Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Қаңтар, 2022

Бір күндік компанияларды екшейтін қатаң сүзгі жоқ - Президент

"Бір күндік компанияларды екшейтін қатаң сүзгі жоқ. Олар импорттық өнімді отандық өнім ретінде өткізуге машықтанып алған. Бұл проблемаларды шұғыл шешу керек". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осылай деді.

Кездесу барысында Президент мемлекеттен көмек алатын кәсіпкерлер әр тиынды қалай жұмсағаны туралы есеп беруі керектігін айтты.

«Сатып алу ісін реформалау қажет. Мемлекеттік сатып алу – игілігін дұрыс пайдалануды қажет ететін орасан ресурс. Бұл тұрғыда үлкен проблемаларымыз бар екені көпке аян. Бәсекелік емес тәсілдермен сатып алудың үлесі әлі де қомақты. Тек қана баға өлшеміне басымдық беру тәсілі сатып алынатын тауар мен қызметтердің сапасын екінші орынға ығыстыруда. Салдарынан қазақстандық жеткізушілер өндірісті жабдықтау ісінен жиі қағылып жатыр. Бір күндік компанияларды екшейтін қатаң сүзгі жоқ. Олар импорттық өнімді отандық өнім ретінде өткізуге машықтанып алған. Бұл проблемаларды шұғыл шешу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларын ерекше бақылау қажет.

«Тасаланау, ашықтық емес жүйе, бағаны өсіріп белгілеу. Мұндай фактілерді дереу тыю керек. Әрі қарай баратын да жер қалған жоқ. Шұғыл шешу керек. Бір ай уақыт берем. Соңғы рет! Шешімі табылмаса, біз де қатаң шешім қабылдаймыз. «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» деген сөз мен үшін мақсатты қағидат екеніне бәрінің көзі жеткен шығар деп үміттенемін. Бұл бүкіл мәселелерге қатысты. Мен үшін мемлекеттің мүддесі кез келген адаммен жеке, әрі тату қарым-қатынастан жоғары. Мемлекетке қажет болса, өте қиын шешімдер қабылдауға дайынмын. Ондай шешімдерді қабылдадым да. Болашақта да ондай шешімдерді ешбір күмәнсіз қабылдайтын боламын», - деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі салық саясатына реформа қажеттігін де айтып өтті.

«Бізге жаңа салық саясаты керек. Ол саясат астыртын кедергісіз, салалық алалаусыз, Үкіметке де, бизнеске де түсінікті, әрі ашық болуы керек. Үкіметке біршама күрделі міндет жүктеліп отыр. Ол міндеттердің бәрін кәсіпкерлер қауымымен талқылау қажет. Салықты адал төлеу тиімді әрі оңай болатындай етіп істеу қажет", - деді Мемлекет басшысы.

 

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз