Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Сәуір, 2024

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық мораліне қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз Батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!
Деструктивті насихаттарға еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды», – деп дәстүрлі отбасылық құндылықтардың маңызына тоқталды. Осы орайда Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қыз­меткері, дінтанушы Бақытжан Сатершиновпен шағын сұқбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 

– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дегенмен соңғы кездері жастардың жат ағым жетегіне еріп кетуі белең алып бара жатқандай көрінеді. Озық ойлы, білімді, еліне, ұлтына жанашыр жастар жат ағымның торына түспеуі үшін нені білуі, қандай қағидаға сүйенуі керек?
– Иә, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бірақ зайырлылық деген ұғым атеизм дегенді білдірмейді, яғни дінді теріске шығармайды. Әлемде 200 мемлекет бар болса, оның саусақпен санарлығы ғана атеистік мемлекет. Мысалы: Солтүстік Корея, Куба т.б. бұрынғы социалистік лагерьден қалған мемлекеттер. Дәл сол сияқты азғантай ғана теократиялық мемлекет бар деп есептеледі. Мысалы, Ватикан, Иран, Судан... – саусақпен санарлықтай. Ал саяси субъектілердің, яғни дербес мемлекеттердің басым бөлігі зайырлы мемлекет, зайырлы елдер деп есептеледі. Осы мемлекеттердің әрқайсысының дін мен мемлекет арақатынасының үлгісі немесе олардың дінге қатысты қолданатын мемлекеттік саясаты әртүрлі. 
Қазақстанның да дін саласына қатысты мемлекеттік саясатында өзіндік үлгісі бар. Біріншіден, Конституцияға, содан кейін салалық нормативтік заңнамаға негізделеді. Салалық нормативтік заңнама деп отырғанымыз Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы бар. Соған сүйенеді. Конституциямыз бойынша елімізде әрбір азамат ар-ождан бостандығына ие және дін ұстану еркіндігіне ие. Ал зайырлық ұстыны бойынша мемлекет, мектеп, саяси бірлестіктер діннен бөлінген деп есептеледі. Бірақ қоғам, қоғамдық ұйымдар, қоғамдағы жеке адам – бұлар діннен бөлінбейді. Олар қоғамдық негізде жеке өмірінде дінді ұстанамын десе де, ұстанбаймын десе де – әркімнің өз еркінде. 
Қазақстанда Әділет министрлігіне тіркелген, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан екі мыңнан асатын діни ұйым бар. Олар заңды түрде тіркелген. Біз айтқан Діни қызмет туралы заңның кіріспесінде: «Елімізде ханафилік мәзһабтарда суниттік исламның және православиялық христиан дінінің тарихи мәдени рөлі мойындалады», – деп жазылған. Сондықтан бұл екі аталмыш дін Қазақстанда дәстүрлі дін деп есептеледі. Қазақстанның 70%-дан астамы мұсылман дінін ұстанғандықтан, ханафилік мәзһабтағы суниттік ислам негізгі дәстүрлі дін болып есептеледі. Ал, енді славян халықтары православиялық христиан дінін ұстанғанымен, олардың үлес салмағы өте аз. Сондықтан ханафилік мәзһабқа үлкен көңіл бөлу керек. 
Жастар деструктивті діни ұйымдардың жетегінде кетіп жатыр және оны қалай тоқтатуға немесе алдын алуға болады деген негізгі сұраққа көшейін. Ең біріншіден, жастарымыз заңды білуі керек. Өзінің Конституциялық құқығы мен міндетін жақсы білгені дұрыс. Екіншіден, барынша абай болғаны жөн. Иә, заңды түрде тіркелген ұйымдар, одан өзге тіркелмеген ұйымдар бар. Олар да өте белсенді жұмыс істейді. Көшеде немесе әлеуметтік желілерде жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан жастар олардың Әділет ұйым­дарына тіркелген-тіркелмегенін нақты білуі қажет. Үшіншіден, азаматтардың діни сауаты болғаны, білімді жергілікті діни орындардан, мешіттерден алғаны дұрыс. 
– Қазақтың өзіне ғана тән, ата-бабамыздан келе жатқан отбасы құндылықтары, ұлттық салт-дәстүрі бар. Соңғы кезде құндылықтарымызды жоққа шығарып, бұра тартып, «ақыл» айтатындардың қатары көбейді. Қайт­пек керек? 
– Ұлттық салт-дәстүр, Отбасы инс­титуты, дәстүрлі құндылықтарды бұрмалап, оларды теріске шығарып жүргендер – көптің көкейіндегі толғандырып жүрген мәселенің бірі. 
Қазір дәстүр мен діннің арасы, ұлттық тиесілік пен діни тиесіліктің арасы, ислам мен тәңіршілдіктің арасы, неосалафилік бағыттағылар мен тариқаттар арасы, сопылық тариқаттар, ясауишілдік, нақшбандилік тариқаттардың өкілдері арасында қақтығыстар жиі байқалады. Әсіресе жат жерлік неосалафилік бағыттағылар ұлттық дәстүрді теріске шығарады. Байқап отырмыз, қоғамда, әлеуметтік желіде осылардың кесірінен ислам дінін теріске шығаратын топ пайда болып отыр. Ислам, әрине, жалпы адамзатқа арналған дін. 
Дәстүр мен дін арақатынасына келсек, елімізде, сонымен қатар қоғамдық негізде жұмыс істейтін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы дәстүрлі дінді алдыңғы орынға қойып жүр. Яғни он екі ғасырдан бері ислам діні қазақ даласына кіргеннен кейінгі ұстанып келген жолы – ханафилік бағыттағы матуридилік танымдағы сүннелік ислам жолы. Дәстүр ислам дінін насихаттауда тариқаттарда үлкен рөл атқарады. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы сөзінде дәстүрлі діннің ғылыми-теориялық негізін жасауды тапсырған болатын. Сондықтан дін саласындағы негізгі жұмыс осы дәстүрлі дінді негіздеуге байланысты. Сіз айтып отырған «ақыл» айтушыларға қалай тосқауыл қоюға болады дегенде, біз мына нәрсені ескеруіміз керек. Қазақстан зайырлы демократиялық мемлекет болғандықтан, онда Азаматтық қоғам институттары жан-жақты жұмыс істейді. Адамның көзқарасы әрқилы, яғни плюрализмді мойындайды. Сондықтан әртүрлі көзқарастағы, оның ішінде діни көзқарастағыларға заң жолымен тыйым сала алмайды. Егер олар тек заңда қарастырылған шамадан, мөлшерден артық кетіп жатса, заңнан аттап кетіп жатса, онда жауапкершілікке тартылады. 
Біздің қоғам плюралистік-өркениетті қоғам екенін ескеріп, соған басымдық беруіміз қажет. Кез келген адамның құқығын мойындай отырып, олардың бірегейлікке, тұтастыққа сына қағатын жері болса, ұлттық, ділдік ерекшеліктерімізді көбірек сіңіретіндей бағытта жұмыс істеуіміз керек. 
Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы белсенді жұмыс істеуі әрі бәсекеге қабілетті болуы керек. Нәсілшілдік мақсаттағы, жаман пиғылдағы діни ұйымдармен бәсекеге қабілетті болуы үшін IT-технологияны жетік меңгеруі қажет. Офлайн, онлайн форматты жақсы білгені, жұмыс істеуді меңгеруге тиіс. Сонымен қатар тек діни ұйым ғана емес, ғылым орталықтары да осы бағытта терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек. Демократиялық принциптерді сақтаумен қатар, өзіміздің дәстүрлі отбасылық институтымызды нығайтқан дұрыс. Сол кезде ғана біздің тәуелсіздігіміз, дербестігіміз, егемендігіміз сақталатын болады. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдагүл Балаубаева

 

4487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз