Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 19 Қазан, 2022

ҚазҰУ-да көрнекті ғалым-философ Ғабитов Тұрсын Хафизұлының 75 жылдығына арналған конференция өтеді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 25 қарашада «Түркі әлеміндегі қазақ мәдениеті мен философиясы» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл конференция  көрнекті ғалым-философ, философия ғылымының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының 75 жылдығына арналып отыр. 

Конференция Түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі, Ұлттық сана мен бірегейлікті негіздеудегі қазақ философиясының рөлі, Қазақ мәдениеті мен Қазақстандағы мәдениеттанудың өзекті мәселелері, Түркітанулық және қазақтанулық зерттеулер: мәдени-антропологиялық мәселелері бағыттарын қамтиды.

Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,  философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасы, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, әл-Фараби орталығы, Қазақтану орталығы, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстандық философиялық конгресс бірлесіп өткізеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, ҚР ӘҒА академигі, мәдениеттану профессоры, Қазақстан Философиялық Конгресінің вице-президенті Тұрсын Хафизұлы Ғабитов 1947 жылы 20 қарашада Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Көкпекті ауданы, Биғаш ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.

Ғабитов Тұрсын Хафизұлының ғылыми-педагогикалық қызметі, ассистенттен (1971 ж.) профессорға дейінгі ұстаздық жолы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Тұрсын Хафизұлы 1971 жылы ҚазҰУ-дың философия-экономика факультетін үздік бітіріп, кандидаттық (1977 ж.), докторлық диссертацияларын ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесінде (1997 ж.) қорғады. Кеңес үкіметі тұсында Ауғанстан Республикасына арнайы іс-сапармен жіберіліп, 1986-1988 жылдар аралығында Кабул университетінің кеңесшісі қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикадағы тұңғыш мәдениеттану кафедрасының ашылуына ұйтқы болып, 1991-1995 жылдар аралығында аталған кафедраға жетекшілік етіп, отандық мәдениеттану ғылымының қалыптасуына негіз қалады.

Тұрсын Хафизұлы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007 ж.), Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан көрнекті үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының «Үздік автор» байқауының, «Қазақстан ғалымдары одағының» республиканың ғылым, техника және білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін байқауының лауреаты. Тұрсын Ғабитовтың «Мәдениеттану» оқулығы 2001 жылы өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің байқауында «Қазақстан он жылдығының үздік кітабы», 2006 жылы «Ұлы Жібек жолы» халықаралық кітап жәрмеңкесінің лауреаты атанды. ҚР жоғарғы оқу орындары қауымдастығының шешімімен автордың оқулықтары Қазақстанның ең танымал оқулықтарының қатарына енген.

Тұрсын Ғабитовтың есімі қазақстандық мәдениеттанушылар мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде шетелде де танымал. Ғалым көптеген халықаралық конгрестердің, симпозиумдардың, конференциялардың жұмысына белсене қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. «Ислам және философия» халықаралық симпозиумы (Тегеран, 2001 ж. ‒ «Қазақ философиясы және ислам».); – Тегеран және Хамадан фестивалі (Тегеран, 2009 ж. ‒ «Ибн Сина»); // «Түркі әлемі. Иканос-38». – (Анкара, 2007 ж. ‒ «Түркі мәдениетінің бірегейлігі»); Түркітілдес мемлекеттер әлеуметтанушыларының II Халықаралық конгресі. ‒ (Ыстамбұл-Алматы, 2008 ж ‒ «Вестернизация және түркі мәдениеті»); «Ататүрік және түркі мемлекеттілігі» халықаралық симпозиумы (Анкара, 2007 ж. ‒ «Ататүріктің түркі мәдениетіндегі рөлі»); І Халықаралық мәдениеттанушылар форумы (Баку, 2008 ж. ‒ «Қазақтардың ұлттық идеясы және мәдениеттер диалогы»); Философтардың II Азия конгресі (Стамбул-Алматы, 2008 ж. ‒ «Ұлы Жібек жолы ‒ мәдениет феномені») және т.б. халықаралық жиындардағы баяндамалары мұның жарқын мысалы бола алады.

Ғалым 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 80-нен астам жеке және ұжымдық монографиялардың, көптеген оқулықтар мен оқу құралдарының, энциклопедиялардың, сөздіктердің, жалпы саны 600-ден асатын жарияланымдардың авторы. Автордың философия және этика тарихы бойынша еңбектері АҚШ, Германия, Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан және Түркияда жарық көрді. Профессордың ғылыми жетекшілігімен 40-тан астам ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторы, 5 Философия докторы (PhD) дайындалды.

Тұрсын Ғабитов «Ұлттық идея ‒ Қазақстанның 2007-2009 жылдарға арналған тұрақты дамуының негізі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға атсалысты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында «Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы контекстіндегі Қазақстандық ұлттық идея» жобасының жетекшісі болды. Профессор Тұрсын Ғабитов «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ісіне белсенді қатысып, «Әлемдік философиялық мұра» және «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әл-Фараби мұрасы» секцияларының мүшесі, көптомдық  еңбектердің авторы, ғылыми редакторларының бірі ретінде 50 томнан тұратын даналық жауһарларының қазақ тілінде жарық көруіне, жинақталуына зор үлес қосты.

Тұрсын Ғабитов Республика энциклопедиялық қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі ретінде де  танымал. Ол «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының философия жөніндегі кеңесінің төрағасы (1-10 т.) ретінде философия саласына қатысты мазмұнның жеткілікті әрі сапалы деңгейде көрініс табуына мол үлес қосты, 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы болды. Сондай-ақ Тұрсын Ғабитов «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы, «Мәдени-философиялық энциклопедия», «Мәдениеттану энциклопедиялық сөздігі», «Философия ғылымдарының екі тілдегі түсіндірме сөздігі», «Философиялық энциклопедия» басылымдарының бастамашыларының бірі әрі осы энциклопедияларға енген көптеген ғылыми мақалалардың авторы.

Қазақ халқының рухани мәдениетіне зор үлес қосып келе жатқан Тұрсын Хафизұлы Ғабитов – белгілі ғылым және қоғам қайраткері. Профессор «Еуразия диалогы» халықаралық қоғамдық қорының, «Зерде» мәдениет қорының, «Азаматтық білім беру» СЕП Қорының, ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті» грантының мүшесі қызметтерін де абыроймен атқарды.

Ғалымның қатысуымен батыс ойшылдары, Джон Локк, Шарль Монтескье, Жан-Жак Руссо, Карл Поппердің шығармалары мен философия тарихшылары Джованни Реале мен Дарио Антисеридің еңбектері қазақ тіліне аударылды.

Тұрсын Ғабитовтың «Мәдениеттану», «Философия», «Құқық этикасы», «Мәдени туризм», «Экологиялық мәдениет» атты оқулықтары, «Қазақ мәдениетінің типологиясы», «Қазақ философиясының тарихы», «Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясы» (казақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде), «Қазақ этикасының тарихы мен теориясы» (казақ, түрік, орыс тілдерінде), «Қазақтану: Тарих философиясы» монографиялары республикамызда кеңінен танымал және  мәдени-философиялық классикаға айналған. Бұл кітаптарда әлемдік өркениет қазынасына енген қазақ мәдениеті мен философиясының іргелі құндылықтары терең зерделенген.

Әсет Құранбек,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі

Досжан Балабекұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының аға оқытушысы

 

1708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз