Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 22 Қараша, 2022

55 күнде – 5555 шақырым

Осыдан екі ай бұрын журналист әрі велошабандоз Ернат Мэлсұлы үлкен сапарға шықты. Ерекше сапар! Ахмет Байтұрсынұлы туған топырақтан басталған жол Түркия елінде – Ыстамбұл шаһарында аяқталды. Жалғыз! Велосипедпен! Меже – 5555 шақырым. Ернат Мэлсұлы сапарының нүктесі қойылған сәтте оқырмандарымызға сәлем жолдап, велошерудің қызықты сәттерін баяндап берді.

Сапар алдындағы екі шарт

Армысыздар, жас достар! Сіздерге сүйікті журналымыз «Ақ желкен» арқылы Түркиядан сәлем жолдаймын. Ұлтымыздың ұстазы, рухани көшбасшымыз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл мерейтойына арналған халықаралық велошеруім туралы, ондағы ойым мен алған әсерімді баяндап берсем деймін. Осы веложорықты бастауға міндетті екі шарт болды. Біріншісі – Ахмет атамыздың туған күні, яғни 5 қыркүйекте бастау, екіншісі – осы сапарға Ахаңның туған топырағы Сарытүбектен аттану. Біз Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөнін, ұлт ұстазы екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ ол кісінің туған жері қай жер екенін біле бермейміз. Ахаң Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Сарытүбек деген қыстауда дүниеге келген. Осы қыстауда оның әкесі Байтұрсын өмір сүрген. Сарытүбектің дәл жанында Ақкөл деген көл бар екен. Жалпы Ахаң туған топыраққа жақын үш жер атауы бар. Бірі – Ақкөл. Екіншісі – Сарытүбек. Үшіншісі – Ахмет ауылы. Сол ауылда мектеп бар. Мектепте Ахаңа арналған мұражай бар. Міне, осы үш елді мекенді ажырата білуіміз керек. Мұны әрбір қазақ баласы білуге тиіс деп есептеймін. Сарытүбекте Ахмет атамыздың әулет қорымы бар. Яғни әкесі Байтұрсын, ағасы Қали, басқа да туған-туыстары сонда жерленген. Осы үш жер аудан орталығы Торғайдан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Ахмет атамыздың кіндік қаны тамған жерге Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен биыл жаңадан музей-үй ашылды. Мен сол музейдің ашылу салтанатында болдым. Оған Ахаңның ұрпақтары, ауыл ақсақалдары, жерлестері қатысты.

Жолға әзірлік жыл бұрын басталды

Велошеруге дайындық, жоспар – оны зерттеуден басталды. Жол қандай, қанша шақырым, жолда қандай ауыл, елді мекендер бар, өзен-көлдер мен таулар бар, қай жерде қасиетті орындар бар, қай жерде дәмханалар мен қонақүйлер бар – осының бәрін зерттедім. Ыстамбұлға дейінгі бағдардың бәрін әуелі миыма тоқыдым. Ғаламтордан көп ақпарат қарадым. Кітаптарды ақтардым. Шетелдік саяхатшылардың видеоларын көрдім. Одан соң осы ақпараттарды сұрыптадым. Солайша бәрін әуелі көз алдымнан өткіздім. Мысалы, Қара теңіздің жағасымен кемінде 600 шақырым жүрдім. Оң жағымда – толқынын жағаға ұрып жатқан Қара теңіз, сол жағымда Грузияның, Түркияның биік таулары деп көз алдыма елестеткем, сапарда мұның бәрін басымнан өткердім.

Осы сапарда күн райының барлық түрін көрдім деуге болады. Торғайдан шыққанымда 40˚ ыстық болды. Грузияда Қазыбек тауларында, Түркияда Қара теңіз жағасымен жүргенімде жаңбыр жиі жауды. -5˚-қа дейін  суытқан күндер болды. Желдің қатты екпіні қарсы беттен ұрған кезде, велосипед тұрмақ, жаяу жүру де қиын болды.

Соңғы 5 жыл бойы ел ішінде велошеру жасап келдім. Соңғы үш жылда төрт маусымда да жүрдім. Ал халықаралық велошеруге бір жыл бойы дайындалдым. Болжау бағдарламасы арқылы күн райын алдын ала біліп алдым да, жаңбырлы күндері арнайылап жүрдім. Солайша жауынға өзімді шынықтырдым. Шәууал айының алты күн оразасын ұстап, ауызашарда тек су іштім. Ағзамды шөлге, ыстық пен суыққа, жауын-шашынға дайындадым. Соның да көмегі көп болды деп ойлаймын. Екі айға созылған велошеруде мұрным пышылдап немесе жөтел қысқан кездер болмады, Құдайға шүкір. Велошеру денсаулықты нығайтуға да арналды.

«Саналы ерде ұйқы жоқ»

Әдетте күн сайын жүгіруге шығамын. 1000 жаттығу деген бар, соны орындаймын. Негізі 10 жаттығу, соны 100 рет қайталаймын. Сосын дұрыс тамақтануға көп көңіл бөлемін. Мысалы, газды, энергетикалық сусындарды мүлде қолданбаймын. Майонез, кетчуп, фаст-фуд дегендерге жоламаймын. Қазақтың құнарлы тағамдарын тұтынамын. Нанға сары май жағып жеп, қымыз, шұбат ішемін. Сосын ұйқы дұрыс болу керек. Ұйқы 8 сағаттан аспау керек, 7 сағаттан кем болмауы керек. «Сарман тауда салқын жоқ, саналы ерде ұйқы жоқ» деген қазақтың мақалы бар. Осындағы «ұйқы» сөзінің алдына «артық» деген сөзді қосамын. Көңіл-күй де дұрыс болу керек. Жолда қандай кедергілер кездессе де адам позитивті жоғалтпау керек. Ми мықты болу керек. Себебі, адамның он екі мүшесін ми басқарады.

Сенімді серігім – велосипед жайлы

Жолға алған ең керекті заттар – дөңгелектің камералары. Сосын дөңгелектің қабы (покрышка) болды. Оның бәрі іске жарады. Осы сапарда 15 рет камера жарылды. Артқы дөңгелектің қабы жыртылды. Соны жаңаладым. Сосын бір шынжыр алып едім, оны 3000 шақырым жүрген соң – Ақтауда ауыстырдым. Өйткені шынжыр созылып кетті. Кілт, жел үрлегіш, әмбебап кілт болды. Ал мінгенім – жалғыз велосипед. Басқасын ауыстырмадым. Германияда жасалған. Оны бір жыл бойы ақша жинап, 700 000 теңгеге сапарға шығардан екі ай бұрын сатып алдым. Арнайы құты әзірлеп, сыртына «Халықаралық велошеруге 1 миллион теңге жинаймын» деп жаздым да, 1 шілдеге дейін деп мақсат қойдым. 30 маусымда айтқан сомаға жеткіздім. 1 шілдеден бастап велосипед іздедім де, екі апта дегенде таптым. Саяхатқа арналған әмбебап велосипед. Жолмен де, жолсызбен де, қиыршық таспен де жүретін жақсы шайтанарба. Велосөмкелерді орналастыратын арнайы орны да бар. Велосипед адамның бойына «шақ» болуы керек. Мінуші адамның салмағына да арналған болу қажет. Сапарға шығар алдында екі ай бойы сол великті тептім, былайша айтқанда, соған бой үйреттім.

Түркия қазақтары

Осы сапарда барған жердің бәрінде мектепте балалармен кездестім. Балалардың бәрі де таң-тамаша болып жатты. Сұрақтары көп болды. Велошеру арқылы Абай, Әлихан, Ыбырай аталарымыз туралы білгенімді бөлістім. Мұстафа Өзтүрік туралы да біраз ақпарат бердім. Ел-жер туралы жақсы әңгімелер айтып, ұлтжанды болуға талпындыруға тырыстым. Көпшілігімен достастық. Қазір олар әлеуметтік желіде хат жазып жатыр. Сапар басталғалы жолыққан балалардың бәрі тілекші, қолдаушы болды. Олармен мүмкіндігінше байланыс жасап отырдым. Түркиядағы қазақтар – нағыз қазақтар дер едім. Өзге елде тұрса да тілін, салт-дәстүрін жоғалтпаған. Рухы мықты, тарихи санасы сергек. Қазақстан десе жанын беруге әзір екенін байқадым.

Мақсаттарым артығымен орындалды

Велошеруге шығарда алдыма қойған мақсаттарым толығымен орындалды. Түркияға барған адам әдетте қыдырады ғой. Әсіресе, Ыстамбұлда. Мен ол қалада үш күн болдым. Онда туристер кемемен бұғазды аралайды, Айя-София мешітіне кіреді дегендей. Мен оларға уақыт бөле алмадым. Себебі, турист емеспін. Абай, Ахмет аталарымызға, Мұстафа Өзтүрікке қатысты жоспарларым болды, соларды орындауға тырыстым. Ол мақсатты артығымен орындадым деп ойлаймын.

Менде осы сапарда жазуға мүмкіндік аз болды. Жол үстінде жүргеннен кейін солай болады да. Қағазға түсіретін ақпарат көп. Ұялы телефонымның жадын толық тазалап алып шыққанмын. Ал қазір сонда 245 мгб ақпарат бар. Фото, видео, сұқбаттар... Ендігі мақсатым – соларды сұрыптап, мақалалар мен сұқбаттарға, деректі фильмге айналдыру. Алда осындай жұмыс күтіп тұр.

Жалғыз кедергі

Қол жетпей қалған нәрсе геосаяси жағдайға байланысты болды. Яғни Әзербайжан жағына өте алмадым. Ақтаудан теңіз портына дейін 72 шақырым. Жолға шығардан бір ай бұрын порттың менеджерлерімен сөйлескенімде, олар: «Сіз теңіз арқылы пароммен өте аласыз. Ешқандай мәселе жоқ. Бағасы 37 000 теңге», – деді. Құрық портынан Бакуға дейін солай баруым керек еді. Бірақ бір айдан соң жағдай мүлде өзгеріп кеткен. Су жолы жабылған. Ұшақты қарасам, Ақтаудан Бакуге билет 15 күннен кейін болады деп тұрды. Әдетте 30 000 теңге болатын әуе билеті сол кезде 950 000 теңгеге бір-ақ секіріпті. Ал өзімнің достарым, әлеуметтік желідегі достарым сол ақшаны бір-екі сағатта жинап берейік деді. Менің басқалардан ақша жинау ниетім болмаған әу баста. Сөйтіп, одан бас тартып, басқа мүмкіндіктерді қарастырайын деп шештім. Ақыры Ақтаудан Кутаисиге дейін ұшып келдім. Велошеруді сол жерден жалғастырдым. Дегенмен алдағы уақытта Әзербайжанға велошеру жасаймын, Алла қаласа. 

Кутаисиден Батумиге, одан Түркияның аумағына кірдім. Батумиден бастап Қара теңіздің жағасымен жүрдім. Грузияның аумағында 400 шақырымға жуық жерді артқа тастадым. Анкараға тура апаратын автобан бар, сонымен жүруді де ойлағам. Бірақ Әзербайжанға кіре алмаған соң алға қойған мақсат – 5555 шақырым қысқарып қалатын болды да, айналма жолмен жүруге тура келді. Яғни Анкарадан Конияға, Кониядан Ақшеһир, одан Ескішеһир, одан Бурсаға, одан Ыстамбұлға келдім. Кониядан Бурсаға дейінгі жол жоспарымда жоқ-тұғын. Сөйтіп, айналма жол арқылы 5555 шақырымға толтырдым. Негізі толық жүрген жолым 5585 шақырым болды. Сыртқы факторлар кедергі болған кезде тезірек шешім қабылдау керек болды. Сол шешімдердің бәрі сәтті болды, Аллаға шүкір. Ресей арқылы жүруге де мүмкіндік болды, бірақ одан бас тарттым.

Абайдың тұжырымдамасы

Осы сапарда көзім жеткен бір дүние: адам бір нәрсеге ниет етіп, соған тыңғылықты дайындалса, дегеніне жетеді екен. Соқыр тәуекелдің керегі жоқ, бәрін алдын ала ақылмен зерттеу керек. Абай атамыз: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», – дейді. Сондағы ақыл дегені – интеллектуалды даму, білім, таным. Қайрат – ерік-жігер. Егер адам осы екі тұрғыда өзін дайындаса, кез келген мақсатқа қол жеткізе алады.
«Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,
Бой жеңбек, ер жігітке, ғақыл таппақ..»
 – дейді тағы да Абай атамыз. Менің сапарымның тұжырымдамасы да осы болды дей аламын. 

Жазып алған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз