Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 25 Мамыр, 2023

Батырды еске алуға арналған мемориалдық мурал ашылды

Павлодар қаласында батыр Мейіржан Көпбосынұлы Аймановты еске алуға арналған мемориалдық муралдың ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Ол «Халық қаһарманы» атағын қайсар, жанқияр адам ретінде алды. 1976 жылы 13 шілдеде Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген. 1995-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Павлодар техникалық колледжінде оқыды. 1997 жылдың қыркүйек айынан бастап азаматтық қорғау органдарында еңбек жолын бастады. 2021 жылдан бастап Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметің бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Мейіржан Айманов 2021 жылғы 26 тамызда кезекшілік атқару кезінде Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде орын алған ірі өртті жоюға жіберілді. Өртті сөндіруге Мейіржан Көпбосынұлы жетекшілік етіп, эвакуациялау жұмыстарымен айналысты. Өрт кезінде бірнеше жарылыс орын алды, бірінші жарылыстан кейін Мейіржан Көпбосынұлы жұмысын жалғастырып, басын қауіпке тігіп, бірнеше әріптесін өрттен алып шықты. Осыдан кейін қоймада екінші жарылыс орын алды, сол жарылыстың салдарынан батыр қайтыс болды.

Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен адалдығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Мейіржан Көпбосынұлына қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы, арнайы ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордені берілді.

Муралдың ашылуына Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері, батырдың туыстары мен жақындары қатысты.

Мейіржан Айманов – шын мәнінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің тарихында із қалдырған «заманымыздың қаһарманы».

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз