Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Қаңтар, 2024

«Белые розы тербеткен би алаңын...» немесе қазір қандай әнге қалай билеп жүрсің?

1980-90 жылдардағы би кештері туралы айтылып жүрген әңгімелер бізге аңыз секілді естіледі. Түкпірде жатқан ауылдардың өзінде тұрақты түрде би кеші өтіп тұрған. Тіпті сол кездегі адамдардың мәдени өмірінің бір бөлігі болды десе де болады. Қанша уақыт өтсе де, бәрі қуанышпен еске алады. Дресс-код, жиі болатын төбелес, түрлі шытырман оқиғаларға қарамастан, жастардың сүйікті ісінің бірі би кешіне бару болған. Сондықтан 1980 жылды би кешінің «алтын ғасыры» деп атайды. Жаппай би кештері 2000 жылдарға дейін жалғасты. Уақыт өте келе оған деген көзқарас та өзгерді. Қазір би кештерін кейбір мектептер жасөспірімдер үшін ұйымдастырып тұрады. Қазіргінің би кеші той десе болады. Үлкеннің де, кішінің де биге деген талпынысын тойлардан ғана көріп жүрміз. Бірақ қазіргі бидің стилін түсінбей қаламыз. Жігіттер екі қолын екі жаққа жайып жіберіп те, белін айналдырып та билейді. Қыздар да дәл солай билеуден алдына жан салмайды.

 

Би кештерінің дәуірі жүріп тұрғанда, әр кезеңнің өзіне тән биі болған екен. Мысалы, 1980 жылдары moonwalk биі сәнде болды. Майкл Джексон аяғымен артқа қарай сырғитын биін білетін шығарсыздар. Әлемде бұл би әлі күнге дейін танымал. 1996 жылы испаниялық Лос-дель Рио дуэті айтатын «Макарена» әні би кештеріне басқаша стиль алып келді. Бұл бидің техникасы күрделі, өйткені 16 қадамнан тұрады. Оны қайталай берген адам аз уақыттың ішінде нағыз бишіге айналып шыға келеді. 1990 жылы шыққан Мадоннаның Vogue деген бейнебаянында бишілер қолын басынан айналдырып билейді. 90-жылдардағы билердің видеосын көрсеңіз, Мадоннаның клипіндегі би элементтерін байқайсыз. Сосын әйгілі «Ламбадаға» билемеген адам кемде-кем шығар. 80-жылдардың суперхитіне айналған «Ламбаданы» халық осы күнге дейін билейді. Әсіресе тойларда бір-бірінің белінен ұстап тізіліп тұра қалады да, билей жөнеледі. 

 

Юрий Шатуновтың «Белые розы» секілді әндері би алаңын қаншама уақыт тербетіп тұрды?.. «Касабланка», «Вояж-вояж» әндерінсіз де бірде-бір би кештері өтпейтін. Ғасыр ауысса да, өлмейтін хиттер ұрпақтан-ұрпаққа әлі жалғасып келеді. Қазіргі би кештерінде кімнің, қалай билейтінін біле бермейміз. Бірақ ол жерде билеуге ұялып шетте тұратындар да, ештеңеге қарамай, тері шыққанша билейтіндер де бар екеніне сенімдіміз. Бірақ олар қандай әнге билеп жүр? Кезінде би кешінің «гүлі» болғандар мен бүгінде би кешінен қалмай барып жүргендердің пікірі бәрінен де қызық болып шықты. 

 

Жарас: 

– Жас кезімізде би кешінен қалмадық. Алматының қай жерінде би кеші болса, достарымызбен сондамыз. Ол кезде студент едік. Би кештері университеттердің спорт залында немесе жатақханаларда болса, тіпті жақсы. Өзіміз құралпы жастарға өзіңді би алаңында мойындатасың. Есімде қалғаны, қара былғары күрте киіп алып, оң қолымды жоғары көтеріп, секіріп тұрып билейтін едім. Соның өзі өзімізге абырой көрінетін. Қайран, жастық шақ!

 

Ұлтуған:

– Би кеші болатынын естіген кезде күні бойы үй тазалап, кір жуатынбыз. Сондағы ойымыз – әке-шешемізге жағу. Кейде жібермей қоятын, кейде қашып кететінмін. Қашып кеткеніммен қоймай, әпкемнің көйлегін киіп кететін едім. Оны біліп қойған әпкем: «Осы көйлекті сен-ақ киші» – деп жұлынатын еді. Біздің би кеші романтикаға толы болды. Бір-бірін ұнатқан ғашықтар сол жерде табысатын. Табыспағандары «кіммен билейді екен?» деп бір-бірін аңдып жүретін. 

 

Бота: 

– Би кештеріне бармадым. Шешеме айтсам, «әкеңнен сұран» дейтін. Әкемнің жібермейтіні айдан анық. Батылым бармай, үйде отыра беретінмін. Би кешінде неше түрлі қызықтар болады екен. Мен соның бәрінен құр қалдым десем де болады. Ондай ортаның атмосферасы адамды аша түседі дейді. Оқушы кезімде би кештеріне, отырыстарға бармағандықтан болар, студент кезімде ешқандай жігітпен сөйлеспедім. Университет бітірген соң да жігіттермен сөйлесуді білмейтінмін... Қазір де жігіттермен әңгімеміз жараспайды. 

 

Нұртас: 

– Би кештеріне барудай-ақ бардым. Бірақ билемейтін едім. Билесем, біреулер мазақтайтын сияқты көрінетін. Өз-өзімнен ұялатынмын. Тек вальс билейтін кезде ғана ұнатқан қызымды биге шақыратынмын. Онда да қатты қобалжығаннан белінен ұстаған күйі қолым қатып қалатын. Тіпті ұйып кететін. Ал басқа уақытта тек музыканы қосып-ажыратып тұратын адам болдым. 

 

Ерсұлтан: 

– Қазір бізде би кештері болып жүрген жоқ. Себебі, ҰБТ-ға дайындалып жатырмыз. «Босқа секеңдегенше, тестке дайындалыңдар» дейді апайларымыз да, ата-аналарымыз да. Би кештеріне бармасақ та, сыныптастарыммен пицца, суши жеуге, кино көруге бірге барып тұрамыз. Мектеп бітіріп кеткен соң бұл да естелік болып қалады.

 

Фариза: 

– Би кештеріне барғанда маған ең қызығы – үлкен сыныптың оқушылары. Сырттай қарасаң, кімнің кімді ұнататыны белгілі болып қалады. 9-10 сынып оқитын қыздар 11-сыныптың ұлдарының көзіне түсуге тырысады. Ал олар кіші сыныптың қыздарының алдында «жұлдыз» болады. Қазіргі би кешінің вайбы осында деп ойлаймын. 

 

Әмірбек: 

– Қазір би кештерінде қазақша музыкалар да қойылады. Ninety one, Калифарния, Sadraddin-нің әндері қосылады. Шетелдің музыкасы одан да көп қосылады. BTS-ті қосқан кезде бәріміз хормен айғайлаймыз. Біз үшін достарыңмен бірге жүру өте қызық. 

 

Ақмарал:

– Би кештерінде төбелесу сән сияқты. Ұлдар «акт залдың» артқы жағына барып алып төбелеседі. Ал мына жақта басқалары билеп жатады. Мектептегі ағай-апайлар оларды қуып, ертеңінде жиналысқа салады. Ұлдарға соның бәрі қызық көрінеді, төбелескендерін, қашқандарын мәз болып айтып отырады. Меніңше, бұл түк те қызық емес. «Би кешіне рұқсат беріңіздер» деп мазаны алатын да – сол төбелескіш балалар. 

 

Бауыржан: 

– Біздің кезімізде бір джинсы шалбарың мен бір спорттық кеудешең болса болды, отырыстың да, би кешінің де «гүлі» болатынсың. Қолға түскен иіссуға «шомылып» алып, билеп жатқандардың арасына кіріп кетесің. Біреумен билеу деген мақсат та жоқ, өз-өзіңмен қол-аяғыңды ербеңдете бересің. Сол кезде өзімізге күшті көрінуші еді, қазір ойласам, күлкілі. Мектеп бітіргенімізге 15 жыл болды. Сыныптастармен бас қосқанда би кештерін есімізге алып, күліп аламыз. 

 

Томирис:

– Жазда клубқа бардым. Студент болған соң, өзімше барып көргіміз келді. Қазіргі клубтар біртүрлі екен. Әлде өзіміз сондай жерге барып алдық па, білмедім. Біртүрлі дегенім – клубтың бишілері бар екен, олар жартылай жалаңаш, тордың ішінде тұрып билейді екен. Таңғалдым. Ата-анам да жас кезінде клубта болатын би кештеріне барыпты. Бірақ ол кезде торда тұрып билейтін қыздар болмайтын дейді. Сөйтіп, бұдан былай клубқа бармайтын болдым. Тойларда билеп жүре берейік деп шештік.

 

P.S. Би кеші дегенде адамдардың есіне бірден сол кездегі әуен түседі. Әуен адамға психоэмоциялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Таныс әуенді естігенде, көңілінде із қалдырған сәттерге қайта оралғандай күй кешетіні содан. Әр жанрдың адамға қалай әсер ететінін ғалымдар зерттеген. Би кешінің «алтын дәуірі» 80-жылдар деп аталуының себебі де осында болуы мүмкін. Ол кезде түрлі хиттер пайда болып, адамның санасына төңкеріс жасады. Қазір тойға арналып жазылған хит әндер халықтың санасын өзгертіп, билеу мәдениетін қалыптастыра ала ма?..

 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

 

«Ақ желкен» журналы, №12

Желтоқсан, 2023

1011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз