Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 19 Қараша, 2022

МЕН НЕГЕ «ДАРЫН» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ  ЛАУРЕАТЫ  БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Әбдіманап Дана Қанатқызы,

Абай атындағы Қаз ҰПУ, 

Филология институты, ІІ курс студенті

«Дарын» сыйлығы – талантты жастарды  шабыттандыратын, жарқын болашағына даңғыл жол ашатын, мемлекеттік сыйлық. Жалындаған жастардың дер кезінде танылып, шығармашылық тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік туғызатын аталмыш сыйлықтың беріле бастағанына биыл тура                    30 жыл толды. 1992 жылдан бері талай жас жұлдыздың жарқырауына жәрдемдескен «Дарын» сыйлығы ғылым, спорт, қоғамдық қызмет, шығармашылық саласындағы қалтқысыз қызмет еткен,  талантты тұлғалардың бағын ашып, мерейін асқақтатты. Жастар арасында «Дарын» сыйлығын иеленуге деген ұмтылыс күн санап артты десем де болады. Неге десеңіз, атына сай дарындылардың даралануына, өзіндік тұлға ретінде танылуына мүмкіндік туғызатын бұл сыйлықты иелену – үлкен мәртебе. Марапаттау рәсiмiнің өзі Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орай өтетін, бұл сыйлықты мен барша жастардың жұмыла, жігерлене жұмыс жасауына  ықпал ететін, «ерекше құдіретке ие» сыйлыққа теңер едім. Өмірге құштарлықты, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, елімізді гүлдендіру жолында еңбектенуге шақыратындай қуаты мен қауқары бар бұл марапат -  жастар үшін ең қажетті, ең жоғары марапат. Менің түсінігімде, марапат алу барда, сол марапатқа лайық болу бар.  Осы орайда, жастық шағында «Дарын» сыйлығының иегері атанғандар марапаттың құндылығы мен  жауапкершілігін сезініп қана қоймай, келешекке даму жоспарын түзіп, болашақта да сенім биігінен көріну үшін қарышты қадамдар жасайды деп ойлаймын.  Оған «Дарын» жастар сыйлығын иеленіп, күні бүгінге дейін түрлі салада елімізді дамыту үшін үздіксіз үлес қосып келе жатқан аға буын өкілдері де дәлел бола алады.                                                     

Арман – адамға берілген ерекше сый. Армандай білу де өнер. Топты жарып өз кезінде «Дарын» сыйлығын алғандар да «сол сыйлықты  алсам» деп армандаған болар. Бұлай деуіме себеп  –  адамның арманы асқақ болғанда ғана іске асыру  жолында нақты мақсаттар қойып, нық қадамдар жасайды. Ал айқын мақсат пен қарышты қадам – жеңіскен бастар жол. Олай болса, қазірден бастап мен де «Дарын» сыйлығының лауреаты болғым келеді деген үмітпен өмір сүргім келеді.  Үміттеніп қана қоймай, сол үкілі үмітім ақталып, арманым іске асу үшін  тынбай еңбектеніп, елімнің көркеюіне өз үлесімді қоссам деймін. Тап қазір  менің жүрегімді мынадай өз-өзіме есеп беру сауалдары мазалауда: «Дарын» сыйлығы оңайлықпен берілмейді, оны лайық адамдар ғана алады. Мен қазір 18 жастамын. Осыған дейін не істей алдым? Аман болсам, алдағы 11 жылда не істей аламын?!» Өткеніме көз жүгіртіп, жүріп өткен 18 жылдық өмір жолыма сараптама жасауды жөн санадым. Ең алдымен, «Дарын» сыйлығының лауреаты болғысы келетін, Тәуелсіз Қазақстанның азаматшасының балалық шағы қалай өтті?» деген сауалдан бастайын.                       2004 жылдың 9 шілдесінде, Алматы қаласындағы ұстаздар отбасында дүниеге келген мен – отбасындағы 3 баланың ортаншысымын. Бала күнімнен кітап оқуға құмар болып өскенімнен болар, 12 жасымнан бастап өлең, әңгіме жаза бастағанмын. Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті, биология пәндерінен өткен қалалық, республикалық  ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атандым, сондай-ақ, дарындылардың шығармашылығын шыңдайтын  «Елбасы» жобасының «Қола» медалін иелендім. Оқушылардан құралған «Жалын» триосының әншісі ретінде үлкен сахналарда өнер көрсеттім. Сөз өнеріне деген қызғушылығым «Ділмарлық» курсын, кітап оқуға деген құштарлығым «Тез оқу техникасы» курсын аяқтауға да себепкер болды. 11-сыныпты М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда                 2021 жылы  «Үздік аттестатпен» бітірдім. ҰБТ-дан жинаған ең жоғары                    балым –123 балл.

     Келесі кезекте, «Дарын» сыйлығының лауреаты болғысы келетін, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, көп тілді білім беру  және филология институтының ІІ курс студенті, менің тап қазір шығармашылық шабысым қалай?» деген сауалға жауап беріп көрейін. Ең алдымен, проза, поэзия жанры бойынша қалам тербеуге бейімділік менің «Авторлық құқық» курсын  бітіруіме себепкер болды. Мақалаларым, өлеңдерім «Алматы ақшамы», «Мектеп. Отбасы. Қоғам», «Білім айнасы», т.с.с. республикалық басылымдарда үздіксіз  жарық көріп келеді. Тап қазіргі уақытта проза жанры бойынша «Шәкірт монологы», «Сырласу»,  «Білімнің құдіреті», «Жүрек лүпілі»  (авторлық құқығы бар) әдеби туындылардың, поэзия жарны бойынша 70-ке тарта түрлі тақырыптағы өлеңдердің  авторымын. Оқырмандар сұранысы бойынша өлеңдерімді инстаграмм желісіндегі @d_abdimanap парақшасында жиі жариялаудамын. Біршама туындыларым «Мектебім – білім ордасы», «Жан шуағы» кітаптарына да енген. «RAYAN» білім беру орталығының қолдауымен шығармашылығымды тарату, насихаттау  мақсатында жас оқырмандар арасында  танымдық байқаулар өткізіп отырамын. Салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында ұлттық нақышта киім тігетін «Салтанат» сән салонының ұлттық киімдерін «Қазақ қызы» деген атаумен жарнамалауға да қатыстым. Студенттерден құралған «Белсенділер», «Жастар рухы» ұйымының мүшесімін. Сондай-ақ, «Қарттар  үйіне», «Балалар  үйіне» барып, қайырымдылық акциясын жүргізуге ұйытқы болған еріктілердің де қатарындамын. Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты                           №4 орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған түрлі шаралардың сценарийін жазып, жүргізуші ретінде де танылып келемін.  Қазіргі таңда «Елбасы» жобасының  «Алтын» медаліне үміткер ретіндегі  жұмысымды одан әрі жалғастырудамын.

      Қазіргі таңда мемлекетімізде жастардың дамуына барлық мүмкіндіктер жасалуда. Еңбек еткенге марапатын да аямайтын елде өмір сүріп жатқан біздер, жастар бақыттымыз деп есептеймін. «Қазіргі таңда «Дарын» сыйлығының лауреаты болғысы келетін менің  еңбегім осы күнге дейін қалай бағаланды?» десеңіз, жүрегімді ерекше мақтаныш сезімі кернейді. Жалынымды жасытпай, еңбегімді бағалап, қолдап, шығармашылықпен айналысуыма бар жағдай жасады десем артық айтқаным емес. М.Мақатаевтың шығармашылығы бойынша өткен «Есіңе мені алғайсың» ән байқауында                       1-орын, «Адамды адам, аяла!» көркемсөз оқуында  1-орын, «Мемлекеттік тіл» қоры ұйымдастырған «Туған тіл»  мәнерлеп оқу байқауында бас жүлде (30 000 сыйақы), Республика күніне орай ұйымдастырылған «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе байқауында  (70 000 сыйақы) 1-орын, студенттер арасында өткен республикалық байқауда «ҚР Үздік студенті - 2022» атағын  иелендім. Бұл – менің өмірімдегі ең керемет сәттер. Алған марапаттарым жауапкершілік жүгін сезіндіріп қана қоймай, болашаққа ұмтылыс пен бағыт-бағдар сыйлады. Кішкентай ғана еңбегімнің еленуі  мені айрықша шабыттандырды. Марапаттың құндылығын сезінуімен қоса, еңбектің жемісін көрудің өзі бір ғанибет екенін түсіндім. Маған осы бір сәттер «Дарын» сыйлығының лауреаты болудың алғашқы баспалдақтары іспеттес көрінеді. Мүмкін, «Дарын» сыйлығының лауреаты атанармын, атанбаспын, бірақ үкілі үмітпен өмір сүрудің бақыт екенін ұқтым.

                                 Дамудың кілті – «Дарын» сыйлығы,

Шабыттың шыңы – «Дарын» сыйлығы!

                                 Жарқын өмірге  жол нұсқайтын,

                                Жастар арманы –  «Дарын» сыйлығы! – деген жүрекжарды шумағыммен сабақтастыра келе,  «Дарын» сыйлығының лауреаты атану -  мен үшін армандарымның ең бағалысы, ең құндысы, ең асқағы дегім келеді. Себебі, «Дарын» сыйлығының астарында елге риясыз қызмет ету, Отан алдындағы борыш пен міндет жатыр. Ал менің арманым  –  әрқашан елімнің арманымен, елімнің қалауымен, елімнің таңдауымен бір. Өз болашағымды елімнің болашағымен байланыстыра отырып, ұстаздық мамандықты, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды таңдадым. Таңдауымды қолдап, қиялыма қанат бітіріп, шығармашылығыма шабыт берген әуелі ата-анама, ұстаздарыма, арманымның орындалуына мүмкіндік жасаған туған Отаныма шексіз разымын. Алдағы 10 жылдыққа жасаған даму жоспарымда ұстаз ретінде болашақ «Дарын» сыйлығының иегерлерін дайындап, «Үздік педагог» атану бар. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болып, инабаттылығыммен, көркем мінезіммен, кемел біліміммен, өнегелі тәрбиеммен болашақта ұстаздарымның, ата-анамның, елімнің үмітін ақтап, «Әдептілік әлемі» деген ұйым құрып, қыз балаларды әдептілік әлеміне үйретсем деймін. Жастайымнан ақынжанды болып өскен соң ба, «Дарынды жастар»  айдарымен  жастардың шығармашылық ортасын құрсам деп армандаймын. Мақсат ұғымының артында қалау, таңдау, арман тұр, ал ақталған үміт пен сенім артында алғыс, марапат тұр. Жалындаған жастығымда «Дарын» сыйлығын иеленсем,  «Мен жастарға сенемін» деп, үміт артқан Мағжан атамның, сондай-ақ, күллі батыр, дана бабаларымның сеніміне селкеу түсірмегендей,  үмітін ақтағандай, бақытты күй кешер едім. Әттең, әзірге бұл тек арман ғана. «Болашақ бүгіннен басталады» деген ұранмен, күні бүгіннен аяулы арманымды іске асу жолында әр минутымды босқа өткізбей, өз-өзімді дамытуға тырысудамын. Арманыма қанат біту үшін әр қадамымды Отанымның игілігіне арнап, кезіккен кедергіні дер кезінде еңсеріп, өзімді-өзім «нұрлы болашақты жасаушылардың бірімін» деп сендірудемін.

                     Талантты жастар – егемен елдің мақтаны, Тәуелсіздікті баянды ететін, елімізді әлемге танытатын, белсенді тұлға. Қазіргі таңда біздерге, яғни жастарға жасалып жатқан қолдаулар  – болашақтың кемел болуы үшін жасалып жатқан игі бастамалар. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев: "Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету  – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз" деген болатын. Мемлекет басшысының жастарға арналған осы бір үндеу сөзінің астарында  сенім, сенімге селкеу түсірмеу, үлкен үміт пен мүмкіндік жатыр. Меніңше, жастарға жасалған әрбір мүмкіндікті қалт жіберу – біз үшін үлкен сын. Шексіз мүмкіндіктерді шебер пайдаланғандар ғана  «Дарын» сыйлығының иегері атанары хақ. Осы орайда, ойымды замандастарыма арналған арнау өлеңіммен өрбітпекпін:

                         Біз жаспыз, үміт артқан бабалары,

                         Бізді осалға әсте олар санамады.

                         Кіл мықтының ішінен оза шабар,

                         Елінің  кәдесіне  жарағаны.

 

                        Ұрпақпыз ғой би шешен, бабалары,

                         Мейірімді күн жүрек аналары.

                         Біз болғанда иесі кемел білім,

                         Еліміз өркениетке бара алады.

 Сөз соңын, замандастарыма мынадай үндеу сөзбен түйіндемекпін. Дарындыларын қолдауға дайын елге лайықты, дарынды да талантты жастар ауадай қажет. Күш-қуатымыз мол жастық шақта жалындау, өрлеу, өсу, іздену, тың идеялар табу, жаңа жоба ұсыну, білім-ғылымды дамытуға үлес қосу – бәрі-бәрі – өз қолымызда. «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деген ұранмен өмір сүрейік! Дарынды жастардың қатарын көбейтіп, Отанын риясыз сүйетін нағыз патриоттарға айналайық!

  

                     

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз