұраны болып саналады.

Кешті ұйымдастырған «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов өз сөзінде Яков Ханның қазақтың фольклорлық музыкасын дамытуға да көп үлес қосқанын айтты.  «Біз Яков Николаевичті ұстаз санаймыз. Ол «Сазген сазы» ансамблінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Ансамбльдегі ұлттық аспаптардың дыбысталуын зерттеп, көптеген аранжировкалар жазды, әр аспапқа арнап  жеке шығармалар әзірледі. Әлемге танымал композиторлардың үздік шығармаларын репертуарға қосып, ұлттық аспаптардың мүмкіншілігі зор екенін көрсетіп берді» деді ол.

Еске алу кешінде сөз алған Роза Рымбаева: «1979-жылы «Арай» ансамблі құрылғанда Тасқын Оқапов, Тахир Ибрагимов сынды музыканттар қатарында Яков Хан да болды. Ол оркестрге джаз-рок жанрындағы туындыларды енгізуге тікелей атсалысты. Яков Николаевич тек үлкен музыкант емес, ол педагог, басшы, ұйымдастырушы еді.  К.Байсейітова  атындағы музыкалық мектепте ұзақ жыл білім беріп, жастардың бойында жоғары музыкалық талғам қалыптастырды» деп, оның адами қасиетіне тоқталды. Кеште сөз алған өнер адамдарының бәрі Яков Ханның  өмір бойы музыкаға адал болғанын және еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Композитордың жары Ольга Хан кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтып, отбасының атынан ризашылығын білдірді.   

Бұдан кейін қонақтар «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Р.Рымбаева, А.Бабаева,  Ж.Ержанов, Б.Мусиннің әндерін тыңдады. Және де ансамбль композитор Я.Ханның аранжировкасымен Д.Эллингтон, Дж.Фин, А.Пьяцолла сынды әйгілі композиторлардың туындыларын орындады.  

Қазақстандық мәдениетте өзіндік із қалдырған шынайы суреткер Яков Ханның музыкалық мұрасы оның есімі ешқашан ұмытылмайтынының кепілі.   

 

Дина Имамбаева

730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз