Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Ақпан, 2024

Электркөлік – ертеңгі емес, бүгінгі игілік

Әлем халқы электр энергиясымен жүретін автокөлік мінуге көшті. Жанармайды мүлде қажет етпейтін көліктердің бұл түріне сұраныс та өте жоғары. Елімізде де, электркөліктердің түрі кеңінен тарап, саны артып жатыр. Мысалы, 2022 жылы елімізде электр энергиясымен жүретін көліктердің саны 5 мыңға жуық болса, былтыр 7 мыңға жеткен. Әлемдегі ең танымал, әрі қымбат электркөлік — Илон Масктың компаниясына тиесілі америкалық Tesla көлігі. Дегенмен батареямен жұмыс істейтін электркөлік шығаратын қытайлық компаниялардың қарқыны қатты екенін байқадық.

Tesla-ның электркөлігінің басты бәсекелесіне айналған қытайлық BYD Auto компаниясы 2023 жылы ең көп көлік сатқан компания атанды. Ол шамамен 526 409 дана электркөлік сатса, Tesla көлігінен 484 507 дана сатылған. Осы орайда, Қытайдан электркөліктерді тасымалдаумен айналысатын «Asar Auto» компаниясының қызметкері Жүсіпбай Саттаровтан қытай электркөліктері туралы сұрадық.

Қытай басып озды

Болашағы зор электркөліктердің көшін бастап тұрған Tesla екені баршаға мәлім. Tesla 3 пен Tesla Y қазіргі таңдағы ең мықты электромобильдің брендіне айналып үлгерді. Дегенмен сатылым жағынан олар қытайлық BYD маркалы электркөліктерден қалып қойды. Электркөлік шығаратын компаниялар арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне байланысты көліктердің құны да арзандап жатыр. Елімізге кеңінен танылып үлгерген Zeekr 001, Zeekr 009, Zeekr X көліктері – соның айқын дәлелі. Қолжетімді электркөліктерді тұтынушылар жылдан-жылға артып келеді. 2015 жылдан бастап шыға бастаған LIxiang L7, Lixiang L8, Lixiang L9 сынды премиум санаттағы электркөліктер Қытайда да, ТМД елдерінде де тұтынушылардың жүрегін жаулап жатыр.

Жеке жөндеу орталығы ашылады

Әрине, брендке айналған Қытайдың электркөліктерінің басымдығымен қатар кемшіліктері де бар. Заманауи стильде жасалған қытайлық элертркөліктердің барлығының сыртқы бітімі көздің жауын алады. Ішкі көрінісі де соңғы заманауи опцияларды қамтыған. Бір сөзбен айтқанда, көліктің сапасы бағасына тұрарлық. Дегенмен қытайлық электркөліктердің кемшіліктері де баршылық. Негізінде бұл көліктер Қытайдың ішкі нарығына арналып жасалған. Қазақстан аумағында ресми дилері жоқ. Сол себепті бұзылған көліктерді жөндеу барысында қиыншылық туындауы мүмкін. Бірақ бұл мәселенің шешімі ұзаққа созылай шешілетіні анық. Дәл осы бағытта компаниямыз жеке жөндеу орталығын қытай компанияларымен бірге ашуды жоспарлап отыр. Электркөліктердің тағы бір кемшілігі ретінде қуаттау стансаларының жеткіліксіздігін айтуға болады. Дегенмен қытай электркөліктерін тасымалдаумен айналысатын бірнеше компания осы мәселені шешуге әрекеттеніп жатыр. Қуаттау стансалары Тараз қаласынан бастау алып, үлкен қалалардың араларына орнатылады.

Пайдасы мен зияны

Жалпы электркөліктердің пайдасы өте көп. Ең бірінші пайдасы – қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайтынында. Көліктен шығатын зиянды түтін Алматының қара түнекке батып тұрғанын күнде көріп жүрміз. Екіншіден, электркөлік қалтаңызды қатты қақпайды. Мысалы, Тесла Model X автокөлігінің электр қуатына 3 жылда 100 мың теңге ғана кеткен. Ал қуаттау стансасын үйіңізге орнатсаңыз, одан да көп ақша үнемдеуге болады. Электркөліктер үшін мемлекеттік салық жеңілдетілген. 2025 жылға дейін Қазақстанда электр энергиясымен жүретін автомобильдерге 30 000 жеңілдетілген орын бөлінді. Дегенмен электркөліктердің зиянды жағы да жоқ емес. Тоқтың шамадан тыс бөлінуі адам денсаулығына зиянын тигізу мүмкін деген тұжырым да бар.

Компаниямыздың қытай электркөліктерін тасымалдаумен айналысып жатқанына екі жылдан асты. Ең алғаш рет Volkswagen ID4 электркөлігін әкелдік. Содан бері Қазақстан мен Ресей нарығына 500-ден астам электркөлік кіргіздік. Қазіргі таңда компаниямыз электркөліктерді сату бойынша алдыңғы қатарда тұр. Алып келген көліктерге 1 жылға кепілдік береміз. Сондықтан барынша сапалы көліктерді әкелуге тырысамыз.

Қысқа шыдамды ма?

Қазіргі таңда Қытайдан келген электркөліктер туралы халық арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреуі сапасы сын көтермейді десе, кейбіреуі еуропалық стандартқа сай жасалған дейді. Дегенмен Қытайдың электркөлік нарығы осы жылдың өзінде 1000-ға жуық модель ұсынған. Әрине, олардың барлығын сапалы деп айтуға келмес. Бірақ сондай бәсекелестік бар жерде жақсы сапа да болатыны белгілі. Сондай-ақ компаниялардың басым бөлігі әлемнің ең үздік брендтерімен жұмыс істеген ең мықты мамандарды жалдап, еуропалық стандарттарға сай етіп шығарып жатыр. Өткен желтоқсан айында, қыстың қақаған суығында көшеде тұрып, жүрмей қалған электркөліктердің видеосы әлеуметтік желілерге кең тарады. Ол көліктер шынтуайтында автотасығыш күтіп тұрған көліктер болып шықты. Қытайлық электркөліктерді суыққа төзімсіз және есігі ашылмай қалады деген сыбыстар да болды. Дегенмен бұл мәселені де ескеріп, көлікке батареяның жанына және есіктің тартқышына да жылыту жүйесі орнатылған.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2024

 

536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз