Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 05 Қазан, 2022

Қызылордалық студент цитрустық жеміс ағаштарын өсіруді қолға алды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жансая Мирамбекқызы цитрустық жеміс ағаштары мен құлпынай өсіруді қолға алды.

Студент «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба ұсынып, жеңімпаз атанды.

Ол Қызылордада цитрустық жемістерді патенттеп, жерсіндіруді бастаған алғашқы кәсіпкерлер қатарында. Осыған дейін өз тәжірибесінде лимонды жерсіндіру мақсатында эксперимент жасап көрген.

–                     Ең алдымен жылыжайда құлпынай өсіріп көрдік. Жаңа жеміс түрін егіп көрудегі алғашқы мақсат – жерсіндіру. Оны зерттеп, қала ішінде егіп көрдік те, өсетініне көз жеткіздік. Жылыжайда қажетті технологияны сақтай отырып, әртүрлі өнімдерді өсіріп көруге болады. Температу­расын, ылғалдылығын бақылап, қажетті дәрумендер мен қорегін уақытылы өз мөлшерімен беріп, заңдылықтарын сақтаса, нәтиже беруі мүмкін. Әрине, бұрын егілмеген жаңа жеміс түрлерін еккенде, Қызылорда облысының топырағы бойынша тәжірибе болмағандықтан түрлі қиындық кездесті. Алайда қиындықтың бәрі – тәжірибе, білім. Бүгінгі күні жылыжайда лимон түйнек салып тұр.

Екі жемісті қатар егуді жөн көруіміздің өзіндік себебі бар. Лимон ағашы алғашқы 2 жылында өнім бермейді, бірден түйнектемейді. Оларды күту керек. Осы орайда маған жетекшілік жасаған университеттегі ғалымдардың еңбегі зор. Цитрустық жемістер ылғалсүйгіш боп келеді, шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан уақытты босқа жіберіп алмау үшін қосымша құлпынай егуді жоспарладық. Құлпынай еккеннен соң 1 айда-ақ жеміс береді. Бұйырса, лимонның алғашқы өнімін жинағанға дейін жергілікті жерге құлпынай сатып, кәсіп бастаймыз, – деді студент.

Жансая Мирамбекқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Биология» мамандығының 4-курс студенті, «Президенттік стипендия» иегері. Жас кәсіпкер конкурсқа «Қызылорда өңірінде жылыжайда цитрустық жеміс ағаштарын және құлпынай өсіру» тақырыбындағы жобасын ұсынып, 5 миллион теңгеге дейінгі қаржылай қолдау тапты. Алдағы уақытта Жансая цитрустық жеміс ағаштары мен құлпынай көшеттерін өсіріп, жылыжай жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қайтарымсыз грант конкурсына Қызылорда облысы бойынша 700 үміткер қатысып, оның 25-і жеңімпаз атанды. Жансаяның ата-анасы да аталмыш университеттің жылыжайында жұмыс істеген агрономдар. Бүгінде бұл жоба отбасылық кәсіптің жалғасы болмақ.

Дереккөз және фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

 

 

747 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз