Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 07 Ақпан, 2023

37 елді жалғыз саяхаттаған қазақ қызы

Жангүл Халила ҚазҰУ физика-техника факультетінің бакалавриаты мен магистратурасын бітірген. Кейінгі бес жылда әлемнің 37 елінде болған. Жеке басым ол қыздың осыншама елге саяхаттағанына қызыға қарадым. Сондықтан сұқбаттасуды жөн сана-дым. Жангүл «Ұланның» оқырмандарына тиімді саяхаттау жөнінде кеңесін айтты. Оның әңгімесі замандастарыма стимул болары сөзсіз.

«АУҚАТТЫ АДАМДАР ҒАНА САЯХАТТАЙДЫ»...

– Ағылшын тілін оқи бастағаннан-ақ саяхатқа аңсарым ауды. Оған дейін менің ойымда «тек ауқатты адамдар ғана саяхаттайды» деген ұғым қалыптасқан еді. Қанша қызыққаныммен, саяхаттау туралы тіпті армандаған да емеспін. Ағылшын тілі курсында әртүрлі адамдар болды. Олардың әңгімесін тыңдағанды жақсы көретінмін. Олар Америкада, Еуропада болған. Сол кезде саяхаттауға қызу-шылық пайда болды. Ағылшын тілін жетілдіру мақсатында шетелдіктермен сөйлестім. Олар арқылы көптеген мемлекетті біле бастадым. Мен үшін қызықты бола бастады. Содан 3-курсты аяқтағанда құрбыммен Түркияға барып қайттық. Екеуіміз бірігіп әрең дегенде 150 мың теңге жинадық. Ол кезде билеттер арзан болатын. 14 күнге бардық. Стамбұл мен Измирде біраз уақыт болдық. Маған Стамбұл қатты ұнады. Адамдары кеңпейіл, көмектесуге әрдайым дайын тұрады. Күткенімнен асып түсті. Мен өте тұйық болдым. Осы саяхат арқылы ашылдым. Ең есте қалғаны – қаражат жағынан қиындық болды. Рейстен қалып қойдық. Такси түгілі, автобусқа отыр-майтынбыз. Қаланы жаяу аралап, ақшаны үнемдеуге тырыстық. Керемет әсер алдық. Әрі қарай саяхаттауға мотивация пайда болды.

Сабақтан кейін жұмыс істеп, ақша жинап, Грузия мен Әзербайжанға бардым. Одан кейін Азияға қарай бет бұрдым. Мен саяхатта барған елімнің халқына баса назар аударамын. «Олардың көзқарасы неге осындай? Не себепті бұлай өмір сүреді? Бұл адамдар неге буддист? Ислам неге оларға қызық емес?» – деген сияқты қарапайым сұрақтардың жауабы маған қызық болды. Саяхатта әлемде әртүрлі дін, мәдениет бар екенін және басқаға да дәл өзіңдей сыйластықпен қарау қажет екенін түсіндім. Оған қоса, олардың да ой-пікірін, өмірге деген басқаша көзқарасын қабылдау керек. Бізді әртүрлі етіп жаратқанының өзі қызық деп ойлаймын. Бір-бірімізден үйреніп, жаңа нәрселерді көрген жақсы. Мен адамдармен сол туралы сөйлесемін. Ой-өрісім кеңейді. Бұл маған көмектесті деп ойлаймын. Жалғыз саяхаттаудың жақсы жағы – еркіндік. Ешкімнің көңіл-күйіне қарамайсың. Өзімнің қалауыммен жүремін. Достарыммен де саяхаттап көрдім. Қалауымыз әртүрлі. Сол жағын ескергенде жалғыз саяхаттаған дұрыс.

Мен All inclusive жүйесімен де барып, демалып көрдім. Бірақ ол кезде мүлде елді зерттей алмадым. Ол жақта тек қызмет көрсететін адамдармен ғана сөйлестім. Ал елді аралап, өзге адамдармен сөйлесе алмадым. Сондықтан бұл саяхаттап келдім дегеннен гөрі, жақсы қонақүйде жатып келдім дегенге көбірек келеді. Сол үшін  арнайы бағдарламалармен бармаймын. Өзім қалаған уақытта баратын елімді зерттеп, біліп барғаным еркіндікті толығымен сезінуге мүмкіндік береді деп ойлай-мын. Ал жағымсыз тұсы – жалғыздық. Кейде бір сезімде-рімді айтқым келеді, әйтсе де бөлісе алмаймын. Шығын көп болады. Екі адаммен барсаң, бөліп төлейсің дегендей.

Маған ұнаған төрт ел

Әр мемлекетте қауіпті аймақтар болады. Ол Қазақстанда да бар. Мен барған Швейцария, Гонконгта да бар. Ондай жоқ деп айта алмаймын. Адамның өзіне байланысты. Сақ болған дұрыс. Шетелде кездесіп, сөйлескен адамның өзін ұстауы ұнамаса, алшақтаған жақсы. Жалпы,  адам бірінші кезекте өзінің қауіпсіздігін ойлағаны дұрыс. Алайда өз жолымда әлі ондай жағдай болмады. Маған кездескен адамдардың 99 пайызы жылы лебізін білдіріп, мейлінше көмектесті. Сондықтан да ешкімнен көңілім қалған жоқ. Барлығы өте жақсы болды. Бәлкім, әлі қауіпті мемлекеттерге барып көрмегендіктен болар. Мысалы, мен Пәкістан, Ауғанстан секілді қауіпті елдерге барып көрген жоқпын. 

Жұмысым онлайн болған-дықтан, қалаған уақытымда саяхаттаймын. Жұмысымның саяхатқа қатысы жоқ. Хоббиім деп айтсам болады. Шетелде Қазақстанды көбірек білетін – ТМД елдері. Әзербайжан, Түркия, Украина мемлекеттері жақсы көзқараспен қарсы алады. Ал алыс мемлекеттерде, мысалы, Азия елдерінде, шынымды айтсам, көп саяхаттайтын адамдары ғана Қазақстан туралы біледі. Аустралия есімде қалды, Германияда біздің адамдар өте көп екен. Бұрын Қазақстанда тұрып, кейін тарихи отанына оралған жандар ықыласпен қарайды. Швейцарияда біздің елді білмеді.

Қазақстан туралы білетін шетелдіктер қазақтарды өте қонақжай, кеңпейіл адам ретінде таниды. Көбі «еуропалықтар мен азиаттардың микс түрі секіл-дісіздер» деп жатады. Негізінде бізді азиаттардан гөрі, еуропалықтар жақсырақ біледі. 37 елдің ішінде ең қатты ұнағаны – жақында барып келген Швейцария. Әрине, табиғаты қатты ұнады. Сосын халқы өте жақсы. Тіпті кішкентай балаларына дейін танымаса да амандасады.  Мәдениеті өте жоғары деңгейде деп айта аламын.

Екінші – Гонконг (Қытай). Гонконг өте мықты дамып кеткен. Мәселен, үлкен ғимараттарын алайық. Ең жоғарғысында кеңсе орналасқан, ортасында сауда үйлері, төменгі қабаттарда метро. Сонда адамдар әуреленіп сыртқа шықпаса да болады. Ондай мысал өте көп. Адамдары да маған әрдайым жәрдемдесті. Оған қоса, табиғаты да жақсы.

Үшінші ұнаған мемлекет – Дания. Швейцарияда адамдар тұйық болса, бұл елде керісінше. Адамдары үнемі көмектесуге даяр. Өмір сүруге және оқуға өте қолайлы жер. Төртінші – Индонезия. Жағдайы күшті болмаса да, тұрғындары қолындағы соңғы дүниесін бөліп беруге дайын. Сонысымен жадымда қалды.

Саяхат кезінде неше түрлі қызық болады. Инстаграм парақшама ол жөнінде жазып отырамын. Рейстен қалып қою немесе билеттерді қателесіп алып қою сынды жағдайлар да болып тұрады. Мысалы, құрбым екеуміздің алғашқы саяхатымыз Түркия болды дедім ғой. Билетті Измир–Стамбұл, Стамбұл–Алматы деп алған едік. Бірақ сол сәтте қайта алмадық. Өйткені мен билетті бір айдан кейінгі уақытқа алыппын. Төрт-бес мың теңгеге арзан билет тапқанымызға таңғалып әрі мәз болып, қарамағанбыз ғой. Сонымен ұша алмадық. Қалтамызда ақша да жоқ. Бәрін жаратып тастағанбыз. Не істерімізді білмей, достарымыздан, отбасымыздан ақша сұрап, әзер қайтқанымыз бар. Бұл туралы толығырақ парақшама жазғанмын. Гонконгта жүріп екі рет билетімді жоғалтып алғанмын. Әуежайға үш-төрт сағат бұрын келіп, тіркелу қай терезеде ашылады деп күтіп отырдым. Біраздан кейін неге тіркелу ашылмай жатыр деп әуежай қызметкерлерінен сұрадым. Сөйтсем, менің ұшағым ұшып кеткен. Енді «менің қалайда ұшып кетуім керек» деген ойымды қалай жеткізерімді білмедім. Себебі қытайлықтар ағылшын тілін аса жақсы білмейді. Әуежайда істейтін адамдарының өзі түсіне бермейді. «Бір миллион теңгеге билет бар, ұшасыз ба?» дейді. Әрине, мен ондай бағадағы билетті ала алмайтынымды айттым. Бір амалын тауып шешіп көруге тырыссам да болмады. Соңында бәрібір басқа билет алдым. Иә, оның бағасы бір миллионнан арзан болды. Әуежайда қонып, келесі рейсті күтуіме тура келді. Сонымен ертерек тіркеліп алдым. Гонконгтың әуежайы өте үлкен, құдды бір қала сияқты. Үш рет ауысып мініп жүріп ұшағыма жетсем, қолымда отырғызу талоны жоқ болып шықты. Барлық адамнан билетімді сұрап шықтым. «Енді сізді ұшырмайды, екінші рет болып жатыр бұл жағдай», – деді. Десе де мен қайтпай ұшқыштан сұрадым. Ол: «Талонды қайтадан шығарып беремін, уайымдамаңыз», – деді. Негізі, айта берсең қызық көп. Шетелге мүлде шығып көрмеген адамдарға Түркия, Грузия елдеріне баруға кеңес беремін. Алматыға қарағанда арзанырақ десем болады. Әзербайжан да туризм жағынан дамып кеткен мемлекет.

Саяхаттағанда қандай қосымшалар пайдалы?

Виза алу үшін ең алдымен тұрақты табыс пен жұмысыңыз болғаны жөн. Сонда оңай болады. Шынымды айтсам, Шенген визасын бірнеше рет алдым. Үнемі еш қиындықсыз береді. Бәрін зерттеп, оқып таныссаң ғана визаны бірден аласыз. Белгілі виза алу қызметтеріне жүгінгенде, олар сізді қорқыта береді. Мысалы, сізде Шенген визасы жоқ екенін, тағы басқа неше түрлі сылтау айтады. Бірақ менің тәжірибем бойынша, бәрін өзіңіз жақсы білсеңіз, бірден ала аласыз. Шенген визасын алудың ең оңай жолы – талап етілген құжаттарды рет-ретімен дұрыстап тапсыру. Ал Америка бойынша ешқандай құжат тапсырмайсыз. Тек өздерінің анкетасын толық әрі шынайы толтырып беруіңіз шарт. Сол анкета бойынша сұқбат болады.

Саяхат барысында қолда-натын неше түрлі қосымшалар бар. Бір ғана қосымшаны айта алмаймын. Барлық қосымшаны қарап, зерттеп, ең қолжетімді бағадағы қызметтерді қолданамын. Азия мемлекеттері үшін бөлек қосымшаларды қараймын. Мысалы, Trip com, Skyscanner. Ал ТМД елдеріне барсам, aviasales пайдаланамын. Бұл бағдарламада біздің тур операторлар көбірек. Отель таңдау үшін ең жақсысы – booking. Мен парақшама бұл жөнінде ашық әрі көптеген қосымша туралы жазғанмын. Сол жерден білсеңіздер болады. Ең маңыздысы, гугл аударма мен картаны жүктеп алыңыз. Түркия, Әзербайжан, Грузия – өте жайлы мемлекеттер. Тілден де қиналмайсыз. Бірінші қадам – қорықпау. Қай жерде болсын, бір амалы табылады. Сондықтан батыл болып, бастап көру керек.

Әр турист – ақша...

Ақшаны төртке бөліп жинаған дұрыс деп ойлаймын. Біріншісі қандай да бір төтенше жағдай болып қалса немесе болашаққа қажет деп сақталса, екіншісі жалдамалы пәтерге төлеуге, үшіншісі саяхатқа деп ай сайын жиырма, отыз мың теңгеден салып отыру қажет. Төртіншіден, тапқан табыстан қайырымдылыққа да беріп отыру керек. Қазір бір айлыққа қарап отырсаң, ештеңеге жетпейді. Бірнеше жұмыс істеп жинаған дұрыс. 

Ішкі туризм мен үшін маңызды тақырыптың бірі. Шетелдік блогерлердің Қазақстанға келгеніне қатты қуанамын. Қазақстан туралы олар әлеуметтік желіде «дөрекі жауап берді», «байланыс ұстамайды» деген сияқты жағымсыз пікірлер білдіріп жатады. Олардың парақшаларында миллиондаған адам бар. Егер біздің елді мақтаса, бізге туристер келеді. Ал, керісінше, жамандаса, бізге ешкім келмейді. Әр турист Қазақстанның бюджетіне ақша тастап кетеді. Ол халықтың әлеуетін көтеруге сеп болады. Сондықтан тұрғындардың ашық болғаны жақсы. Бізде шетелдіктер кино түсіргісі келеді. Бірақ рұқсат беріле бермейді. Мысалы, Украина, Қырғызстан рұқсат береді ғой... Сондай-ақ, шетелдік саяхатшы блогерлерді шақырып, қонақжай екенімізді көрсеткеніміз дұрыс болар еді деп ойлаймын. Солай ішкі туризмді дамыта аламыз деп санаймын. Әсіресе, еуропалық блогерлерді шақырған абзалырақ. Неге дейсіз ғой? Олар біздің ел қауіпті деп ойлайды. Азиялықтар жалпы Қазақстанға келе бермейді. Алайда Қазақстанға сингапурлық досым келген. Алғашқыда ол келуге қорықты. Өйткені олар Қазақстанды қауіпті ел деп ойлайды екен. Әйтсе де ол Қазақстанды өз көзімен көріп, таңғалды. «Қатты қорқынышты емес, тіпті қауіпті емес екен ғой», – деді...

Ендігі баратын елім – АҚШ. Ол жақта әлі болмаған-мын. Аз уақытқа барам ба, әлде ұзаққа барам ба, белгісіз... Жалпы, ағылшын тілін білген адамға мүмкіндік мол. Мен ағылшын тілін қатты қалағандықтан бес айда үйреніп шықтым. Ал дәл осы уақытта жемісін көріп отырмын.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ұланның» жас тілшісі.

1028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз