Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 10 Желтоқсан, 2021

Отандық өндірушіге көрсетілер қолдау қаншалық?

Отандық тауар өндірушілерге қаншалықты қолдау көрсетіледі? Мемлекеттік органдардың сатып алуындағы жергілікті қамту үлесі тек үштің біріндей ғана көлемді құрайды екен. Бұл туралы finprom.kz сайты өз порталында жазады. Бір қызығы, квазимемлекеттік және коммерциялық компаниялар жергілікті өндірістерге қолдау көрсетуде көп ретте көмек қолын созуға мүдделілерден асып озатын көрінеді. 

Елімізде мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру үкіметтің стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы сатып алуларда жергілікті қамтуды арттыру бойынша үкіметке де, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға да нақты тапсырмалар берген болатын. Алайда, Президент жыл басында атап көрсеткендей, тапсырма қанағаттанарлықсыз орындалуда. Мәселен, 2020 жылдың 9 айында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді реттемелі сатып алудың жалпы көлемі 12,5 трлн теңгені құраған. Экономикамыз осы соманың жартысына жуығын ала алмаған. Жергілікті тауарлар мен қызметтерге шамамен 6,5 трлн теңге немесе 52%-ы ғана аударылған.

Отандық тауарлар мен қызмет­терді сатып алуға бәрінен де аз қаржыны мемлекеттік органдар аударған. Жергілікті қамту тек 30%-ды ғана құраған. Инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру аясында бұл көрсеткіш бойынша мемлекеттік органдар 90% деңгейге жетулері керек болатын. Іс жүзінде қазақстандық қамту тек 83%-ға ғана қамтамасыз етілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сегіз аймақта тапсырмалардың орындалмауына жол берілген. Ең нашар көрсеткіштер астанада (59%), сондай-ақ Түркістан (64%)  және Павлодар (61%) облыстарында байқалған. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы жергілікті қамту үлесі 87%-ды құраған. Жоспарлық көрсеткіштердің бұзылуына жеті аймақта жол берілген. Неғұрлым айта қаларлықтай ауытқулар Алматы (60%), Қызылорда (73%) және Маңғыстау (бірден 80%) облыстарында тіркелген.

ИИДМ биыл жекелеген көрсет­кіштердің жақсарғаны туралы есеп берді: 2020 жылдан бастап жергілікті қамту үлесінің 1,3% жағымды векторы тіркеліп отыр. Реттемелі сатып алулардың жалпы көлемі 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 12,9 трлн теңгені құраған, жергілікті қамту үлесі 6,4%-ға өсіп, 58,3%-ға жеткен.

Айта кету керек, әңгіме бюджет қаражаты мен Ұлттық қор­дың шығындары туралы болып отыр. Тиісінше, негізгі мақсат – бұл қаржыларды ұлттық эконо­микамыздың өз ішінде қайта бөлу. Сондықтан да мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру дәл қазір көкейтесті мәселеге айналып отыр (кесте).

Қалай болғанда да, бұл бағытта біршама нәтижелі жұмыстар бай­қалады. Атап айтар болсақ, жекелеген мемлекеттік сыңайлы, сондай-ақ ірі коммерциялық холдингтер мен компаниялар топтары жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жап-жақсы көрсеткіштерімен танылуда. Мәселен, еліміздің тау кен-металлургиялық өнеркәсібіндегі аса ірі холдингтердің бірі – Еу­разиялық топ (ERG), сатып алуларда жергілікті қамтуды арттыруға айрықша көңіл бөледі. Жыл сайын ERG сатып алулар көлемі 2 миллиардтай АҚШ долларын құрайды. Отандық тауар өндірушілер мен қызметтерін жеткізіп берушілерден сатып алу үлесі – 60%-дан асқан.

Бұдан басқа, ERG отандық өндірушілермен ұзақмерзімді қарым-қатынастарды дамытуда. Былтыр қыркүйекте өндірушілермен ұзақмерзімді offtake-келісімдерге (кәсіп­орындардың әлі өндірмеген өнімін сатып алу келісім-шарттары) қол қою жолымен отандық өнді­рісті қолдауға бағытталған им­порт­тың орнын басу жөніндегі бағдарламасын бастағанын жария­лады. Мәселен, биыл отандық өндіруші «Format Mach Company» ЖШС-мен 5 жылға (мерзімін 10 жылға дейін ұзарту мүмкіндігімен) сомасы 11,2 миллиардтан астам теңгеге offtake-келісім жасасты. Бұл құжат техника мен жабдықтарға қажетті құйма-қорытпалы заттар мен бөлшектерді сатып алу бойынша 36 жайғасымды құраған. Олардың ішінде шөміштер, редукторларға шанақтар, арқалықтар, шынжыр табан буындары, шынжыр тізбектер, біліктер, т.б. бар. Аталмыш отандық компания ERG құрамына кіретін 10 кәсіпорынға инвестициялық жобаларын жүзеге асыруы үшін өз өнімдерін жеткізіп беретін болады. Сонымен қатар ERG коммерциялық орталығы 2020-2921 жылдары 2 млрд теңгеден астам сомаға 174 тауар атауы бойынша бұрын шет елдерден сатып алынып келген импортты алмастыруға мүмкіндік жасаған. Сондай-ақ компания отандық тауар өндірушілер нарығына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Мұндай жобалар үкіметіміз жүргізіп отырған Қазақстанда импорттың орнын толтыру бағдарламасына кәдуілгідей қолдау көрсетеді (инфографика).

Квазимемлекеттік сек­тордың аса ірі субъектілері де өз кезегінде импортты алмастыру саласында айтарлықтай жұмыс­тар жүргізуде. Мәселен, 2020 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ құрамындағы топтардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі 77%-ды құраған, ал бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 2%-ға асып түскен. ИИДМ хабарламасына сәйкес, биыл қордан тауарларды сатып алуларға келісім-шарттардың жалпы сомасынан, отандық өнді­рушілермен 1,2 трлн теңгеге немесе 75%-ға келісімдер жасалған.

Осы ретте «Бәйтерек» хол­дингінің тобы бойынша тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алулардың жалпы көлемі 2020 жылы 23,3 млрд теңгені құраған, соның ішінде отандық жеткізушілерден – 13,6 млрд теңге, ал жергілікті қамтудағы жалпы үлес 58,2%-ды құрапты. Айта кету керек, бұл жоғарыда тілге тиек еткен «Самұрық-Қазына» АҚ-дан азырақ,  тіпті ERG коммерциялық тобынан да, әйтсе де, сатып алуларында жергілікті қамту бар-жоғы үштен бірін құрайтын мемлекеттік органдарға қарағанда, айтарлықтай артық.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

2600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз