Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 30 Мамыр, 2023

Елімізде соңғы 10 жылда АИТВ 2 есеге артқан

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният адамның иммун тапшылығы вирусының таралу жағдайы және Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық стратегиясының көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

«Адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) инфекциясы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де  өзекті мәселе болып қала береді. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусының инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есеге артты, жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы Қазақстан 2030 жылға қарай жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромын (ЖИТС) жою және жаһандық Стратегия мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін барлық адамдардың 95%-ы өздерінің мәртебесі туралы білуі керек, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың 95%-ы емделуі керек және науқастардың 95%-ында ем тиімді болуы керек дегенді білдіреді.

Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде және АИТВ профилактикасы жөніндегі 20 орталықта медициналық көмек алады. Республикалық деңгейде қызметтің жұмысын Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы үйлестіреді және мониторингілейді. 

АИТВ жұқтырған пациенттер мен халықтың негізгі топтары үшін қолжетімділікті жақсарту жөніндегі жүйелі тәсілдердің нәтижесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік препараттар тізімін 12-ден 16-ға дейін кеңейтуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, ДДҰ ұсынымдарына сәйкес профилактика, диагностика және емдеу бойынша 12 бағытты қамтитын кешенді қызметтер пакеті енгізілді.

«Қоғамда осы инфекцияны жұқтырғандар мен халықтың негізгі топтарына қатысты стигма мен кемсітушілік сақталуда. Үкіметтік емес ұйымдардың халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының профилактикасы үшін әлеуеті жеткіліксіз пайдаланылады, ал олар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады», - деді А.Ғиният.

Проблемалық мәселелерді және адамның иммун тапшылығы вирусының инфекциясын тұрақты сатысында ұстау мақсатын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі төрт негізгі бағытты қамтитын 2023-2026 жылдарға арналған адам иммун тапшылығы вирусының инфекциясы жөніндегі іс-шаралардың жол картасын әзірлеп, бекітті.

463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз