Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 16 Наурыз, 2022

Үміт ұялататын жолдау

Мемлекет басшысының кезекті жолдауы... Кезекті болғанымен, бұл жолдаудың орны ерекше. Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін үміт пен күдік араласқан кезеңде бұл жолдау тоннель артында шам бар екенін көрсетті. Күрделі геосаяси жағдай мен ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, саяси реформалар болады. Оның кепілі – Мемлекет басшысы. Жолдаудың негізгі сарыны – осы.

      Мемлекет басшысы билік тармақтарының арақатынасына жете тоқтала келіп, мұндағы жүйелік кемшіліктерді еңсерудің жолдарын ұсынып қана қойған жоқ, бұл реформалардың негізгі мақсаттарын айқындап, себеп-салдарына тоқталды. Мемлекет азаматтардан құралатынын және азаматтың саяси белсенділігін арттыру, қоғамдық диалогты жаңа межеге көтеру тек қана азаматтық қоғам мен демократиялық қағидалардың арқасында орын алуы мүмкін екеніне тоқталып өтті. Ең жоғары өкілетті орган болып табылатын Парламент палаталары депутаттарының саны қысқарып, сапасы артады. Депутаттарды тек партиялық тізім бойынша емес, сонымен қатар тікелей сайлау мүмкіндігі халық пен өкілді орган арасындағы байланысты нығайта түседі. Депутаттардың қайтарымдылық қағидаларының енгізілуі депутат қызметін бағалаудағы маңызды тетік болмақ. Мәжіліс құзыретінің нығаюы  заң шығарушы биліктің рөлін қайта қарауға серпін береді. Бұл логиканың артында Қазақстандағы саяси партиялардың рөлін нығайту, олар үшін қойылатын талаптар санын шектеу арқылы азаматтық белсенділікті саяси мәдениеттілік арнасына түсіру міндеті тұр.

         Әкімдердің сайланбалылығы, олардың халық алдындағы жауапкершілігінің артуы Мемлекет басшысының маңызды басымдықтарының бірі ретінде көрініс тапқаны аңғарылады. Аудан әкімдерінің сайланбалығы, ауыл әкімдерінің құқықтық және қаржылық мәртебесінің артуы – жергілікті билік дербестігінің кепілі.

     Саяси реформалардың тетігі Қазақ елінің терең тарихымен тығыз байланыста өрбиді. Заманауи мемлекет құру идеясы Қазақстанның рухани құндылықтарымен және мемлекеттілік кезеңдерін саралаумен қатар жүруі тиіс. Бұған дәлел – жаңа облыстардың пайда болуы. Президент ұсынған әр облыс орталығының қазақ тарихында ойып алар орны ерекше. Түркістанның облыс орталығына айналу тәжірибесіне тоқталған Президент бұл тәжірибенің оңтайлы тұстарына тоқтала келіп, рухани астанадан кейінгі кезекті Қазақ мемлекеттігінің әртүрлі кезеңдеріне куә болған аймақтарға ойыстырудың маңыздылығына тоқталды. Ұлытау – Қазақ хандығының ордасы, Қазақ хандығының алтын бесігі, Абай облысының орталығы Семей қаласы – Алашорданың астанасы. Бұл да заманауи мемлекеттігіміздің діңгегі. Ал Жетісу – Қазақ хандығы алғаш ту көтерген өңір. Кеңестік Қазақстан кезеңін Дінмұхамед Қонаевсыз елестету қиын шығар. Демек, кеңестік дәуірді де мемлекеттіктің бір кезеңі деп қарастыру керек. Қапшағай қаласына Қонаев атының берілуі – ақсақалға тағзым ғана емес, жақсы дәстүр қалыптастыру.

      Ал қоғам мен мемлекет үшін ең маңызды реформалардың бірі – Конституциялық соттың қалпына келуі. Мәселе атаудың өзгеруінде емес. Мәселе – сот мәртебесінің өзгеруінде. Сондықтан тәуелсіз сот билігі ғана тиімді құқық пайдалану саясатының қайнар көзі бола алады.

      Аймақтағы күрделі геосаяси жағдай да, экономикалық мәселелер де тек мемлекеттік мүдде мен ел тәуелсіздігін басшылыққа ала отырып шешілуі тиіс.

      Соңғы жылдары ғаламда, аймақта, елімізде түрлі жағдайлар орын алды. Бұл – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынды өткере алған, өткеріп қана қоймай, бұл сындардан күшейіп шыққан мемлекеттің ғана ертеңі бар. Бүгінгі жолдау – қазіргі тұрақсыздық кезеңіндегі ертеңге деген үміт ұялататын жолдау.

Шыңғыс Ергөбек,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

 философия және саясаттану

 факультетінің доценті

577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз