Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Референдум-2022
  • 27 Мамыр, 2022

Мемлекеттік хатшы СҚО тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ерлан Қарин алдымен облыс активімен кездесті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы жайында баяндады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтты.

Сондай-ақ жүзеге асырылатын реформа халықтың елді басқару ісіне араласуын арттыруға және саяси процестерді демократияландыру ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Ерлан Қарин атап өткендей, осы себепті конституциялық реформа жалпы қоғамның қолдауына ие. Оны соңғы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отыр.

Мемлекеттік хатшы мұнан кейін өңірдегі Қоғамдық кеңестердің мүшелерімен кездесті.

Кездесуге қатысушылар қоғам мен билік институттары арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамыту тұрғысында ой бөлісті.

Ерлан Қарин Конституцияға түзетулер енгізуді әзірлеу жұмысына елімізге белгілі сарапшылар мен қоғам өкілдері тартылғанынан хабардар етті. Сондықтан алдағы конституциялық реформаны қоғамның ұсынысына негізделіп жасалды деуге болады.

Жұмыс сапарының барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы өңірдегі жастар ұйымдарының белсенділерімен де жүздесті. Онда жас ұрпақтың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын арттыру және жастарға қатысты жобаларды қолдау мәселелері қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Е. Қарин жастардың референдум мен саяси реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Облыс жұртшылығы елімізде атқарылып жатқан саяси жаңғыру үдерістерін жіті бақылап отырғанын айтып, қолға алынған реформаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

 

617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз