Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қаңтар, 2022

Рух жыршысы

Сонау тоқсаныншы жылдың басында алпауыт империя ыдырап, «Тәуелсіздік алдық!» деп бөркін аспанға атып алақайлап жатқан қаймана жұрттың, алда әлі тоқсан түрлі тосқауыл тұрғанын ойлауға мұршасы да болмаған шығар. Егемендік шекараны ­шегендеп, мал-жанымызды түгелдеп қол қусырып отыру емес екен. 
Қойны-қонышы кенге толы, керегесі кең байтақ Қазақстанға алыстағы ақшалы бақуат елдерден инвесторлар ағыла бастады. Олармен бірге ере келген сан алуан сектанттар да қазақы наным-сенімімізді жаулап, іштен ірітіп-шірітуге белсене кірісті. 
Тәуелсіздіктің алтын діңгегі – тіл, діл, дінімізге қауіп төнді. Дәл сол кезеңде қазақтың көзіқарақты оқыған зиялы қауымы басына да сын болар шақ келген. Өртеңге шыққан сүйріктей отаршыл пиғылдағы орыс тілді баспасөз қаптады. Ресей басылымдарына да даңғыл жол ашылды. Саналы қазақ басында «Ұлт болып қала аламыз ба?» деген үрейлі сұрақ тұрды.

Көптеген атақты ақын-жазушыла­рымыздың дені осы идеологиялық майданға қосылуға мәжбүр болды. Жауынгер жанр-публицистика басына ауыр сынақ түсті. Дәл осы кезең туралы тілші сауалына ақын Аманхан Әлімұлы өте нақты жауап беріпті: «1935 жылы Черчилль Андре Моруаға былай деген: – Сіз көркем дүниеңізді қоя тұрыңыз, фашизм бой көтеріп келе жатыр, мақалалар жазып халыққа түсіндіріңіз», – деп өтінген. Сонда ­Маруа: «Мен суреткермін, жазушымын, бұған араласпаймын» депті. 1938 жылы фашизм бүкіл Еуропаны жаулап алған кезде ­Моруа бармағын тістеген. «Мен, шынында да, беделді едім, халыққа сөзім өтетін еді, неге мақала жазбадым» деп қатты күйінген. Мен сол сияқтымын. Мен мақала жазамын».

Аманхан осы ойын жиі қайта­лайтын. Сол кезде өз ортасынан суырылып шығып, «Ана тілі» апталығында ұлт намысын қайрап, алмас қылыштай жарқылдаған Марат Қабанбайды қалың елі іздеп жүріп оқыды. Аманхан Марат Қабанбайдың ұлтшылдығын үнемі құрметтеп айтып отыратын.

Біреуді мойындауға келгенде сараңдау Аманхан Марат Қабанбай қайтыс болғанда «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген мақала жариялады. («Қазақ әдебиеті», ­19 ­мамыр 2000 жыл). Сонда ол: «Енді талантты жазушы-публицист Марат Қабанбайдың азаматтық тұлғасын ашу үшін оның көзі тірісіндегі шығармалары мен артында қалған қолжазбаларына назар аударғанымыз жөн» деп қорытқан ойын.

Аманханның өзі де Марат ағасы сияқты шындықты шыжғыртып айтудан сескенген жоқ. Екі мыңыншы жылдардың басында «Заң» газетінде табыстық. Бір-бірімізді сырттай білетін екеуміз тез тіл табысып кеттік. Ол да ешкімді жатырқамайтын салдырлаған ақкөңіл жан еді ғой. Мен сол басылымда бас редактордың орынбасары едім. Оның өткір мақалаларының дені біздің газетте жарияланған.

«Ей, қазақтар, менің еңбегімді бағалап ағаштан жасасаңдар да бір орден тақпайсыңдар ма?» деп аракідік базынасын айтып қоятын. Соған мән бермеппіз.

Бәлкім, оның «ұлтшыл, шовинист» деген «әйгілі» атағы да кедергі болған шығар. Әйтеуір, алпыс жасында «Құрмет» орденін алып үлгергені де көңілге медеу.

«Аманханды қазаққа танытқан кез сөзі еді» десек, дауласатындар да табылар. Біздің пайымымызша, солай. Ол қазақтың ұлттық құндылықтарын ашық күстаналауға көшкен орыс тілді басылымдармен шайқаста алдыңғы шепте жүрді...

«Рухани террорға тосқауыл қоймай, ұлт болып қалыптасу мүмкін емес» ­деген мақаласы былай басталады: ­«Заман озып, заң тозады. Қалатын – уақыт пен кеңістік. Осы бір тел ұғымның аждаһа лебінен аман қалу кез келген ұлт пен ұлыстың пешенесіне жазыла бермеген. Ол оның рухы мен тіліне сын». «Заман-Қазақстан» (29 қараша, 1996 жыл) еларалық газетінде жарық көрген бұл мақала әлі күнге дейін құнын жойған жоқ. Ғылыми трактат дерлік, салиқалы зерттеу. Тоқсаныншы жылдардағы рухани майданның тыныс-тіршілігін сезіну үшін, оның сол тұстағы мақалаларының тақырыптарын түгелдеп шықсақ та жетеді.

«Караван» синдромы қашан тыйылады?», «Рухани ­иммунитет», «Ұлтымыз интеллигенциядан не күтеді?», «Қазаққа патриотизм ­керек пе?»,  «Мәскеу Мекке емес, Путин пайғамбар емес», «Ең мықты ұлт қандай болуы тиіс?», «Еуразия ­идеясы мен Еуразия одағы – екі басқа түсінік», «Қазақстанды космополитизм елесі кезіп жүр» т.б. Тізе берсек, бір дәптерді толтыруымыз мүмкін. Оның Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов туралы ащы сындарының да алғашқы оқырманы болғанмын. «Ертең көрісетін ағайынға артық сөйлеме» деп қоямын баяғы. «Баспайтын болсаңдар, айтыңдар, «Жас Алашқа» апарамын» деп мөңкитіні де бар еді. Бір қызығы, сол мақалалар шыққан соң, сол екі ағасына барып кешірім сұрап қайтқанын бізге келіп «ұялмай» айтып отыратын. Осы шыншылдығымен өзіне жау тауып алып, шала бүлініп, бұрқылдап жүруші еді.

...Ол да өз қатарластары сияқты, тағдырдың теперішін аз тартқан жоқ. Бес-алты жыл қатынап, армандаған оқу орнына түсе алмады. Бала-шағасын арқалап, «жетім бұрышты» сағалады. Ұзатылғалы тұрған қызы көлік апатынан қайтыс болғанда көп болып қайғысын бірге көтердік. Қаза оған оңай соқпады. «Сыртқа жүнін қомпайтып» жүрген көкжал жігіттің ішкі алай-дүлей көңілін айтпай-ақ түсінетінбіз.

«Менің бақытым, қазақтың кешегі абыз­дарының алдын көріп қалға­ным» деп отыратын. Дұрысы, ­солай. Оның өлеңдегі жолын ашқан Қуандық Шаңғытбаев пен Сағи ­Жиенбаев екен. Үнемі сондай ағаларының жақсылықтарын аузынан тастамай, айтып жүретін. Екі мыңыншы жылы болса керек, 28 панфиловшылар бағындағы мейрамханада Қуандық ағаны еске алу кеші өтті. Екеуміз бірге бардық. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары мен сол кездегі мәжіліс депутаты, ғалым Амангелді Айталы да келіпті. Бибігүл Төлегенованы да сонда көрдік. Кешті ақын Есенғали Раушанов жүргізді. Осы арада қоса кетейік, Аманхан мен Есенғалидың достығына таңғалатынмын. Бірін-бірі қолдап, қолпаштап жүретін. Мінез-құлқы бір-біріне қарама-қайшы адамды табыстырып, біріктіріп қойған, шыншылдық деген қасиет шығар. Сонымен, біз Шөмішбай Сариев ағамызбен қатар отырдық. Шөмекеңнің қызықты әңгімесіне беріліп, қасымдағы Аманханның кетіп қалғанын байқамаппын. Бір қарасам, қолында микрафон, тойды басқару тізгінін иеленіп алыпты. Қуан ағасы туралы толғана сөйлеп, жыр да оқыды. Әбес санаған ешкім жоқ.

Оның алпыс жылдығына орай, Жазушылар одағында жыр кеші өткізілді. Менің «жарнама жағына салдыр салақтау ақын залды толтыра алар ма екен?» деген де қаупім болған. Жұртты қызықтыратын әнші-биші де шақырылмаған. Әнге арнап өлең де жазбапты. Барсақ, зал лық толы. Академиктен бастап, студенттер де отыр. Сол кездегі Одақ төрағасы Нұрлан ­Оразалин кешті ашып берді.

– Поэзия кешінде залды толтыру мақсат емес. Мен әнші емеспін. Өлеңді түсінетін он адам келсе де үлкен қуаныш, – деген еді желпіне сөйлейтін әдетімен.

Ұстаздарын атасындай сыйлаған Аманханның шәкірттері де аз емес еді. Жастардың ортасында өлең оқып, серпіліп, қанаттанып шығатын. Баспасөзде жылт еткен жақсы дүние көрсе, авторын іздеп құттықтағысы кеп тұратын. Оның аңғалдығы, қожанасырлығы туралы әпсаналар ел аузында жүр. Қожалығы ұстап бізге, хадистен де әңгіме соғатын. Бір атақты ағамыздың ұлы қайтыс болып, көңіл айтуға Елеусіз Мұратұлы үшеуіміз бардық. «Дұға оқиды» деп сенген Аманханымыз «Білмеймін» деп қарап тұр. Әйтеуір, бұл қиындықтан Елекең құтқарды. Оның қызықтары көп қой. Асығып-аптығып жүріп, бір інісінің пальтосын киіп кетіп күлкіге қарық қылғаны да бар.

Бар қазақты қайын санап, еркелеп тұратыны қызық еді. Жөнсіздеу бір інімізді көрсе: «Әй, қазақтар, сондайсыңдар ғой» деп күпсініп қоятын. Өкпелеп қалса, «Сауд Арабиясына кетіп қаламын» деп «қор­қытатын». Меккеге де барды, қалып қойған жоқ. Қазақ дейтін қызық халықпен біте қайнасып кеткен «мәңгүрт бәдәуйді» араптар қайтсін.

Өзі де әзілдің адамы еді ғой. Мақтаншақтығы да бар. Бейтаныс ортада мақтауын асырып жатсақ, «өзімдей боп ешкім мақтай алмайды» деп, өзін дәріптеп кететін. Мақтануға тұрарлық қызметі бар, әрине. «Ұлт патриоты» деген медалі де бар болды. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. Артында мол рухани мұралары қалды. Оның шығармашылығын зерттеушілер де шығып жатыр.

Ол мына әбжылан індеттің алғашқы легінде ойда-жоқта жүрек дертінен дүниеден өтті. Есенғали досы бастаған азған­тай топ жер қойнауына тапсырды. Оның жоқтаушылары көп еді ғой, көп...

Қалбай ӘДІЛ,

журналист

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз