Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 09 Ақпан, 2023

ҰРЛАНҒАН УАҚЫТ

Атамыз қазақ адам өмірінің шолақтығын «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп бекер суреттемеген. Болмаса, «бұл өмір көзді ашып жұмғандай-ақ» дейді, халық өлеңінде. Бір қызығы, бұл сөзді жер ортасы жасындағы егде адам да, жүз жасаған қария да айтқан. Ал енді осы қысқа өмірді біз қалай өткізіп жүрміз? Елімізге, өз атымызға, ұрпағымызға пайдасы тиер игілікті іс істедік пе? Артымызға із қалдырдық па? Әрбір жыл, ай, сағат, минуттарымызды пайдалы іске арнадық па? Қанша уақытымыз зиянды, жаман әдеттерге, уақытты босқа өлтіретін «еріккеннің ермегіне» кетіп жатыр? Пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын сақтау арқылы адам жасын қаншаға дейін ұзартуға болады? 

ӘЛЕМ ХАЛҚЫ...

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) зерттеуінше, адам баласы саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, ағзаға қажетті ұйқы жүйесін бұзбаса, зиянды әдеттерден аулақ болса, қоғам мен қоршаған ортадан қысым көрмесе, таза ауа мен табиғи пайдалы тамақпен қоректенсе, бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер мен тағамтанушылардың талабын бұлжытпай орындаса, 150 жылға дейін өмір сүру мүмкіндігі бар екен. Ғалымдар әлемнің әр түкпіріндегі тұрғындардың қанына, миына, жүрегіне, жасушаларына және басқа да ағзаларына зерттеу жасай отырып, осындай болжам жасаған. Бірақ дүние жүзінде ғалымдардың бұл болжамынан да ұзақ уақыт өмір сүрген адамдар болғаны туралы ақпарат бар. Мәселен, қытайлық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сычуань провинциясында 1677 жылы дүниеге келген Ли Циньюнь 256 жыл өмір сүріп, 1933 жылы 256 жасында қайтыс болған. Ол өмірінің көп бөлігін туған жеріндегі тауда емдік шөп жинап, ұзақ өмір сүрудің жолдарын зерттеумен айналысқаны жазылған. Ал мұсылман қауымына ислам әдебиеттері арқылы белгілі, топан судан өзімен бірге көптеген тіршілік иелерін аман алып қалған Нұх пайғамбардың 950 жыл өмір сүргені айтылады. Болмаса, Гиннестің рекордтар кітабына енген Грузияның Сачино елді мекенінде тұрған Антиса Хвичава есімді кейуана 132 жыл өмір сүрген. Сондай-ақ ол 60 жасында өмірге ұрпақ әкелгені туралы да деректер бар. Бұл ұзақ жасаған адам 2015 жылы қайтыс болған. Ал бұдан кейін әлемнің қарт тұрғыны болып саналып келген франциялық Люсиль Рандон 2023 жылдың 18 қаңтарында 118 жасына қараған шағында өмірден өтті. Әлемдік рекордтар кітабына енбесе де, халқымызда 100 жастан асқан қариялар бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да болар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем халқының өмір сүру ұзақтығының рейтінгісін жыл сайын­ шығарып отырады. Ол бойынша Швейцария, Швеция, Италия, Испания, Франция мемлекеттерінің тұрғындары 80-нен 85 жасқа дейінгі өмір сүрудің орташа ұзақтығымен көш басында тұр. 193 мемлекет азаматтары өмір сүруінің орташа ұзақтығы сарапқа түскен бұл рейтингте Қазақстан тұрғындары 73 жаспен 105-орынды иеленіпті. Бұл тізімнің соңында орташа өмір сүру ұзақтығы 53 жаспен тұйықталған, Орталық Африка Республикасы секілді ондаған дамушы елдің халқы жүр.

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕР ҚАНША ӨМІРДІ ҰРЛАЙДЫ?

Міне, әр елдегі осындай ондаған немесе жүздеген тұлғалар ғана 100 жылдан артық өмір сүргені болмаса, жалпы халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы «пайғамбар жасы» делінетін 63-тің бергі жағы мен арғы жағында ғана. Енді осы 63 жасты халықтың бір тәулікте жұмысқа, ұйқыға, тамақ ішуге, жолсапарларға, телефонмен сөйлесуге деген сияқты қажеттіліктеріне бөлсек төмендегідей болып шығады.

1.Негізінен елдің бәрі бала күнінен оқитынын ескерсек, 10-11 жыл мектепте, 2-8 жыл орта және жоғары оқу орнында оқығанда адам өмірінің 2-3 жылы оқуға жұмсалатын көрінеді.

2.Күніне 8 сағат жұмыс істесе, 21 жылы жұмыс істеуге кетеді екен.

3.Дәрігерлер адамның тынығып, қалпына келуі үшін 8 сағат ұйықтауы керек десе, осыны орындаған жан 21 жылын ұйқыға жұмсайды.

4. Адамның алты жылы тамақ ішуге, бес жылы жолсапарға кетеді екен.

5. Ал өмірдің үш-төрт жылы телефонмен сөйлесу, әлеуметтік желілерге жұмсалады.

6.Өмірдің екі-үш жылы телевизор көріп, концерт, театрға баруға кетеді.

7.Адам баласының қалған 2-3 жылы зиянды әдеттерге жұмсалатын көрінеді.

Бұл зиянды әдеттерге көп жолай қоймайтын, салауатты өмір салты мен қағидаларын ұстанатын адамның өмір сүру кестесі. Ал енді зиянды әдеттерге бала жасынан үйір болған адамдарға келсек, қорқынышты цифрлар шығады. Жалпы әлемде зиянды әдеттердің ең көп тараған түрі бүгінде шылымқорлық болып отыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 10-12 жасында-ақ шылымның түтініне тұншығатын жасөспірімдер бар екен. Қазіргі таңда осы темекінің электронды түрлері шығып, 14-15 жасар қыздардың өзі бұған әуестене бастаған. Жалпы жасөспірімдер арасында электронды темекіге әуестенушілер өте көп. Сонымен ДДҰ-ның зерттеулеріне сүйенсек, өз өмірінде 30-40 жыл темекі тартқан адамның өмірі 10 жылға қысқарады екен. Ал сыра мен басқа да алкогольді ішімдіктерге әуестенген пенденің 8-10 жыл уақыты осы өнімдерді тұтынуға жұмсалып, өмірі 13-15 жылға азаятынын дәрігерлер дәлелдеген. Бұдан кейін бүгінде індетке айналып отырған зиян­ды әдеттің сорақасы – нашақорлық. Елімізде бұл дертке жасөспірімдердің алды 15-16 жасынан ілінуде. Нарколог дәрігерлердің зерттеуінше, есірткіге елтіген жанның өмірі тым қысқа болады екен. Химиялық есірткіні 10 жыл тұтынған адамның күндердің бір күні есірткінің артық мөлшерінен өмірі қиылатынын айтады. Жалпы есірткіні тұтынғандардың 10 пайызы ғана ұзақ емделіп, қалыпты өмірге қайта орала алады. Шындығын айтқанда, адамның өмірі мен уақытын ұрлайтын мұндай зиян­ды әдеттер бүгінде тым көбейіп кетті.

Соның бірі – құмар ойындар. Бар тапқанын аппараттағы ойындарға салып, «темір ойыншымен» сағаттап «төбелесіп» тұратындар баршылық. Бұдан бөлек казино жағалап, онда шылымын да шегіп, ішімдігін де ішіп, «миллион салып, он миллион ұтам» деп, сонда апталап жүріп, көлігі, пәтерін ұттырып, соңында өзі суицид жасаған­дар қаншама? Зиянды әдеттерге құмарлардың қатарында карташылар да жүр. Ази, тренга, преферанс, бридж, вист, кинг, покер деген карта ойын­дарының түрлері оннан асып кетеді. «Ұтылған ақшасын қайтарамын» деп күні-түнін сарп ететін құмарпаздар

 

КОМПЬЮТЕРЛІК ОЙЫН МЕН СЕРИАЛДАР СЕРГЕЛДЕҢІ

 Ғылым мен техника дамыған сайын халықтың уақытын ұрлайтын «еріккеннің ермегі» дейтін дүниелер қаптап кетті. Солардың басында компьютерлік ойындар тұр. Оның карта болып ойналатыны да, атыс-шабыс түрлері де, шахмат, дойбы секілді интеллектуалды ойындары да бар. Бірақ қайсысы болмасын, адамның уақытын ұрлайды. Әсіресе атыс-шабыс ойнаған жасөспірімдердің психологиясы бұзылып, «олардың арасынан қатыгез, қылмыскерлер қатары қалыптасады»,–дейді мамандар.

Адамның уақытын ұрлайтын дүние­лердің қатарына бүгінде «мың бір түннің» ертегісі секілді бітпейтін телесериалдар қосылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Просто Мария» болып келген сериал түрік, үнді, кәріс, қытай, орыс кинолары болып, киноқұмарлар қатарын көбейтті. Бұл әдеттің түрін психология ғылымында «киномания» дейді. Қазіргі таңда сериал, киноны теледидардан ғана емес, компьютер, ноутбок, телефондардан да көре беретіндей қолжетімді болып алды. Тіпті оған тәуелді болған жасөспірімдер қоғамдық көліктерде отырып та, тұрып та сериалға сана-сезімдерін байлап отырады. Оған интернетінің мегавайты кетіп жатады, телефонының қуаты кемиді, ең сорақысы көзі құрып, санасы уланады. Кинодан көргендерін «өмірде істейміз» деп, оқыс жағдайға ұрынып жататын жасөспірімдердің обалы кімге?

КЕПТЕЛІС ПЕН КЕЗЕК КҮТУ, РЕНІШ ПЕН КҮЙЗЕЛІС...

Қазіргі таңда елімізде азаматтар уақытын ұрлау мәселесі де әлі толық шешімін тапқан жоқ. Соның бірі – көлік кептелісі. Кептеліс Алматыда басталып, кейін Шымкент, Астана, Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен сияқты үлкен қалалар мен облыс орталықтарының бәрін қамтып барады. Әсіресе Алматыда ертеңгілік жұмысқа келгенде 1,5-2 сағат, кері қайтқанда тағы 1,5-2 сағат уақытын көлік кептелісіне жоғалтатындар бар.

Бұдан кейін тұрғындар уақытын ұрлайтын мәселенің екіншісі – емхана­лардағы кезек. Мемлекет басшысы «цифрландыруға көшіңдер» деп қанша айтса да, Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, қалалық, аудандық денсаулық сақтау басқар­малары болып бұл мәселенің оңды шешімін таба алмай келеді. Ол бойынша тұрғындар өзі қаралатын ем­ханаға хабарласып, керекті дәрігердің қабылдауына жазылып, сол уақытқа баруы керек. Былай қарап тұрсаң, ешбір қиындығы жоқ. Бірақ шешілмей-ақ қойды. Соның салдарынан тұрғындар емханаларда дәрігерді күтіп, 1-2 сағат уақытын жоғалтады.

Мұндай уақыт жоғалтып, тұрғын­дардың жүйкесіне тиетін мәселенің тағы бірі тиісті мемлекеттік орган­дарға жазған хаттар мен өтініштердің кешіктірілуі немесе бірінен екіншісіне сілтеп, жұртшылықтың жүйкесіне тиетін әрекеттер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып, елді тыңдайтын, «еститін Үкімет» болуы керектігін үнемі тапсыруда. Егер тұрғындар уақытын ұрлайтын осы мәселелер оң шешімін тапса, халық реніш пен күйзеліске түспес еді.

 

ЖАҚСЫДАН ҮЙРЕН, ЖАМАННАН ЖИРЕН

Адамның уақытын ұрлайтын мәселенің көбі зиянды, жаман әдеттерге ұрынудан, бой үйретуден туындайды екен. Ал ол жаманшылық адамға қайдан, қалай жұғады? Қасиетті дінімізде  «Әр сәби өмірге күнәдан таза болмыспен келеді» деген екен. Ендеше баланы сол пәк қалпында тәрбиелеп, саналы адам қатарына қосу әр ата-ананың қасиетті борышы емес пе? Одан кейінгі тәрбиені сәби балабақша, мектеп, орта және жоғары оқу орнынан алады. Олай болса, тәрбиешіден бастап, мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындарының да ұстаздарына  артылар міндет үлкен. Сондықтан олардың бүгінгі тәрбиелеп отырған шәкірттері ертең ел басқаратын азаматтар болатынын сезінуі, түсінуі тиіс. Оларды жақсыға үйретіп, жаманнан жирентіп, дана Абай айтқандай, «толық адам» тәрбиелеп шығуды мақсат тұтуы қажет. Ең бас­тысы, біреудің де уақытын ұрламай, өз уақытымызды да жоғалтпай, баға жетпес байлығымыздың қадіріне жетейік.

Нұрболат Сұлтанғазин
«Ana tili»

1679 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз