Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Қаңтар, 2022

Теннис тарихындағы Винус пен Серена

Жақында «Патша Ричард» отбасылық фильмін көрдім. Фильм әйгілі афроамерикалық апалы-сіңлілі теннисші Винус пен Серена Уильямс жайлы. «Балам жарыста жеңіліп қалады» деген өкпешіл ата-аналарға көруге кеңес береміз. Теннис тарихында қалған қос қыздың қандай құпиясы бар? Әкесі қандай ерлікке барды? Оқып көрелік...

ӘКЕМЕ ҰҚСАМАЙМЫН...

Қыздардың әкесі Ричардтың жастық шағы кедейлікпен өтеді. Сегіз жасынан бастап жеміс, жаңғақ ұрлайды. Ол кезде ақ адамдар қара нәсілді адамдарды тым төмен санайтын. Балалардан күнде таяқ жейтін. Ол күнді Ричард былай еске алады: «Бірде әкем шерифке (милиция) жұмсады. Баламын ғой, қолым тиіп кетті. Әлгі ашуланып, тепкілей бастады. Дәрменсіз әкем бәрін көріп тұрып, қашып кетті. Ішімде кек қайнап жатты... «Әкем сияқты болмаймын» дедім. Бірде базардан ет сатып алсам, ішінде құрт бар екен. Лақтырып тастауға қимадым. Себебі аш едік. Бұзылған етті жиі жейтінбіз».

Қыркүйектің бір кешінде Ричард отбасымен теледидар қарап отырады. Кенет теннис турнирі өтіп, чемпион қызға қомақты қаржы беріп жатқанын көреді. «Менің қызым чемпион болады. Бір емес, екі қызым!» – деп айғайлап жібереді. Әлі өмірге келмеген екі қызының болашағын оңай шешіп тастайды.

Ричард күзет компаниясының жетекшісі еді. Жас кезінде баскетбол, футболды жақсы ойнаған екен. Енді бос уақытында теннис ойнайды. Алдымен мықты ракетка сатып алады. Кітап бойынша теннис ойнауға кіріседі. Уоттс саябағында аз ақшаға тренер жалдап, теннис үйренеді. Білгенін әйелі Орасинге айтып келетін. Көп ұзамай қыздары өмірге келеді. Әкесі Комптон қаласына көшуді қалайды. Алайда әйелі қыздарын ойлап, қалаға көшкісі келмейді. Өйткені қалада бұзақылар көп болатын. «Олар өздерін қорғауды үйренеді. Бұзақыларға сес көрсетсе, ертең мыңдаған халықтың алдында қорықпай өнерін көрсететін болады», – деп әкесі қарсы шығады. Ричардты бұзақылар жиі таяққа шығатын. Қыздары үшін бәріне төзе білді.

ЖАТТЫҒУ ТАҢҒЫ АЛТЫДА

Винус сіңлісі Серенаны теннис кортына арбаға салып әкеледі екен. Серена үш жасында ракетка ұстап, қақпа алдына тұрыпты. Алты жастан бастап күнде дайындалған. Ата-анасы қыздарының тек спортпен шұғылданғанын қаламаған. Екі қыз мектепті үздік бітірген. Жаттығу таңғы 6-да басталып, сабақтан кейін және демалыс күндері жалғасқан. Таң атпай Ричард отбасын ескі көлігіне мінгізіп, дайындыққа асығатын. Әкесі бар көңілін Винусқа аударса, Серенаны анасы жаттықтырады.

«Дұрыс құрылмаған жоспар сәтсіздіктің кепілі». «Винус, болашағың өзіңе байланысты!». «Серена, сен тыңдауды үйрен!». Әкесі жаттығу кезінде осындай қанатты сөзбен қамшылап отырған. Серена балалық шағын былай деп еске алады: «Үйіміз кішкентай болатын. Біздің бөлмемізде екі төсек. Жаттығудан кеш келіп, екі төсектің біріне құлай кетемін. «Неге менің жеке төсегім жоқ?» деп ойлап көрмеппін. Керісінше, бір бөлме өзімдікі деп есептейтінмін.

Бірде әкеммен былай әңгімелестік.

– Әке, өскенде барлығы менің үйіме келгісі келетін болады.

– О, сен аудандағы ең мықты бикеш боласың ба?
– Жоқ, аудандағы ең мықты адам боламын. Анау үйде теннис корты бар екен. Сол үй менікі.

– Үйлердің кез келгенін ала аласың. Беверли хиллз, Голливуд хиллз, қалағаныңды аласың. Себебі сенде жоспар бар және оны орындау керек. Ал теннисші болғанда кімге ұқсағың келеді?

– Адамдардың маған ұқсауға таласатындай мықты болғым келеді...

– Бірінші болу керемет, бірақ болашақ ұрпақ үшін күрес одан да керемет. Бұл өмір бойы еңбек етіп келген сәт. Жинақы бол, қорықпа. Позицияны аш. Иә, солай! Жарысқа шыққанда қарапайым бол, әйтпесе мақсатыңа жетпейсің!

Біз осылай армандайтын едік. Әкем әрқашан қоғамға пайда әкелу керек дейтін».

ЖАСӨСПІРІМДЕР ТУРНИРІНЕ ҚАТЫСПАҒАН

Уильямстар үйде сирек болатын. Көп уақыты теннис кортында өтетін. Телефон, теледидарға тыйым салынған. Флоридаға келген соң жаттығуды күшейтеді. «Ойнауды үйренгенім есімде жоқ. Қолымнан бәрі келетініне сендім», – дейді қыздар. Әкесі қыздарының мүмкіндігін білсе де, жасөспірімдер арасындағы турнирге қатыстырмайды. Өйткені теннис, турнир балалық шақты бұзады. «Теннисөмір» деген қате түсінік қалыптасады деп ойлайды. Абзал әке сызықтың артында әлем барын үйреткісі келеді. 1997 жылы Винус US Open турнирінде финалға шығады. Ең мықты Хингистен жеңіліп қалады. Ал әлемнің 304-ші ракеткасы, әкесінің басты үміті 16 жастағы Серена Моника Селес пен Мари Пирсті ұтып кетеді. Сөйтіп рейтингі ең төмен теннисші бір турнирде әлемнің ең мықты он теннисшінің екеуін жеңеді. 1999 жылы апалы-сіңлілі Уильямстардың дәуірі басталады. 11 жылда екі маусымды ғана жеңіліспен аяқтайды. Винус: «Уимблдон – 2000» жеңуден басқа амалым болмады. Көп жаттықтым және атаққа лайық екенімді білдім».

«СЕРЕНА, СЕН ҚҰЙЫНСЫҢ!»

Серена сегіз айға жуық ойынға шықпады. Оның себебі көп еді. Сол жақ тізесіне ота жасатады. Үлкен әпкесі Йетунде оқуын жалғастыру үшін Калифорнияда қалған еді. Ата-анасы қыздарды алып, Флоридаға кетеді. Йетунде медбике болып жұмыс істейді. Кейін сән салонын ашып, үш баланы өмірге әкеледі. Өкініштісі, қарақшылардың қолынан қаза табады. Қыздар Йетунденің атынан қайырымдылық қор ашады. Көмек сұраған ана мен балаға үй мен жұмыс береді.

Серенаға әпкесінің жағдайы ауыр тиеді. Корттан ұзап, сериалға түсіп, сән көрсетіліміне қатысады. Десе де, тенниске қайта оралады. Қарсыласы Хенин мысқылмен: «Ұзақ уақыт ойнамады. Оның жеңіске жетуі мүмкін емес деп», – сұқбат береді. Ол қателесті. Серена қайтып келгеннен кейін Маямидегі алғашқы турнирін жеңіп алды. Бірақ 17 жастағы ресейлік Шараповадан жеңіліп, алғаш рет үздік ондықтан тыс қалды. 2005 жылы Австралияның ашық чемпионатында жеңіске жетіп, рейтингте екінші орынға көтеріледі. Шараповаға қарсы үш матч ойнап, есесін қайтарды.

«Уимблдон – 2007» турнирінде ғажайып оқиға орын алды. Аяғы сынып, дәл кортқа құлап түсті. Он минут көмек көрсетілді. Көзіне жас алған Серена қолына ракетканы қайта алды. Ойын тоқтатса, жеңіс те бірге кетпек. Ойын басталғаннан кейін ешкім күтпеген жаңбыр жауады. Кездесу екі сағатқа тоқтатылып, Серена күш жинап алады. 6:2 есебімен жанқиярлықпен жеңіске жетеді. Зал толы халық: «Серена құйын!» – деп шулап кетеді...

«АДАМДАР МАҒАН ҰҚСАҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

Уимблдон – әлемдегі басты турнир. Оны жеңу – ерекше мәртебе, бөлек жетістік. Спортшыларға жеңіс емес, қатысудың өзі арман. Қыздардың шытырман ойынын жүрегі әлсіз адамдар көре алмайды. Олардың жақсы көретіні – жеңіс. Қалай десек те, оларға тек келетін ешкім жоқ.

Винус сабырлы әрі сымбатты. Ең бастысы, теннистегі табысқа тәуелді емес. Демалыс күні театрға барады. Вашингтондағы Ұлттық баспасөз клубында табыс психологиясы туралы кітабын ұсынады. Калифорниядағы дизайнерлік компаниясымен интерьерді безендіреді. Содан болар, ол әлі күнге дейін теннистен жалықпаған.

«Құйын Серенаның» теннистен тыс өмірі де түрлі оқиғаға толы. 2009 жылы Австралияның ашық чемпионатындағы үшінші жеңісінен кейін рейтингтің бірінші сатысына қайта оралды. Ол онжылдықтың басты теннисшісі және тарихтағы басты ойыншылардың бірі. Теннисші Пэм Шрайвер: «Отбасында жалғыз бірінші ракетка болу өте қиын. Ал бір ұрпақтан екі адамның шығуы қиялға сыймайды. Олар ерекше болудан қорыққан жоқ, өздеріне сенді. Спорт үшін жасағандары керемет».

Винус Уимблдон турнирінің бес дүркін жеңімпазы және АҚШ-тың жеке разрядтағы ашық чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, төрт дүркін Олимпиада чемпионы. Серенаның еншісінде «Үлкен дулыға» және WTA турнирлерінде 90-нан астам жеңіс бар. Әлемнің нөмірі бірінші теннисшісі... Қарапайым күзетшінің қыздары жеңіске қалай жетті? Әкесі армандауды, алға мақсат қойып, оған жетуді, күресуді үйретті. «Сен мықтысың!» деген сенімді ұялатты. Оған өзі де, қыздары да сенді.

«Патша Ричардты» көріп отырып, ойға кеттім. Біз баланы спортқа уақыты босқа өтпесін деп жібереміз. Бірге ойнап, бірге өсуді ойламаймыз. Біреуден таяқ жемей, өзін қорғаса болды дейміз... Патша Ричард секілді батыл қадамға барып, қыздарына қамқор болатын әкелер бар ма екен?!

 

"Ұлан" газеті

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз