Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 01 Желтоқсан, 2022

Жылу электр орталықтарының жағдайы өте нашар- Алтынбек Нұхұлы

Еліміздегі жылу электр орталықтарындағы жағдай өте нашар. Бұл жайында сенатор Алтынбек Нұхұлының Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтылған.

Сенатордың атап өтуінше, Екібастұз, Петропавл, Риддер және Степногорск қалаларындағы жылу электр орталықтарындағы апаттар осы салада көптеген жылдар бойы жинақталған жүйелі проблемалардың салдары болып отыр.

«Биылғы жылдың басында «Өңір» депутаттық тобы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен бірлесіп, электр энергетикасын дамыту мәселелері бойынша Үкіметке жылу беру маусымына дайындық пен оған жауапкершілікті күшейту және барлық өңірлердегі субъектілер бойынша техникалық аудит жүргізуді жеделдету жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Бұл нақты техникалық жағдайды бағалау, сондай-ақ оларды жаңғырту, жаңарту және жөндеуге қажетті қаржылық ресурстарды анықтау үшін жасалуы керек еді. Алайда, Үкімет мұндай шешімге Екібастұз қаласындағы болған ірі апаттан кейін ғана келіп отыр», - деді сенатор.

Депутат жылу энергиясын өндіру, жіберу және жеткізу саласындағы жағдай өте нашар деңгейге жетті деп есептейді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖЭО жабдықтарының тозуы орташа алғанда 66 пайызға дейін, ал еліміздің кейбір қалаларында 80 пайызға дейін жетеді. Еліміздегі жылу желілерінің шамамен 30 пайызы толық ауыстыруды қажет етеді, бұл – шамамен 3,5 мың шақырым құбыр.

«Осыған байланысты, жылумен жабдықтау саласында тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыруға, орталықтандырылған жылумен жабдықтау нарығы субъектілерінің өзара қарым-қатынасын, жылу энергетикалық бақылау мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін салалық заң қабылдауды ұсынамыз. Нарық субъектілері арасындағы жылу өндіруші, жылу жеткізуші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың бәсекелестігі деңгейінің төмендігін ескере отырып, саланы басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілсін», - делінген депутаттық сауалда.

Фото: ашық дереккөзден

510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз