Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Наурыз, 2023

Географиялық карталардағы жер атаулары – мемлекеттілік нышаны

Жуырда АҚШ-тың Харвард университетінде «XVI – XIX  ғасырлардағы Қазақ хандығы және оған шектес облыстар жөніндегі тарихи карталарды оқу» атты тақырыппен ОрталықАзия ғалымдарының симпозиумы өтті. Ғылыми жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Кенжеахметтің екі ғылыми монографиясы таныстырылды.

 

Симпозиумге АҚШ-тың үздік университеттерінің ғалымдары қатысып, 

XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы мен Орталық Азия аймағына қатысты еуропалық және қытайлық тарихи карталарға назар аударды және осы саладағы соңғы өзекті зерттеулерментаныстырды. Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Кенжеахметтің Қазақ хандығы мен тұтас Еуразия аймағының тарихи географиясына арналған екі ғылыми монографиясы талқыланды. Сонымен қатар, симпозиум аясында Харвард университетінің кітапханаларында сақталған, Қазақ хандығы мен Орталық Азия аймағына қатысты аса құнды тарихи карталардың арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

Нұрлан Кенжеахмет – тарихшы ғалым,  картография маманы. 

Тарихи картография ғылымы құнды дереккөз саналатын тарихи карталарды зерттеу арқылы мемлекеттер, елді мекендер, жер көлемі сынды маңызды мәліметтерді анықтайды. Германияда көп жыл бойы ғылыми зерттеумен айналысқан, сегізтілді жетік меңгерген тарихшы ғалым Н.Кенжеахмет соңғы екі жылда Харвард университетінің арнайы ұсынысымен сонда ғылыми жұмыстарын жалғастырып жүр. Тарихшы ғалым бұған дейін де ұзақ жылдық зерттеулерінің нәтижесі іспетті бірнеше ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Бұл еңбектер шетелғалымдарының назарын аударып, Орталық Азия аймағының тарихи картографиясын зерттеу саласына тың серпін берген болатын. Әсіресе, ғалымның 2022 жылы Германияның Alexander von Humboldt қорының арнайы қолдауымен «OSTASIEN Verlag» баспасынан шыққан «Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the 13th to the Mid-17th Centuries»  – «XІІІ – ХVIІ ғасырлардың ортасында географиялық әдебиет пен карталарда көрініс тапқан Еуразияның тарихи географиясы» атты іргелі еңбегінің орны ерекше. Ғалым бұл монографиясында XIII – XVII ғасырлардағы тарихи географиялық жазбалар мен тарихи карталарды салыстыра зерттеу арқылы тұтас Еуразия аймағының тарихи географиясын жаңаша пайымдап, тың тұжырым жасайды. Аталмыш еңбек картография саласындағы ғасырлық сырларды ашып, географиялық, картографиялық зерттеу саласына тың жаңалық, жаңа көзқарас әкелген еді.

Ал ғалымның жақында ғана жарық көрген «European-Chinese Imperial Maps and Gazetteers Related to the Kazakh (Qazaq) Khanate and Its Adjacent Regions from the 16th to the 19th Centuries» – «XVI – XIX ғасырларда Қазақ хандығына және оған шектес аймақтарға қатысты еуропалық және қытайлық империялық карталар мен анықтамалықтар» деп аталатын жаңа монографиясында еуропалық, ресейлік, шүршіт-қытайлық және шығыстық карталар мен мұрағаттық деректерді тарихи, этимологиялық, салыстырмалы лингвистикалық әдістер арқылы сараптап, XVI – XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы мен іргелес Орталық Азия (Батыс Сібірмен бірге) аймағының тарихи географиясы мен тарихи шекарасын жан-жақты зерделейді.

Н.Кенжеахмет мемлекет тарихы мен шекарасын айқындауда тарихи географияның маңызы зор екенін атап көрсетеді. «Қазақстанның тарихи-географиялық картасына бұрын қазақ халқына қатысы болған барлық тайпа мен ұлт территорияларының барлығын кіріктіріп сызу керек» деп санайды ғалым. Қазіргі геосаяси жағынан күрделі әлемде  әр мемлекеттің тарихи-географиялық картасының болуы өз егемендігін сақтаудың, қауіпсіздіктің бір кепілі.  Өткен ғасырлардағы карталарда белгіленген топинимикалық атаулардың шығу тегін зерттей отырып, тарихи географиялық карта сызу қазақ жеріне қатысты дау-дамай туындамауы үшін қажет.  Ғалымның айтуынша, орта ғасырлардағы тарихи еңбектер саяси тұрғыдан бұрмаланбаған. Сондықтан да ғылыми негізге алуға лайықты әділ дерек деп қабылданады. Тарихшы Н.Кенжеахметтің жаңа монографиясы алдағы уақытта өз елімізде де жарық көрсе, отандық тарихымызға қосылған сүбелі еңбек болары сөзсіз.  

 

Дина Тазабекқызы

408 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз