Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Ақпан, 2024

Жер сілкінісінен қалай сақтанамыз?

Өткен аптада бір күннің ішінде еліміздің төрт аймағында сейсмикалық оқиға тіркелді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың сөзіне қарағанда, жер сілкінісі Алматы қаласында – 5, Шымкент қаласында – 2, Жамбыл облысында – 2-3 және Жетісу облысында 4 балл болған. Сейсмикалық аймақ тұрғындарының жер сілкінісіне дайын болуы өте маңызды. Төтенше жағдайға дайындық жарақат алу мен зақымдану қаупін азайтады. «Ұлан» жер сілкінісіне дайын болу, жер сілкінгенде қайда барып, қалай қорғану керектігі бойынша мамандар кеңесіне шолу жасады.

Дабыл қапшығын дайындап қойыңыз

Жер сілкінісі, су тасқыны, өрт сияқты кез келген төтенше жағдайда сізге қажетті заттар салынған дабыл қапшығы дайын болсын. Оған құжаттар мен банк карталарынан өзге, алғашқы медициналық көмек қорабы, шағын өрт сөндіргіш, ауыз су, белгі беру үшін ысқырық салынуы керек. Егер қирандының астында біраз уақыт қалып қойсаңыз, өміріңізді сақтауға осы заттар септігін тигізеді.

Жиһаздарды қалай орналастыру керек?

Жер сілкінісі кезінде құлап кетпес үшін шкаф, сөре, комод сияқты ауыр жиһазды қабырғаға бекітіңіз. Сонда дүмпу кезінде шайқалмай, нық тұрады. Сөре, тоңазытқыш, шкаф сияқты биік жиһаздардың үстіне ауыр заттар қоймаңыз. Жиһаз үстіңізге құласа, жарақаттануыңыз әбден мүмкін. Шыны құмыралар сияқты сәндік заттарды да биікке қоймаңыз. Айна кереуетіңізден алыста, құлағанда төсекке құламайтындай қашықтықта болсын. Жиһаздарды осы ережемен орналастыру апатты жағдайдың зардабын азайтуға көмектеседі.

Көпқабатты үйлердің тұрғындарына арналған нұсқаулық

Егер сіз 1–3-қабатта тұрсаңыз, алғашқы тербелістен кейін далаға шығуға мүмкіндігіңіз бар. Дабыл қапшығыңызды алып, баспалдақпен далаға шығып үлгеріңіз. Төртінші не одан да жоғары қабатта тұратын болсаңыз, далаға шығып үлгермеуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайда құлап жатқан заттардан қорғану үшін диванның жанын паналаңыз. Бас пен мойынды қорғау үшін жастықпен, жастық алып үлгермесеңіз қолыңызбен қымтап алыңыз. Терезелерден, шыны есіктерден және сыртқы қабырғалардан алыста болыңыз. Лифтіден аулақ болыңыз. Электр қуаты істен шыққан жағдайда, ішінде қалып қоясыз. Қирандының астында қалып қойсаңыз, көп қозғалу қауіпті. Мұрныңызды шүберекпен жауып алыңыз. Себебі шаң жұтып, тұншығуыңыз мүмкін. Ұялы телефон қасыңызда болса, құтқару қызметіне хабарласыңыз. Құтқарушылар келгенде қайда жатқаныңызды білдіру үшін тарсылдатып белгі беріңіз. Қапшығыңыз жаныңызда болса, ысқырықпен ысқырыңыз.

Далаға шығып үлгерсеңіз…

Ғимараттар, бағаналар, көпірлердің құлауы мүмкін жерде тұрмаңыз. Мүмкіндігінше заттардың құлау қаупі жоқ ашық кеңістікті табыңыз. Электр сымдарынан, ілулі заттардан аулақ болыңыз. Газ құбырлары мен желілерінен сақ болыңыз. Көпір асты мен туннельдер сіз ойлағандай қауіпсіз емес. Керісінше, ғимарат құлағанда ең қауіпті аймақ сол. Жер сілкінісінен кейін қауіпсіздік пен көмек көрсету бойынша ұсыныстарды орындау маңызды.

Жер сілкінісі тоқтаған соң не істейміз?

Зақымдалған ғимараттардан аулақ болыңыз. Шытынаған әйнекке, сымдарға жақын болмаңыз. Өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың жарақат алған-алмағанын тексеріңіз. Қажет болса, алғашқы көмек көрсетіңіз. Жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін естен шығармай, ақпаратты қадағалап отырыңыз. Сақтандыру болса, жер сілкінісінің зардабы мен келтірген шығынын суретке түсіріп алыңыз. Жер сілкінісіне дайындық пен ақпараттан хабардар болу табиғи құбылыстың салдарын азайтуда маңызды рөл атқаратынын тағы да атап өткен жөн. Жиһазды үйге орналастырудан бастап, жер сілкінісі кезіндегі әрекеттерге дейінгі қауіпсіздікке жанжақты көзқарас – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

 

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз