Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Қаңтар, 2024

Жалшыдан жалқыға айналған талант...

«Ұланның» өткен санында аты аңызға айналған тұлға, бейнелеу өнерінің хас шебері – Әбілхан Қастеев аталарың жайында мақала жазуға уәде берген едік. Суретшінің балалық шағы қалай өтті? Адамдық болмысы қандай еді? Ол өнер-білім өткелдерін қалай еңсерді?..

Әбілхан аталарың ерте есейді. Бес жасында әкесі Қастейден айырылған бала қарашаңырақтың бас көтерер азаматы болды. Асыр салып ойнап, еркелеп өсетін балалық шағы жоқшылық пен жалшылықта өтті. Қарсылық бірдірген анасына: «Жоқ, мен енді жігіт болдым, апа. Байдың қозысын бағам», – деп, сегіз жасынан қолына таяқ алып, Жоңғар Алатауы етегінде Шалғынбайдың малын бақты. Ұлы Нұртас Қастеев: «Қой бағып жүргенде көмірмен тасқа сурет салып жүреді екен. Әбден дағдыланғаннан кейін өмір иірімдерінен өтіп, өз жолын тапты. Суретшілердің туындыларына қарап ержетті», – деп еске алады. Анасы Қалипа мен артынан ерген үш жетімге қарайласып, қамқор болатын ауқатты, жанашыр, жақын ағайыны жоқ болатын.

Әбілханның қолынан келмейтіні жоқ еді. Бірде қарт ұста Әбілханға ыңғайлы, өткір саймандарын сыйға тартады. Зергер боламын деген бала қиялы бір тыным таппайды. Нығыманның жазда ұзатылып бар жатқанын жеңгелерінен естіген ол әпкесіне арнап маржан тізбегін жасап береді. Разы болған апасы үнемі оны қолдап отыратын. Келесі күні-ақ ауыл адамдарының арасында: «Қастейдің әлгі қаршадай ұлының қолынан келмейтін кереметі жоқ екен! Саусақтары тиген қара тас екеш тастың өзі де мөлтілдеген моншақ, сылдырлаған сақина-жүзікке айналып сала береді екен. Кәдімгі бір керемет көрінеді!» – деген әңгіме тарайды. Осы кезден бастап «маған – пәлен, маған түген істеп бер» деп, қолқа салған ауылдың қыз-келіншектері мен әжейлердің тілегінен Әбілханның құлағы мен қолы тыным таппайды. Осындай қиындыққа қарамастан қылқалам иесі оқу оқымай-ақ ержетіп, өнерін кәсіпке айналдырды. Биік армандар қоя білді.

Ауыл байларынан қорлық көрген Әбілхан туған ауылынан жиырма екі жасында отбасымен Жаркентке көшіп барады. Сол кездегі Жаркент тұрмысы былай сипатталады: «Төңірегі көң-қоқырға толып, әр төбенің астында жатқан қазақ ауылындай емес, терезе қақпақтары мен кенеретегершіктеріне дейін әшекейлі өрнек шегілген әдемі үйлер. Мына бір қақпаның маңдайындағы нақышты көрмеймісің! Нәзік ойылған әсем өрнекті әртүрлі бояу айқындап, әрлендіре түсіпті». Осындай шеберлердің қолынан шыққан әсемдікке Әбілхан таңданып, шабыт алады.

Ол алғаш қолына қарындашты осы Жаркентке келгенде ұстаған еді. Танысының үйіне барғанда Оқас қызына Әбілханға кітап беруді тапсырғанда, ол қандай кітап керегін білмей, төмен қарап, мүдіріп қалады. Себебі, осы жасына дейін қолына кітап алмақ түгілі, оның бетін де ашып көрмеген еді. Сол кезде оның бойын қараңғылықтың ызасы билейді. Бірақ оны дереу түсінген туысы Оқас суреттері бар кітап беруді өтінеді. Артынан Әмина оған аппақ қағаз бен қарындаш ұсынады. Кітаптың алғашқы бетіндегі құйрықжалы төгілген, жүзіктің көзінен өткендей бір жарау күрең аттың суретін байқап, сол аттың бейнесін салуға кіріседі. Алғашқы қаламмен салған суретіне ұялған Әбілханның суреті керемет болып шығады. Кітаптағы аттың қос құлағы, маңдайы мен танауы, «о» әрпі сияқты дөңгелектің ішіндегі қарашығы қараған көзге аумай қалады. Оның бұл талантына тәнті болған Садық: «Талабың жақсы екен, балам. Бірақ жалаң, жақсы талаппен көздеген мұратқа жете қою да оңай емес. Шөлде шөліркеген гүлшешек тәрізді оқусыз, білімсіз жалаң, талаптың да өрісі ұзақ болмаса керек-ті. Ендеше, талаптанып оқу оқуың керек, балам», – деп ақыл айтады.

Алайда, өмір соқпағы Жаркентке жақсы талаппен келген Әбілханның көңілдегі арманын тағы да орындатпайды. Өздігінен талпынып, арабша ғана хат танығаны болмаса, орнығып оқу оқымаған, жиырманы еңсерген жігіт жеті-сегіздегі қарашадай балалармен бір партада қатар отыра алмады. Бірақ, суретпен сырттай шұғылданып, жол құрылысы мекемесіне жұмысқа кірді. Қолы босаған кешкі мезгілдерде салған суреттерін көрсетіп, ақылдасқандай адам да табыла кетті. Қалалық фотограф Саламатов деген орыс жігітімен танысып алған болатын. Әбілханның оқу оқымай, осындай талантының таудай екеніне разы болады. Бәрі қисынға келгенше амалдап, сурет салуды жалғастыруды ұсынды.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Әбілхан Түрксіб темір жолын төсеуге жұмысшы жинап жатқанын естиді. Жиырма төрт жасқа келген жас суретшінің ендігі өмірі қайрат-күшін сынаумен өтеді. Келесі күнінде-ақ Айнабұлаққа жол тартады. Келісімен Әбілханды өмір иірімдері жаңа кезеңге бұрады. Бірде ол жолдастарымен ойын-сауық өткізетін іші газет-журналға толы ақ отауға келеді. Қасындағы үш жігіттің бірі Сәйгіл кітап бетіндегі жауынгер бейнесін салып беруді өтінеді. Әбілхан оның тек бас келбетін айнытпай кестелеп береді. Кейіннен жұмыста қандай қайрат көрсетсе де, суретте де өнер иесі сондай шабыт білдіріп, Ленин портретін жақпар тасқа бояумен салып шығады. Оны көрген басшылық Әбілханды темір жол құрылысшылары атынан Алматыға оқуға жіберуге шешім қабылдайды. Жаркентке келгенде оны Алматының облыстық оқу бөлімінен қуанышты шақырту күтіп тұрады. Бірақ жеделхат темір жол басшылығының бастауымен келмегенін байқап, жұмбақ сыры ашылмай, Алматыға жолға шығады. Кетерінде Әбілхан аты аңызға айналған «Түрксіб» картинасын аяқтайды.

Әбілхан аталарыңның өнердегі басты ерекшелігі – туындыларының шынайылығы. Көзбен көрген дүниесіне автор бейнелеу өнері арқылы бүгінде тарихи мұра қатарын толықтыра түсті. Далада жүйткіген сайын жер танабын тарылтып, түтіні будақ қаға заулаған жүрдек пойызға алақанының астынан күн салып, аңтарыла қараған түйелі қазақ бейнесі – ескі мен жаңаның көрінісі. Екі заманның болмысын өз қолымен төсескен үлкен жолда бұл оқиғаны Әбілхан үлкен кенепке салып, мәңгілікке қалдыруды мақсат еткен ескерткіші осы болатын.

Ақыры қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері жиырма бес жасында ғана мектеп партасына отырады. Алматының облыстық оқу бөліміне барғанда жеделхаттың сыры да ашылады. Кезінде Жаркентте танысқан орыс фотографы Саламатов біршама жұмысын жинап, оқу бөлімі басшылығына хат жазған екен. Осылайша Әбілханды қазіргі Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназияға оқуға жібереді. Оған басында оқу оңайға соқпайды. Қиындыққа қарамастан, Әбілхан күн-түн демей білім алады. Оқумен қатар кешкі уақытты орыстың Николай Хлудов есімді суретшісінің үйінде сурет салумен өткізеді. Осыған дейін Н.Хлудов Алматыда ұзақ тұрып, сурет өнеріне дәмелі жастардың бірталайына ұстаз болған адам. Жасы сексенге келгенімен, қимылға әлі де қунақ, ұзын бойлы, шоқша сақалды кісі еді. Дамыл көрмей оқып, сурет салып, қарт ұстаздан екі қыс бойы үйренген жігіттің қолы едәуір-ақ төселіп қалып еді. Бірақ кенет денсаулығы сыр беріп, оқуды әрі қарай жалғауға мұрша берген жоқ. Әбілхан қатты ауырып, отызыншы жылдың жазында ауылға қайтып кетеді.

1934 жылы Алматыда өткен өнерпаздардың республикалық тұңғыш слетіне қатысып, Қазақстан Халық ағарту комиссариатынан Мәскеудегі суретшілер мектебіне жолдама алады. Көрме залына оның «Ленин», «Шежін тауы», «Колхоз фермасы», «Жаз» суреттері қойылды. Ұзақ жолдан кейін Әбілхан өмірі көрмеген үлкен шаһар – Мәскеуге келіп түседі. Стипендия мен жатар орын болмағандықтан, оны оқуға қабылдамайды. Бірақ театр институтында оқитын қазақ бауырлары стипендияларының әр екі сомын бөліп беріп, оған көмек береді. Жат жерде өмір сүру оңай болмаған Әбілхан осылайша Мәскеудегі өнер училищесін аяқтайды. Онымен бірге оқыған қырғыз жігіті Ғафар Әйтиев – Қырғызстанның халық суретшісі.

Уақыт озған сайын Әбілханның қылқаламынан туған жаңа «перзенттер» жарық дүниеге келе берді. Суретшінің тоғыз баласының ішінен Әбілтай, Нұртай, Нұртас, Гүлнәзия әке жолын қуып, өнерге жақын мамандық таңдады. Суретшінің қызы Гүлнәзия Қастеева әке болмысын былай сипаттайды: «Әкеміз өте жуас, жұмсақ адам еді. Балапандарына ұрсып, жекіп көрген емес. Үлкен ағаларымыз тентектік жасап қойса, газетпен ғана ұрған секілді болып, ишара жасайтын. Соны бәріміз түсінетінбіз. Әкем қайда жүрсең де адам болу керектігін үйретті. Таспен атқан адамды аспен ат деп тәрбиеледі. Үйімізге Қазақстан мен КСРО көлемінде танылған көп адамдар келетін. Есімде, ас бөлмесінде екі пеш болатын. Соның өзінде анам тамақ пісіріп үлгермей жататын. Әкемнің үстелі қабырғаға тіреліп тұратын. Сол қабырғаның ар жағында жылыту батареясы болатын. Соның үстіне мініп алып, қарап отыратынмын. Әкемнің қолында жіп-жіңішке ғана қылқалам. Батареяның ыстығы күйдіріп бара жатса да, мен үшін қызық болатын».

Қастеевтің дара туындылары өз елін ғана емес, шет елдің талай қаласын аралап шықты. Қолынан шыққан мыңнан астам жұмысы үшін қанша түндер мен күндер алмасып, қаншама көз майын тауысты. Әбілхан Қастеев жалаң сурет салумен шектелмей, Г.Исмаилова, Е.Молданиязов, М.Кенбаев сынды қанша дарынды суретшіні тәрбиеледі. Ә.Қастеев өнер сапарында шыққан шыңы осы ғана емес. Оның әлі де сендер көрмеген жүздеген таңғажайып жаңа туындысы бар. Картиналарымен танысу, сырына үңілу ендігі біздің міндетіміз, оқырман. Алматыға жолың түсіп жатса, суретшінің аты берілген өнер музейін аралауды ұмытпа. Айтпақшы, мектеп оқушыларына музейге кіру тегін екенін де естеріңе саламыз.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз