Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 30 Қараша, 2021

Футзалшылар мекеніне айналған колледж

Литвада футзалдан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы керемет ойын үлгісін көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Әлемнің ең үздік құрамалары бас қосқан дүбірлі додада Қазақстан командасы жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, төртінші орынға тұрақтады. Бұл еліміздің футзал тарихындағы ең үлкен жетістіктің бірі деуге болады. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Құрама сапындағы Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Жомарт Тоқаев, Болат Сарбасов пен Нарын Серіков – бір мектептің, бір колледждің түлегі. Қазақстан футзалындағы тұлғаларға айналған спортшылар Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжінде білім алып, кәсіби мансабын осы жақтан бастаған. Қазақ футзалының жарқын болашағы саналатын жігіттердің жолын ашқан колледж директоры Төлеуғали Мұхамеджанұлы екенін біреу білсе, біреу білмес. Төлеуғали  Тайтөлеев талантты ойыншыларға еліміздің үздік командаларымен келісімшартқа отыруға мүмкіндік жасап, ел футзалының дамуына үлкен үлес қосып келеді. Энергетикалық колледждің қалай футзалшылар мекеніне айналғанын директор мырзадан сұрап көрдік.

– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының тумасымын. Бала күнімізден доп ойнап, футболшы болуды армандап өстік.  Аягөздегі футбол мектебінің түлегімін. Ал Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжіне 2007 жылы директор болып тағайындалдым. Директор болып келгеннен кейін алдымызға үлкен мақсат қойып, ұстаздардан команда жинақтадық. Командамыз әуесқойлар лигасында тамаша өнер көрсетіп, үлкен турнирлердің бәрінде топ жарды. Шыны керек, бұрыннан жақсы команда құруды армандап, жаныма жақсы ойыншыларды жинағым келді. Аягөздегі спорт мектебінің директоры Еркін Юсупов футбол секциясын ашып, жас жеткіншектерді дайындау ісін білікті бапкерлер Әсет Қарманов пен Асхат Оспанбековке сеніп тапсырды. Осы азаматтар талантты жастарды жерде қалдырмай, біздің колледжде мансабын жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Алғашқы түлегіміз Нұржан Әбдірәсілов колледжімізде жұмыс істеуге қалып, кейінгі жас буынды жаттықтыра бастады. Өзі де мықты командаларда өнер көрсетіп, жағажай футболынан Қазақстан құрамасының капитаны болды. Сондай-ақ Дәурен Тұрсағұлов сияқты таланттардың біліктілігін арттырып, нағыз футзалдың қандай болатынын үйретті. Спорт мектебінен келген жігіттерді міндетті түрде сынақтан өткізіп, деңгейін анықтаймыз. Д.Тұрсағұлов, Б.Оразов сияқты талантты жігіттердің ойын үлгісін көріп, колледжге қабылдауға шешім қабылдадық, – дейді Т.Мұхамеджанұлы.

Ұлттық құрамада, әртүрлі командалар-да өнер көрсететін колледж түлектері ылғи колледж студенттерімен тәжірибе алмасып, тіпті материалдық қолдау көрсетіп те тұрады. Мұның бәрі Төлеуғали Мұхамеджанұлының шәкірттеріне берген тәрбиесінің жемісі деуге болады.

– Шыны керек, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразовтың осындай деңгейге жетуіне үлкен үлесін қосқан – Нұржан Әбдірәсілов. Таңдаулы командалар сапына кіргізіп, футзалдың қыр-сырын толық меңгертті. Есесіне, Дәурендер де колледждегі жастарға білгенін үйре-тіп, тәжірибесін бөлісті. Тіпті, ағалық қамқорлығын көрсетіп, спорттық форма-ларын алып беріп, көмектесіп жүрді. Әрине, мұның бәрі ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында. Қазір колледждегі жастар да алдыңғы буынға қарап өсіп келеді. 

Сондай-ақ, Төлеуғали Тайтөлеев «Қайрат» футзал академиясындағы жас жеткіншектерді дайындайтын жаттықтырушы Семен Палагутинмен  жақсы қарым-қатынаста. Директор болашағынан үміт күтетін шәкірттеріне көз қырын салуды өтініп, қарамағына алуын қадағалайды.

– Қазір колледжден шыққан 20 шақты бала суперлигада ойнап жүр. «Қайрат» сапында алты түлегіміз өнер көрсетеді. Сондай-ақ бапкерлік қызметте жүрген біраз шәкірттеріміз колледждегі мықты ойыншыларды командаға тартып жүр. «Атырау» командасын жаттықтыратын шәкіртіміз Жақсылық Байсариев құрама қатарына колледжіміздің түлектері Болат Сарбасов пен Жомарт Тоқаевты қосқан. «Қайрат» футзал академиясының бапкері Семен Палагутинге ылғи хабарласып, бірінші курста көзге түскен студенттермен жұмыс істеуін сұраймын. Соның нәтижесінде шығар, 17 жасқа дейінгі, 19 және 21 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан құрамасының тең жартысы колледжіміздің студенттерінен жасақталады. Қазір Аягөзден ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, колледж студенті атанып жатқандар көп. Колледжді бітірген біраз студентіміз жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бағдарламасы бойынша түсіп жатыр. Өйткені жоғары оқу орындарында футзалға өте қатты көңіл бөліп жатыр.

«Қайрат» командасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака да құрамадағы колледж түлектерінің тәрбиесіне тамсанып, ризашылығын жаудырды. Айтпақшы, колледждің шәкірттері жеңістен түскен қаржының жартысын қайырымдылыққа жұмсап тұрады. Жақында олар «Қарекет қоры» ұйымдастырған жарыста бірінші орын иеленіп, сыйақыға алған 4,5 миллион теңгеге Аягөз қаласындағы жалғызбасты, көпбалалы анаға пәтер алып берді.  

Аягөздегі футбол мектебінің жаттықтырушысы Әсет Мейрамханұлы да шәкірттерінің осындай деңгейге жеткенін Алматыдағы энергетикалық колледждің ықпалы болғанын жасырмады. 

– Алматыдағы энергетика және электрондық технология колледжінде республикалық және қалалық жарыстарда өнер көрсетіп жүрген футзал командасы болды. Сол себепті осы колледжге оқуға түсіп, мамандығын алып қана қоймай, футзалды да жалғастыруын көздедік. Шәкірттеріміздің болашағына үміт артып, биік белестерді бағындыратынына сеніп, арнайы энергетикалық колледжге жібердік. Өйткені колледжде оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, кәсіпқой футзалшы болуына ықпал ететініне сендік. Әрине, бәрі бірдей кәсіпқой ойыншы болмаса да, өмірде орнын тапқан кәсіпқой мамандар болды, – дейді Әсет Мейрамханұлы. 

Біз әлемдік аренада атой салған саңлақтардың жолын ашқан Төлеуғали Мұхамеджанұлының ерен еңбегін атап өткіміз келді. Әлемнің ең үздік командаларымен терезесі тең дәрежеде ойнап, қазақ футзалының жаңа дәуіріне жол ашқан қаракөздерімізді тәрбиелеп шығар осындай колледждің бары қуантады.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2021

1475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз