Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Ақпан, 2023

Шолпан ӘЙТЕНОВА, экономист: «Кедейлік тұзағы» бар екенін ұмытпайық

Балалар кедейлігінің тарихы ғасырларға созылады. Ертеде кедейлердің балалары отбасын асырау үшін жұмысқа жегілген. Байларға құлдыққа сатылған. Өнеркәсіптік дәуірдің басында кедей отбасылардың балалары зауыттарда жұмыс істеген. Бұл олардың дамуына кері әсер етті, өмір сүру ұзақтығын қысқартты, бала өлімінің жоғарылауына әкеп соқты. Қазір заман басқа. Балалар кедейлігі басқаша сипат алды. Балалар кедейлігі дегенде ішерге тамақ, киерге киім таппай отырған бала елестейтін шығар, бәлкім. Алайда балалар кедейлігі деген түсініктің ауқымы үлкен. Бұл – азық-түлік, баспана, киім-кешек жетіспеушілігінен бөлек, білімге, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмау, өсуі мен дамуы үшін жеткілікті ресурстар мен мүмкіндіктердің болмауы. Әлемнің кейбір елдері халықтың кедейшілігінен балалардың кедейшілігін бөліп қарастырады. Ал Қазақстанда бұл мәселе соңғы екі жылдан бері ғана айтылып келеді. Осы мәселені бірінші болып көтерген экономист-сарапшы Шолпан Әйтеновамен сұқбатымызды ұсынамыз.

– Балалар кедейлігі осы уақытқа дейін неге айтылмай келді? 

– Балалар кедейлігі шетелде өзекті мәселе болып есептеледі. Өйткені бұл мәселенің қоғамға, ұлтқа ұзақ мерзімді кері ықпалы бар. Ал біздің қоғамда балалар кедейлігі деген ұғым жоқ. Бұл мәселені екі жыл бұрын мен қозғадым. ЮНИСЕФ-тің 2018 жылы шыққан «Қазақстан балалары» деген есебінде Қазақстандағы кедейлердің 90 пайызы көпбалалы отбасы екен. Ал қазақстандықтардың 40 пайызы – балалар. Есептей келгенде, 6 миллион баланың 1 миллионы кедей болып шықты. Кедейліктің зардабын ересек адамдар ғана емес, балалар да тартады. Сол кезде бұл тақырыпты зерттеп, мақала жаздым. Осыдан кейін саясаттанушылар, депутаттар да балалар кедейлігі туралы айта бастады. Асхат Аймағамбетов министр кезінде «табысы аз отбасылардың балаларына үйірмелерді қолжетімді жасаймыз» деді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы балаларға мектеп формасын, оқу-құралдарын таратып, заттай көмек көрсетсе, кейіннен ақшалай түрінде береміз дегені есімде. Бұдан басқа ешкім ешқандай реакция білдірмеді. 

– Алайда жәрдемақы беру кедейліктен құтқара ма? 

– Табысы аз отбасыларға жәрдемақы беру – мемлекеттің кедейлік мәселесін шешудегі бір тәсілі. Өз басым бұл тәсілді қолдамаймын. Өйткені берілген жәрдемақы баланың өзіне емес, сол отбасының несиесін жабуға жұмсалып жатқанын көріп жүрміз. Негізінде бала үшін берілген жәрдемақы бақылануы керек еді. Ал кейбір отбасыларда жәрдемақы тамақ алуға да жетпейді. Бірақ балалар кедейлігі деген аш отырумен ғана шектелмейді, бұл өте ауқымды мәселе. Балалар кедейлігі туралы дүниежүзілік анықтамада былай делінген: жақсы білім алуға, дұрыс медициналық көмек алуға, жақсы тамақтануға баланың қолы жетпесе, бұл – кедейлік. Өйткені, бала жөнді білім алмаса, денсаулығында кінәрат болса, оқу оқып, жұмыс істей алмаса, кәсіби маман бола алмайды. Табыс тауып, мемлекетке салық төлейтін қоғамдағы сапалы азамат болуына кедейлік әрқашан кері әсер етеді. Балалар кедейлігіне неге баса назар аударуымыз керек? Егер үлкендер кедей болса, «өзінен көрсін» деп айтамыз. Себебі, үлкен адамдарда бай болып өмір сүруге де, кедей болып өмір сүруге де таңдау бар. Ал балаларда бай немесе кедей отбасында өмірге келуіне еш таңдау жоқ. Сондықтан үкімет бала кедейлігіне байланысты жеке саясат ұстануы керек деп ойлаймын. 

– Қазақстанда ArtSport үйірмесі бар, Президент жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады деді. Бұл да кедейлік мәселесін шешудің тәсілі емес пе? Балалар кедейлігінен бөлек, үлкен адамдардың кедейлігімен қаншалықты күрес жүріп жатыр? 

– Елімізде кедейлікке қарсы бағдарлама 2004 жылы қабылданған екен. Одан кейін кедейлік ресми түрде жойылды деп есептеліп келеді. 8 пайыз ғана халықтың жағдайы нашар, оның өзі жәрдемақы алады екен. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» деген бағдарламасы болды. Осы бағдарлама арқылы кедейшілікпен жанама күресудің жолдары жасалды. Адамдарды оқытып, несие беріп, бизнеспен айналысуына жол ашуға тырысты. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама орындалуы жағынан нәтижелі болған жоқ. Ауыл мен қаланың жағдайы әртүрлі екені белгілі. Мысалы, Түркістан облысы – еліміз бойынша ең көпбалалы аймақ. Кедейлік бойынша да осы облыс алда. Түркістан облысы қалалық емес, ауылдық жерден тұрады. Кедейлікпен күресудің бірден-бір жолы – әйел-еркек демей жұмыс істеп, мемлекетке салық төлеу. Егер көпбалалы отбасы болатын болса, мемлекет ақша беру арқылы емес, балабақшалар салып, мектептер ашып, ата-аналарды баладан босатып, жұмыс істеп, табыс табуына жағдай жасау қажет. Баланы жәрдемақы үшін емес, әр адам өзі үшін дүниеге әкелу керек деген ұстанымды насихаттап, қоғамның сауатын көтеру керек. 

– Кедейлік біздің елде ғана емес, басқа елдерде де бар. Әлем елдері бұл проблеманы қалай шешіп жатыр? 

– Бұл дамыған елдерде де өзекті проблема болып саналады. Мысалы, Ұлыбританияда халық «балам көп, қарайтын адам жоқ, жұмыс істемеймін» дейді. Ал Ұлыбритания үкіметі «балаңызға қарайтын балабақша ашып береміз» дейді. Ал Норвегияда «балаңыз көп болса, салықты аз төлейсіз. Сонда отбасыңызға табыс көп қалады» деген үгіт-насихат жүргізіледі. Кейбір елдер әр балаға ақша төлемейді, керісінше, инфрақұрылымды қолжетімді жасаймыз дейді. Оқуды, медициналық көмектерді тегін жасау арқылы бұл мәселені шешіп жатқан елдер де бар. Адамдардың жұмыс істеуіне осылай ынталандырады. 

– Баланың кедейлігі оның психологиясына қалай әсер етеді? Кішкентай кезінде кедей отбасында өскенімен, болашақта ол үлкен ғалым немесе кәсіпкер болып кетуі мүмкін ғой. «Жоқ жерден шықсақ та, бүгінде ешкімнен кем емеспіз» деген пікір де бар қоғамда...

– Адам кедейліктен өзге ешқандай игіліктер көрмесе, қазіргі жағдайы қалыпты болып көрінеді. Бұл «кедейлік тұзағы» деп аталады. «Бәріміз сөйтіп өмір сүрдік қой» деген сөз одан артық жақсылық көрмегеннен кейін айтылады. Бұл дегеніміз – адамның дұрыс оқымауы, оңды жұмыс істемеуі, үйленген соң әйеліне жұмыс істеткізбей, өзі ғана тапқан ақшаның жеткілікті болып көрінуі және отбасын дұрыс жоспарламау. «Баланы асырай аламыз ба, асырай алмаймыз ба?» деген сұрақты өзіне қоймастан, «елдің бәрі біз сияқты өмір сүріп жатыр ғой» деген ойдың болғаны – «кедейлік тұзағынан» шықпағандық. Әйтпесе неге көпбалалы отбасылар кедей өмір сүріп жатыр? Бала кедейлікте өмір сүрсе, денсаулығы да дұрыс болмайды. Өзіңіз ойлаңызшы, макарон өнімдерін жей берген адамның бойында қандай дәрумендер болады? Денсаулық сақтау бойынша халықаралық көптеген зерттеулер бар. Бала 12 жасқа дейін ағзасына керекті дәрумендерді толық алу керек. Толық тамақтанған баланың миы жақсы дамиды, физикалық жағынан мықты болады. Бала жақсы тамақтанса, денсаулығы жақсы болады, денсаулығы жақсы бала сабақты да жақсы оқиды. Бұл жерде кедейшіліктің неден басталатынын түсініп алғанымыз абзал. 

– 1 миллион бала кедей-лікте өмір сүріп жатыр деген статистика бүгінде өзгерді ме? 

– ЮНИСЕФ-тің Қазақстан-дағы кедейлік туралы есебі әлі шыққан жоқ. Бірақ жақында қызық статистика оқыдым. 2021 жылдың соңында Қазақстанда кедей отбасылардың жалпы саны қысқарды деген жаңалықты Ranking.kz мамандары айтыпты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 10,2% аз екен. Кедей отбасылар санының азаюы қалада да, ауылдық жерлерде де байқалған. Мәселен, 2,1 мыңға жуық кедей отбасы – қалаларда, 2,6 мыңға жуық отбасы ауылдарда тұрады екен. Бірақ бұл жерде де ресми түрде кедейлікте қанша бала өмір сүріп жатқаны саналмағанын көріп отырмыз. Кедейлікке қандай себептері бар? Оны жою үшін не істеуге болады? Өйткені балалар – біздің болашағымыз. Бүгінгі балалар – ертеңгі салық төлеушілер әрі мемлекетімізді ұстап тұратын халық. Сондықтан «кедейлік тұзағы» бар екенін ұмытпайық! 

– Сұқбатыңызға рақмет! 

Сұқбаттасқан 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы

985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз