Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қараша, 2021

Ағын Қасымжанов шығармашылығындағы ұлттық мазмұн

Ұлы тұлғалардың ғылыми-шығармашылық мұрасын теориялық талдау философия тарихының ажырамас негізі. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алғаннан бері қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы өзіндік сана концепцияларын зерттеу жаңа серпін алды. Атап айт­сақ, ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті философы А.Х.Қасымжановтың шығар­машылық ой-дүниесі, қазақтың ұлттық өзіндік санасында маңызды орын алатын әл-Фараби мұрасын зерделеуі, сондай-ақ далалық өркениет мұрагері – қазақ халқының рухани мұрасы, ұлт­тық өзіндік сананың тарихи дамуы мен қалыптасуы мәселелері жан-жақты зерт­теуді, ғылыми қарастыруды талап ететін өзекті мәселе.

Ағын Хайроллаұлы (1931-2000) - қазақ халқының рухани мұрасы тарихында елеулі із қалдырған аса көрнекті философ.

Философтың ойлауы басты келесі принципке негізделеді: ескіліктің ізімен жүрме, керісінше олардың іздегенін ізде.  Бұл оның теориялық-әдіснамалық және әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерге жеке қызығушылығын білдіреді. Осыған байланысты ол әлемдік философияға адамның ақыл-ойын толғандыратын мәселелерге жауап беру үшін объективті шындықты түсіну құралы ретінде жүгінді. Қазақ философиясына ориентациялану көшпендіге тән ой-өрістің кеңдігі мен ойлау ауқымдылығын анықтау қажеттілігіне негізделген болатын. Жеке тұлғаға бағытталған философия тұжырымдамалық ойлауға және теориялауға, яғни шындықты барынша жалпылауға, психикалық және логикалық схемалар мен жүйелер құруға тырысады. Әлем тарихының әр кезеңі белгілі бір әлеуметтік дамудың көрінісі ретінде жаңа ойлаудың негізі қаланған жекелеген халықтар мен елдердің тарихында өзінің жарқын көрінісін алады. Бұл профессор А.Қасымжановтың арнайы философиялық зерттеу объектісіне айналдырған қазақ философиясының тарихында айқын көрінеді.

А.Х. Қасымжановтың айтуы бойынша, ұлттық сана дегеніміз абстарктты ұғым емес, ол нақты өмірлік ұғым. Ұлттық сана  төмен болса, халық мылқау күшке, тобырға айналып, ортақ мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болады, ұлт халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде де жоқ рухани алыпсатарлардың жұртшылық көзін алдап арбайтын ұранына айналады.

Ұлттық сана – сезімнің қалыптасуында маңызды фактор болып табылатын – өзінің тарихы және ұлттық мәдениеті. Осыдан аз ғана уақыт бұрын тарих толқынымен өлшенетін оның өзіндік түсінігіне мән берілмеді. Қоғамда жалпы қасиеттер абсолюттендіріліп, ұлттық ерекшеліктер назарға алынбаған. Кеңестік дәуірде ұлттық мәдениет пен ұлттық тарихтың әлеуметтік-философиялық концепцияларда әртүрлі халықтардың рухани теориясындағы басымдықтар мен құрылымдары унификацияға ұшырады [1, 5-6 б.].

Қазақ халқының тұтастығын, оның күретамыры болып табылатын ұлттық ойларды философиялық деңгейде көтеруде, рухани дүниеміз тегісінен ұлттық сипатта болуы тиіс, оның тұтастығын бұзып алмауды әр уақытта ойлауымыз керек. Бұл жөнінде А.Х.Қасымжанов өте маңызды пікір айтқан: «Жалпы алғанда, бір халықтың өмір сүру салтын, заңдылықтарын екінші бір халыққа телу деген өте бір ауыр, қиын құбылыс. Айталық, тірі ағзаға екінші бір ағзадан бір мүшені ауыстырып салу барлық жағдайда дұрыс нәтиже бермейді, себебі оны ағза жатсынады, ауырсынады, қабылдай алмайды, тіпті өліп кетуі мүмкін».

Профессор Т.Х. Ғабитов А.Х. Қасымжановтың қазақ рухани мәдениетін зерттеудегі мынадай кемшіліктерге назар аударатындығын атап өтеді: «Этникалық рухани мәдениеттің нақтылы көріністерін формация, тарих, әрекет сияқты тым жалпылама категориялармен білдіру. Қазақ мәдениеті тарихын кемсіте қарау, оның қисындылығын бекерге шығару. Мәдениет тарихын қазіргі уақыт талаптарына сай «қайта жазу», билеуші топ мүдделерімен сәйкестендіру» [2, 21 б.].

А.Х. Қасымжанов шығармашылығындағы ең маңызды мәселе фарабитану. Əл-Фараби философиясының сипаты, негізгі өзегі, шынайы мағынасы жайлы А.Х. Қасымжанов «Оймен ұғынылған дəуір» атты мақаласында мынандай тұжырымға келген: эклектика, перипатетизм мен жаңаплатоншылдық элементтерінің сабақтасуы. Батыс Еуропа тарихнамасында орын алған бұл пікір негізді сынды талап етеді. Бұл жерде ғалымның өз көзқарастарын негізінен Платон мен Аристотель шығармаларына берілген түсінік түрінде баяндау формасы оның жүйесінің өзекті мəні мен мазмұны ретінде көрсетілген: басқаша айтқанда, сана-сезім, сол өз əрекеттері туралы ойшылдың өзіне қалай есеп беруі, осы əрекеттердің шынайы мағынасымен, оның объективті құрамымен теңестіріледі. Ескертетін жай, түсінік парафраза формасында беріледі де, өз сөздері талданып отырған пікірлерден анық ажыратылмайтындығын айтады [3, 27 б.].

Фараби шын мәнінде әлемдік деңгейдегі адам болған, ол өз жұмысында араб, парсы, грек және өзінің түркі мәдениетінің құнды жетістіктерін жинақтап, синтездеген. Оның бұл жетістіктері әйгілі «Китаб әл-музык әл-кабирде» айқын көрінеді. Бірақ ол әр түрлі мәдени дәстүрлерді жақындастырған гуманистік ғалым ғана емес, өз заманының білімін жүйелеуге ұмтылған ғылым реформаторының данышпаны болды, бұл оның «Ғылымдардың классификациясы туралы сөз» трактатында көрініс тапты [4].

 «Даналық ғылымына ұмтылған адам ең алдымен Құран мен заң ғылымын оқып, жақсы тәрбиеленуі керек. Заңды негіздерді орындауға жақындап, сүннет пен шариғат ережелерінің ешқайсысын бұзбауы тиіс. Ғылымды бірнеше жетістіктер мен материалдық байлық үшін ғана таңдамай, ғылым мен ғалымдарды көтеруге ұмтылу тиіс» [5]. Жоғарыда келтірілген Әл-Фараби атамыздың сөзінде тұлғаның білім алуы үшін ең алдымен тәлім-тәрбиенің керектігін байқауымызға болады.

Әл-Фараби дінді жан дәрігері ретінде санап, оның қажеттілігіне жоғары мән береді.  «Кейбіреулер қоғам заңдарын орындағаны үшін сыйақы алады немесе керісінше бағынбағаны үшін жазаланады. Бірақ қоғамда олардан басқа мүлдем басқарылмайтын тұлғалар да болады. Олар моральдық байлыққа мұқтаж»[4, 49 б.].

 А.Х. Қасымжановтың тікелей ғылыми басшылығымен əл-Фарабидің бірнеше шығармалары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді: «Философиялық трактаттар», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттар», «математикалық трактаттары», «Коментарии аль-Фараби к «Алмагесту» Птоломея».

А.Х.Қасымжанов өзінің «Портеры» кітабында даланың ұлы қайраткерлерінің өмірі мен қызметі жайлы жазған. Бұл еңбекте скиф Анахарсистен бастап Мұхтар Әуезовтің заманына дейін біздің ата-бабаларымыз әлемге, мәңгілікке деген қарым-қатынасын дамытып, жалпы әлемдік рухани байлықты, өз тәжірибелерінің, ой-толғаныстарының, адами қадір-қасиеті туралы жоғары түсініктері жайлы баяндаған.

А.Х. Қасымжановтың «Портреты» еңбегінен Абайдың ұлттық интеллигенцияның пайда болуына зор ықпал еткенін байқауымызға болады. Ол қазақ мәдениетіне сюжеттердің, өзге де мәдениеттер мен дәстүрлердің идеяларының тұтас бір легін, нысандарын (сатира, лирика, пейзаждық лирика) қосты. Абайдың қазақ әдебиетіне алып келген ең маңызды жаңалығы – «қара сөздер». «Қара сөздер» - өз халқына деген құштарлық, үндеу, манифест, естуге, түсінуге және қабылдауға деген ұмтылыс.

Абайдың айтуы бойынша: «Адам өзге елдің тілі мен мәдениетін білу арқылы сол халықпен тең құқылы  бола алады, өзін еркін сезінеді», - дейді. Абай атамыз қазақ білімге шақырған және тек білім – ғылым арқылы тәуелсіздікке қол жеткізетінімізді айтқан.  Біздің халқымыздың басқа халықтар арасындағы тең құқылы жағдайы үшін күресуге шақыруында Алаш Орда айналасына біріккен зиялылардың Абайды өзінің рухани бастаушысы, қазақ ұлтының жаңғыруының рухани көсемі ретінде қабылдағанын байқауымызға болады. Олар ХХ ғасырдың Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев  сынды талантты қайраткерлері, тамаша саңлақтары [6, 9-16 б.].

Қазіргі Қазақстанның проблемаларын түсіну үшін ұлттық, демократиялық қозғалыстың көшбасшысы, пролетариат диктатурасының қарсыласы Әлихан Бөкейханұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының алғашқы  қазақ тілінде жазылған романының, қазақ тіл білімінің, лингвистиканың, әдебиеттанудың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының, қоғамдық-саяси қайраткер Міржақып Дулатұлы, Шығысты азат еткен ұлы Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық ғылымдардың дамуында терең із қалдырған ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы ойшылдардың бай әдеби мұрасы мен философиялық көзқарастарының маңызы зор. Олардың идеялары қазақ философиясы тарихының күрделі және бай бөлігін құрайды, онда ақиқатты іздестіру процесі этникалық мәдениеттің, халықтың рухани мұрасының бүкіл тарихының өзекті мәселесі ретінде ұлттық идеяға жобаланған.

Халықтық тұтастығына негіз болатын ұлттық болмыс, сол белгілі бір ұлттың мүшесі адамның ойлау жүйесі тегінен нəр алу керек. «Тегіңе тартсаң тозбайсың» деп қазақ бекер айтпаса керек. Тектілік – тұтастықтың үлкен белгісі. Оның өзегі – сабақтастық, ұрпақ арасындағы рухани байланыс. Рухани байланыс пен сабақтастық үзілген кезде ұлттық тұтастықтың қуаты кетіп, сыртқы күштерге қарсы тұра алмайды. Өзіңнің ата-бабаңның салып кеткен сара жолымен жүріп, олардың қалдырған рухани байлығының иесімін деп, оны келер ұрпаққа жеткізу естілік пен тектіліктің белгісі. Тектілік бар жерде ғана иегерлік бар. Қазіргі кездегі басты мақсат – осы тұтастықты жүзеге асыру арқылы болашақты айқындау.

А.Х. Қасымжанов шығармашылығының философия ғылымына қосқан үлесі зор. Философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов шығармашылығында көрініс тапқан ұлттық өзіндік сана мәселесі қазақ халқының бүгіні мен жарқын болашағы үшін өзекті болып табылады. Қазақстандағы қазіргі философиялық ойдың басты бағыттарының бірі – қазақтың рухани мұрасына деген қызығушылық. Өзіндік сананың мәні және ақиқатты халық рухында жинақталған. Заманауи қазақ ойшылының мол философиялық мұрасын зерттеу ұлттық сана мен болмыстың терең қырларын түсінуге жол ашатыны анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қасымжанов А.Х. Ұлы даланың зиялылары. Алматы: Қазақ Университеті, 1996. 157 бет.

2. Бірінші Қасымжанов оқулары. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 466 б.

3. Касымжанов А.Х. Оймен ұғынылған дəуір. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Фарабитану. Жиырма томдық. – Астана: Аударма, 2006. – 16-т. – 440 б .

5. Қасымжанов А.Х. Аль-Фараби. – Алматы, 1997. – 127 с 49б

6. Касымжанов А.Х. Портреты. Штрихи к истории степи. – Алматы: Қайнар, 1995. – 128 с.

 

Аружан Берікқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, биология және биотехнология факультетінің 1-курс магистранты

 

Досжан Балабекұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

философия және саясаттану факультетінің оқытушысы, PhD

1159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз