Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 04 Наурыз, 2023

Сағат сатып алғанмен, уақытты сатып ала алмайсың

Уақытты басқару, оны зая кетірмеу – барлық кезеңдегі ең басты проблеманың бірі. Адам баласы өмір сүріп жатқан жерде уақыттың құндылығы ешқашан жоғалмайды. Ал уақытқа немқұрайлы қараған адам өмірге жауапкершілікпен қарай алмайды. «Уақытым бар ғой, ертең істеймін» деп әр нәрсені ертеңге қалдыра берген адамдар ешқашан өмірінен ләззат ала алмайды.

Қазір осы мәселенің алдын алу үшін, адамдарға өз уақытын басқаруға оң бағыт-бағдар беру үшін неше түрлі мүмкіндік жасалып жатыр. Қаншама подкаст, қаншама сұқбат, қаншама кітап осы тақырып аясында сыр шертеді. Жақында уақыт тақырыбында Шынар Әділованың «Тайм менеджмент: Уақытыңды басқар» кітабын оқыған болатынмын. Сол кітапты негізге ала отырып, бір күнді пайдалы өткізудің жолдарын жазбақшымын.

КҮНІҢДІ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛЫ ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ?

Қазір уақытты біз басқармасақ, уақыт бізді басқарып кететін заман. Сондықтан адам баласы уақытты уысында ұстауы үшін үнемі бір күндік жоспар жасап отыруы керек. Уақытты басқару жөніндегі сарапшы Алан Лайкеннің айтуынша, адам бір күндік жоспар құру арқылы бірінші күннен уақытының 25%-ын үнемдей алады. Адам бір іспен 21 күн тұрақты түрде шұғылданып отырса, ол іс оның әдетіне айналады екен. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырым. Егер біз алдағы 21 күнде жоспармен жүретін болсақ, одан кейінгі күндері ешқашан жоспарсыз жүре алмаймыз деген сөз.

Бір күнді дұрыс жоспарлау үшін оны алдын ала жоспарлау қажет. Мысалы, ертеңгі күннің жоспарын бүгін кешке отырып жазамын. Сонымен қатар атқарылуға тиіс істі рет-ретімен орындау үшін санмен не болмаса әріппен белгілеп қойған жөн. Алдымен атқарылу мерзімі қатаң белгіленген істі орындау керек. Содан кейін орындалуы ұзақ уақытты талап ететін істерді орындауға тырысасыз. Егер одан кейін де уақыт артылып жатса, атқарылу мерзімі қатаң белгіленбеген істерді жоспарыңызға түртіп қойыңыз. Иә, кейде біз ойламаған, жоспарламаған оқиғалар болып жатады. Бірақ, оларды да жоспарға қосып әрекет ету керек. Осы тұста істердің маңызына қарай қалай дұрыс жоспар құруға болады?

«ЭЙЗЕНХАУЭР МАТРИЦАСЫ»

АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр де уақытты басқаруды басынан әдетке айналдырған. Ол қолданған әдіс тарихта «Эйзенхауэр матрицасы» деген атпен қалған. Эйзенхауэр матрицасы бойынша, әрбір істі маңызы мен жеделдігіне қарай төрт топқа бөліп қарастыруға болады:
– Маңызды әрі жедел (ертең болатын математика сабағының есебі);
– Маңызды және жедел емес (диплом жазу немесе емтиханға дайындалу);
– Маңызды емес, жедел (телефон қоңыраулары, күтпеген қонақ);
– Маңызды емес, жедел емес (уақытты ұрлайтын іс-әрекеттер).
Дуайт Эйзенхауэр жоспарын жасаған кезде барлық істі осы маңызына сәйкес бөліп, рет-ретімен орындап отырған.

ГАДЖЕТТЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

Қазір ғаламды техника жайлаған кезең. Бірақ, кейде техника адамзатқа қаншалықты пайдалы болса, соншалықты зиян келтіріп жатады. Мәселен, смартфондар бізді қаншама шақырым қашықтықтағы адаммен байланыстыра алға-нымен, уақытымыздың біраз бөлігін ұрлайды. Оның ішінде қажетсіз телефон қоңыраулары бар, әлеуметтік желілер мен түрлі ойындар бар. Соның салдарынан қазір адамдар смартфонға тәуелділіктен құтыла алмай жүр. Оны қалай шешуге болады?
1. Телефон қарауға, әлеуметтік желілерге кіруге белгілі бір уақыт бөліңіз. Мысалы, 11:00-12:00 әлеуметтік желілерді, әлемдегі соңғы жаңалықтарды көзбен шолып шығамын деген секілді;
2. Сізді ісіңізден алаңдата-тын хабарламаларды телефо-ныңыздың баптауынан алып тастаңыз. Сонда кедергі келтіретін хабарламалар сізді мазаламайтын болады;
3. Жақындарыңызға өзіңіздің қай уақытта әлеуметтік желілерді қолдана алатыныңызды айтып қойыңыз. Сонда басқалар сізді көп мазаламайтын болады. Сәйкесінше, сіз уақытыңызды үнемдейсіз.

P.S. Егер адамда «осыны істеймін» деген ерік-жігер болмаса, бұл іс нәтижесіз қалады. Біз қанша жерден бұл істің дұрыс екенін біліп тұрсақ та, оған салғырт қарап, қызық үшін бастаған болсақ, ешқашан жемісін жей алмаймыз. Сондықтан әр істі саналы түрде үлкен құлшыныспен бастау керек. Адам жоспар құруды кішкентай кезінен әдетке айналдыруға тиіс. Мәселен, қарапайым мектеп тапсырмаларын орындағанда да әр тапсырманы маңызы мен мерзіміне қарай бөліп үйрене білу қажет. Кішкентай кезінен уақытқа бей-жай қарамаған баладан болашақта білікті маман шығатыны анық.

Аяулым АБАЕВА
«Ұлан» газеті

3230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз