Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 02 Ақпан, 2024

Ортаға салар ойлар

Намысы бар қазақ азаматы ана тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздыртып алдырды. Алайда нарығы түскір көп адамды одан да мақұрым қалдырды. Демеуші мен жебеушіден де қайран болмады. Өйткені олардың көпшілігі той тойлаудан қолдары тимей жүр еді. Жалпы алғанда, осы күнгі намысы бар  қазақтың көбінің табысы жоқ, табысы көп қазақтың намысы жоқ. Алда-жалда  осы екеуі бір басынан табылатын азамат бола қалса, оның да жоғарғы жақта танысы жоқ. «Заманына карай амалы» дегендей,  мәтелдің де мәні өзгерді. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» – дейтін қазакем «жарлы болсаң – арлы болма» деген ескі мәтелді еске түсірді. Бұрын «жүз сомың болғанша жүз досың болсын» – десе, енді «жүз теңгең болғанша жүз жеңгең болсын» – дейтінді шығарды. Қалай болған күнде де, әрбір сөзде қисын бар.

Жарты дәнді жарып жеген, бүтін дәнді бөліп жеген достар  ана тілінде ұғысудан қалды. Мені қатты қынжылтатын жағдай – көк жәшікте жиі сөйлейтін тілшілердің сөз құрауларындағы сөйлемдердің сүрлем секілді болғаны. Лебіздері – сабан, сөздерінің мәні жоқ, іліп алар дәні жоқ. Ана тілімізді былғап болды. Әншілерге шөп те өлең, шөңге де өлең болды. Ал екі қазақтың орыс тіліндегі әңгімесін қазақ тіліне аударып беріп отырған теледидарға не дейсің? Қойқорадан қиды ойып алып жатқан секілді әсер етеді.
Орыс тілінің үстемдігі сөзжасамдар жасауда да анық байқалады. Жаңа сөзжасамдар жасауда Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы секілді ғалымдардың, Ісләм Жарылғаповтай әдебиетшілердің ізденісі біздерге тамаша үлгі. Елдес Омарұлы геометрия­ны «Пішіндеме», тригонометрияны «Кескіндеме» деп атағаны белгілі. Тілімізге ауыр сөздерді сол қалпында ала салмай, қазақша баламасын жаппай қолданысқа кіргізсек нұр үстіне нұр болар еді. Елдес Омарұлы орыс­тардың «Центральная Азия» дегенін «Кіндік Азия» деп қолданды. Жүрекке жылы, мағынасы терең сөз емес пе?!
Осыған орай Елдес Омарұлының сөзжасамдары мен баламаларын көрсете кетейік.
Аксиома – қағида.
Бағытты шама – векторлық шама.
Бастырық – жолы қатар, бағыттары қарама-қарсы.
Белдік – ось.
Бәсеке қозғалыс – салыстырмалы қозғалыс.
Бірбеткей – екі шеті түйіскен екі доға.
Буын – доғаны қоршаған сынық сызықтың әрбір түзу бөлегі.
Екпін заңы – инерция заңы.
Есеп-қисап – математика.
Еселік ара – бір кесіндінің басқа кесіндіден неше есе
артық екенін көрсететін сан.
Еуропа – Европа.
Одағай – иррационал.
От сызығы – перпендикуляр.
Ортан бөлек – тең бүйірлі үшкілдің табанына қарсы бұрыштың табаны.
Өре – диаметр.
Өріс – радиус.
Маңыз – масса.
Жарма – биссектриса.
Жатық бағыт – горизонталь.
Жайма қозғалыс – кемімелі қозғалыс.
Жердің төбесі – жердің полюсі.
Жердің белдеуі – жердің экваторы.
Жердің қатар сызықтары – жердің меридиан сызықтары.
Жердің кіндігі – жердің центрі.
Жермай – мұнай.
Жиек – периметр.
Зауыт – завод.
Кескіндеме – тригонометрия.
Керме – хорда.
Кесе ( кесе көлдеңен деген мағынада) – перпендикуляр.
Күпшек– оске кигізілген цилиндр.
Күншығыс халықтары – восточные народы.
Кіндік – центр.
Кіндік үкімет төрағасы – Минис­трлер Советі председателі.
Қары (қолдың білегі мен иық арасы деген мағынада) – катет.
Қарыс – ұзындық өлшемі.
Қатар сызық – паралель сызық.
Қоршаулы бұрыш – төбесі өзін қоршаған шеңбердің
бойында жатқан бұрыш.
Қолқабыс күштер – қосылғыш күштер.
Қостабан –трапеция.
Қиықшалық ережесі – параллелограмм ережесі.
Қиықша – параллелограмм.
Қима – гипотенуза.
Қия – диагональ.
Құрылымдас – пропорционал.
Құлаш – ұзындық өлшемі.
Саты – таблица.
Салмақ кіндігі – күштің нәрсеге тиетін нүктесі.
Сорап – поршень.
Сынып – класс.
Сиез – сьезд.
Сүйем – ұзындық өлшемі.
Текше метр – куб метр.
Тегермеш – қарама-қарсы жақтарына жүк ілінген диск.
Тел жылдамдық – қорытқы жылдамдық.
Тел күш – қорытқы күш.
Тетік – аргумент.
Теңгіл – дұрыс көпбұрыш.
Тікше – тік төртбұрыш.
Тік бағыт – вертикаль.
Төстік сызық – экватор сызығы.
Түйін – теорема.
Пішін – фигура.
Пішіндеме – геометрия.
Үшкіл – үшбұрыш.
Шақырым – километр.
Шаршы – квадрат.
Шаршы метр – квадрат метр.
Қазақ тіліндегі «балмұздақ» деген тәтті сөзді белгілі аудармашы Ісләм Жарылғапов тілімізге енгізгенін біріміз білсек те, көбіміз біле бермейміз. Орыс тіліндегі «мороженое» сөзі болса, сөз таныған кісіге мағынасы анық, бояуы қанық емес екені бесенеден белгілі. Болгар тілінде балмұздақты «сладколед» деп атайды екен. Осы атаудың орыс тіліне кірмей қалғаны өкінішті.
Жүргізуші деген сөзге біздің қазақ тілшілерінің еті үйреніп алыпты. Орыс­тың водитель және ведущий деген сөздерін калькамен қазақ тіліне аударып алған түрі болар. Атам қазақта тізгін деген тамаша сөз бар. Яғни көлік айдаушы да, тепловоз жүргізуші де, телебағдарлама өткізіп жатқан тілші де – тізгінші. Осы сөзді қолдануға не кедергі? Өкінішке қарай, кейінгі кезде шет елден кірген кірме сөздерді өзгертпей қолдану керек деген ұшқары пікірлер пайда болды. Тіпті тілімізге етене сіңісті болып кеткен мұражайды қайтадан музей, мұрағатты архив деп жаза бастадық. 
Енді бір ұсыныс: автор деген сөзді бас ие деп атасақ қалай болар екен? Белгілі бір шығарманың нақты иесі деген ұғымды білдіреді ғой. Тағы бір ортаға салар ой дәрігер атауы туралы. Тілімізге сінген сөз екені анық. Алайда дәрігер сырқатты емдейтін маман болса, оның дұрыс аталуы шипагер ғой. Дәрігер сөзі фармацевт дегенге сәйкес келеді. Лекарьды (орыс тіліндегі) емші деп айтсақ болады. Аурухананы да орыс тілінен (больница) ала салған сияқтымыз. Мағынасына қарасақ келіспей тұр. Дұрысы сырқатхана емес пе?
Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деген тіркес ежелден бар. Осы сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт –қамал қиратқыш тасатардың топы екенін кейін білдім. Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап: «Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ ұшады» – деп атап көрсеткен. Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр.
Бұл арада әңгіме доп емес, топ туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни снаряд атылады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр. Олай болса снарядты топ деп атағанымыз орынды емес пе?! 
Қалай болған күнде де өз ана тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалану қажет.

Ақылбек Шаяхмет

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз