Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 13 Мамыр, 2022

Қазақстанда 16,3 мың жаңа жұмыс орны құрылады - вице-премьер

Қарағандыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өтті.

Оған орталық мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

- Бағдарлама ең алдымен халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 126 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 713 жоба іске асырылатын болады. 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеулері құрылады, бұл кәсіпкерлік субъектілерінің кірістерін арттыруға, тауарларды кепілді өткізуге, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, - деді Ералы Тоғжанов.

Отырыс барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев әрбір бағыт бойынша толығырақ баяндады.

Оның айтуынша, жыл басынан бері бірқатар ірі компания мен өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын орта есеппен 20% - ға арттырды.

2022 жылы республикада 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жұмыспен қамту көрсеткішінің ең көп өсімі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болады деп күтілуде.

Ауылдық жерлерде 2025 жылға дейін 52,4 мың, моноқалаларда 11,1 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Мысалы, Саран қаласында бағдарлама шеңберінде алты жобаны іске қосу есебінен шамамен 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Моноқалада автобустар мен жүк көліктері, шиналар өндіруден басқа, инвесторлар тұрмыстық техника шығаруға ниетті.

Болжам бойынша, елімізде металлург, технолог, химик, оператор, машинист және т. б. мамандықтар бойынша 75 мыңнан астам жаңа және жоғары білікті жұмыс орындары пайда болады.

Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеу өнеркәсібінің жобаларын жеңілдікті шарттармен: ШОБ үшін - 10 жылға дейінгі мерзімге 3% мөлшерлеме бойынша; кәсіпорындардың барлық түрлері үшін - 20 жылға дейінгі мерзімге 7% мөлшерлеме бойынша қаржыландыратын болады.

Кеңесте сондай-ақ өңірлік кірістерді арттыру бағдарламалары да сөз болды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, ірі компаниялардың айналасында 637 шағын және орта бизнес кәсіпорындарының белдеуі құрылған. Өңірде 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, әлеуметтік кәсіпкерлік дамуда. Бизнесті қолдаудың аймақтық бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Жаңа кәсіптер атласы әзірленуде, бұл кадрлар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов бірқатар тапсырмалар берді. Әрбір ірі кәсіпорынның өңір халқының табысын арттыруға әсерін бағалау индикаторларын айқындау қажет. Жоғары қайта өңделген тауарлар өндіретін және импортты алмастыруды қамтамасыз ететін кәсіпорындар үшін ынталандырулар енгізілетін болады. Өз кезегінде, мемлекеттік қолдауға жауап ретінде кәсіпорындар қарсы міндеттемелер алуы тиіс.

Вице-Премьер бағдарламаны іске асыру тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Жобалық кеңсе аясында мониторинг ай сайын жүргізіледі.

136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *