Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 31 Мамыр, 2022

Мақсатқа не жеткізбейді?

«Мұрат, мақсат» жайлы көп естігенбіз. Өзіміз де жиі айтамыз. Әйтеуір мақсатсыз адам жоқ, тек оған жетудің жолын көбі білмейді десем, ол үшін қабілет керек, әркімде қабілет әрқалай дейтіндер де табылар. Бұған мен де келісемін. Әйтседе, неге мектепте оқу озаты атанып, мұғалімдер келешегінен көп үміт күткен талай «білгішбектер» өмірден өз орнын таппай, сандалып жүр? Оларда қабілет жоқ деуге аузым бармайды. Ендеше неліктен мақсат жеткізбейді?

Байқаған адамға, мақсатқа жеткендердің өмір жолы ұқсас та, мақсатқа жете алмағандардың соқпағы сан қилы. Әлқисса...

Бір жолы Әзірет Әлі мешітке қашыр мініп келеді. «Қашырды қай жерге қалдырсам екен?» деген оймен төңірекке көз салғанда көлеңкеде отырған бір мүсәпірді байқайды. Дереу жақын барып:

– Қашырым қашып кетіп жүрер немесе еріккен біреулер мініп кетіп жүрер, сізге тапсырайын, - деп әлгі мүсіпірдің қолына жүгенін ұстатады. Мүсәпір үнсіз келіскен сыңай танытып, жүгенді ұстап қала береді.

Әзірет Әлі алаңсыз намазын оқып болып, дұға жасай бастағанда әлгі мүсәпірді есіне алады. «Қалтамдағы екі дирхамды осы кісіге берейін, бір мұқтажына жаратсын» деген ойға іштей бекініп, мешіттен шығады. Қашырын қалдырған жерге келсе, мүсәпір  жоқ, жүгенсіз жануар ғана тұр. Жүгенді кім алғанын іштей сезсе де, күдікке бой алдырмайды. Тек мүсәпірдің бұл келгенше күтпегеніне қынжылғандай болады.  «Әттеген-ай...» деген Әзірет Әлі бір амалдап үйіне жетіп алады.

Келе жақын бір көршісін базарға жұмсайды. «Жүген сатып әкел», - деп оған қалтасындағы екі дирхамды ұсынады. Көрші жүгіріп барып базардан жүген алып келеді. Оны қолына алған Әзірет Әлі өзінің жоғалтқан жүгенін тани кетеді. 

– Мынаны қайдан алдың? - деп сұрайды көршісінен.

– Базарда бір мүсәпір сатып отыр екен, екі дирхамға берді, - дейді ол.

Сонда Әзірет Әлі жүгенді сатқан сол мүсәпір екенін түсінеді де:

– Адамдар сабырсыздығы салдарынан өзіне келе жатқан адал несібені арамға айналдырып жібереді, - деген екен.

Расында, ризық-несібе Алладан. Оған қалай қол жеткізу біздің қалауымызға, іс-әрекетімізге байланысты. Әлгі мүсәпір тағы бес минут күткенде екі дирхамды алар еді. Бұл өзі үшін адал ризық болар еді. Ұрлық жасап, оны базарға апарып сатқанда да алғаны сол екі дирхам, бірақ енді адал емес еді... 

Кейде мен адамдарды мақсатқа жеткізбейтін де осындай сабырсыздығы мен мақсатқа адал еместігі ме екен деп ойлап қаламын.


Қонақбай Қожа-Нияздың Facebook парақшасынан

2239 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз