Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Қараша, 2022

Қызылордада III Халықаралық «Тайманов оқулары» өтті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты III халықаралық «Тайманов оқулары» өтті. Бұл шара математикалық логика, топология және модельдер теориясы салаларындағы ірі ғалым, физика-математика  ғылымдарының докторы, профессор,  ҚазССР  Ғылым академиясының  академигі  Асан Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған.

Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова  ІІІ Тайманов оқуларының өткізілуі университет тарихындағы маңызды шара екенін, математика және жаратылыстану саласында  жаңа зерттеулерді  дамытуға  ықпал ететінін атап өтті.

«Қорқыт ата университеті өзінің құрылуы мен дамуына үлес қосқан тұлғалар есімін әруақытта жадында сақтайды. Сондай тұлғалардың бірегейі – танымал  ғалым-математик Асан Тайманов болатын. Ол 1947 жылдан 1954 жылға дейін Н.В.Гоголь  атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасын  басқарды. Осы жылдарда ол университеттің және аймақтың білімі мен ғылымының дамуына елеулі үлесін қосты», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Айта кету керек, Асан Дабысұлы аз уақыт ішінде студенттер мен оқытушылар арасында ғылыми жұмыстар ұйымдастыруда бірқатар жаңалықтар енгізді. Облыс көлемінде оқушылар арасында тұңғыш математикалық олимпиадалар ұйымдастырды. 

Білім ордасының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға  РҒА академигі, Новосібір мемлекеттік университетінің геометрия және топология кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Искандер Тайманов, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, математика және математикалық модельдеу институты бас директорының орынбасары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бектұр Байжанов, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері Виктор Вербовский қатысты. Конференция  бағдарламасына  60-тан аса баяндама енгізілді.

Конференция аясында секция жұмыстары жүргізіліп, мұнан кейін ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз