Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 20 Қараша, 2021

Ана махаббатының құдіреті

Адам баласы жанын жаралап, уайым-қайғыға батырған оқиғаларды еске алғысы келмейді. Біреулер қасіретке толы өмір жолдарын ұмытуға тырысса, енді біреулер сабақ алады. Үндістанның шалғай бір елдімекенінде дүниеге келген Синдутай Сапкал тағдыры ерекше жандардың бірі еді. Балалық шағы болмаған Синдутай Сапкалдың қасіретке толы өткен өмірі бейне бір қорқынышты түске ұқсайтын. Ол өте кедей отбасында өмірге келеді. 6 жасқа толғанда мектепке барам деп қиғылық салған кішкентай Синдутайдың ата-анасы оқуына үзілді-кесілді тыйым салады. Оқимын деген арманын аяқасты еткені былай тұрсын, кішкентай қызға мал бақтырып қояды.

Алайда бұл кезді бүлдіршін қыздың бақытты шағы деуге де болатындай. Себебі, арада үш жыл өткен соң, бар болғаны 9 жастағы қызды ата-анасы 32 жастағы адамға тұрмысқа береді. Синдутайдың 19 жасқа келгенде 3 ұлы болды. Тіпті төртінші сәбиін күтіп отырған-ды. Тұрмыстың ауыртпалығы аздай, біреулер күйеуіне “әйелің көзіңе шөп шалып жүр” деген жалған сөз тасып, қатыгез күйеуі аяғы ауыр әйелін өлімші етіп сабап тастайды. Содан кейін ауыр соққыдан есін жия алмай жатқан әйелін күйеуі буйволдар табынына тастай салады.

Ессіз жатқан Синдутайдың өмірінде адам айтса сенгісіз оқиға өтеді сол кезде. Сиырлардың бірі қансырап жатқан қызды қалқалай жатып алып, басқа жануарлардың таптап кетуінен қорғап қалады. Дәл сол жерде Синдутай төртінші перзенті - қызын дүниеге әкеледі. Қатігез күйеуіне қайтып оралғысы келмеген қорғансыз келіншек жаңа туған нәрестесін бауырына басқан күйі далада түнеп жүреді. Күн өткен сайын мәнсіз, мағынасыз қаңғырған өміріне налып, мұндай өмірінен де, жанын қинаған ойдан да қажыған Синдутай бір күні аурудан жанын қоятын жер таппай қиналған қарияны кездестіреді. Қарияны аяп, су беріп, қолындағы бар азын-аулақ азығынан бөліп береді. Қарт кісінің ауруы бәсеңдеп, жаны жайланғанын көріп ерекше толқиды. Өзінің біреуге көмектесе алғанына, керек болғанына қуанады. “Өмірдің мәні - айналаңа пайдаңды тигізу екен ғой” деген ойға келеді.

Сол күннен бастап, теміржол бекетіне келіп, ән салып, қайыр сұрай бастайды. Мейірімді жандардан жиналған қаражаты көбейген кезде, үйсіз-күйсіз жүрген жетім балаларды жинап, пана болады. Тұрғындардың бірі Синдутай Сапкалға кішкентай үйін сыйға береді. Ол үйді жетім балалар паналайтын қамқоршылық үйіне айналдырады. Оның 1058 баласы болды. Олардың барлығын оқытты. Тәрбиелеген балаларының барлығы дерлік Үндістанның белгілі тұлғаларына айналды. Синдутай Сапкал ашқан екі балалар үйі бар. Оның бірін ұлы, бірін қызы басқарады. Олар үнемі бір-біріне қамқорлықпен қолдау жасайды. Аналарына деген құрметтері айрықша! Синдутай бауырына басқан балалардың бәрі аштық пен қиындық деген не екенін жақсы біледі. Синдутай анаға балаларыңыздың тағдыры туралы айтыңызшы дегендерге ол: “Олардың барлығының өткен өмірлері аянышты. Ал мен ол туралы айтқанды ұнатпаймын. Мен балаларымның өткен өмірлерін еске алмай, өмірге позитивті көзқараспен қарағанын қалаймын”,-деп жауап береді. Ал өзінің үш ұлы әкелерінен қашып келіп, анасын паналаған еді.

Синдутай Сапкал Бірде Синдутай балалар үйінің алдынан жасы сексендерге кеп қалған шалды кездестіреді. Үйсіз-күйсіз қаңғырған, күш-қуаты мүлдем жоқ, тарамыс қолдары қалтыраған шалдың көздері оған өте таныс көрінеді. Шал аяғына бас ұра кешірім сұрап, өткені үшін өкініш білдіреді. Иә, бұл баяғы бұны 19 жасында ажалға итермелеген күйеуі еді. Жүрегі кең, мейірімді Синдутай балаларының әкесін кешіріп, балалар үйіне қалуына мүмкіндік жасайды. ⠀ Қайраткер ана Синдутай Сапкал әлем сахналарында өмірдің мәні туралы терең ойларын ортаға салады. Үлкен мінберлерде үнемі “Қандай қиын сәт болса да, шешімі болмауы мүмкін емес. Барлық қиындықтан шығар жол бар! Өмірде кездескен қиындықтарды сабақ пен сынақ деп қабылдап, құрметпен қара. Сонда ғана ол өмірің ғажап, бақытты сәттерге толы болады!” дейді Синдутай ана.

Қазір Синдутай ана 72 жаста. Жүздеген күйеу бала, келіндері және 1500-ден астам немересі бар. Барлығы әке орнына әке, шеше орнына шеше болған Синдутай аналарын жақсы көреді. Туған анамыз деп санайды. Ал Синдутай ананың балалары дегенде жаны бөлек. Ол - әлемге шуағын шашқан ана.

Айнұр Əкімбайқызы

malim.kz

 

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *