Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Наурыз, 2024

Адамға қанша дос керек?

Адамның қанша досы болуы мүмкін екені туралы ең танымал теория авторы, британдық психолог және антрополог Робин Данбардың зерттеуінше, адамдардың бір уақытта 150-ге жуық байланыс ұстай алатын когнитивті қабілеті бар екен (кейінгі зерттеулер бұл көрсеткіштің жоғарырақ екенін байқатады). Алдыңғы қатарға бес жақын дос кірсе, одан кейін кездейсоқ достармен жалғасып кете береді. АҚШ-тың Юта штатындағы Brigham Young университетінің психология және неврология профессоры Джулианна Холт-Лунстадтың 2010 жылы жасаған мета-анализі бойынша, жалғыздық физикалық денсаулыққа күніне 15 темекі шеккенмен бірдей зиян деген қорытындыға келіпті. Одан бөлек жалғыз өмір сүру денсаулыққа зиян екенін психологтар да айтып келеді.

Дегенмен теориямен жүріп-тұрып жатқан кім бар? Алайда ғалымдардың зерттеулерін жоққа шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Себебі, достықтың өмірдегі орны өте зор. Мысалы, жасөспірім бала үшін біреумен дос болу – өте маңызды. Досты ең керек ететін кезең де осы – жасөспірім шақ. Баланың ата-анасы қанша жерден тамаша адамдар болса да, баланың өз әлеуметтік ортасы болу керек екенін мамандар айтып келеді. Достық қарым-қатынас баланы теңдей қарымқатынас құруға үйретеді. Темпераментіне байланысты баланың достары көп болмауы немесе бір-екі дос жеткілікті болуы мүмкін. Алайда баланың шынайы достары көп болуы мүмкін емес. Бірақ жасөспірімдік достық бала үшін ең құнды, өйткені дәл осы сәтте ол өзін және өзіне не қажет екенін, жақын адамының қажетін түсінуді үйренеді.

Баланың жасына байланысты достықтың мәні де өзгереді. Егер бала кішкентай кезінде ойнайтын достарды таңдаса, ал жасөспірім шағында ортақ ұстанымдар мен қызығушылықтардың сәйкестігі алдыңғы орынға шығады. Байқасаңыздар, жасөспірімдердің достары да өздеріне ұқсайды. Оның бір себебі, жасөспірімдер саналы түрде өзіне ұқсас достарды таңдайды. Бірбіріне ұқсас достар өз мәртебесін растап, өзіне деген құрметін арттырады. Жасөспірім достардың ұқсас болуының тағы бір себебі, олар дос болғаннан кейін бірге көп уақыт өткізеді. Соған қарамастан, жасөспірімдердің достығы тұрақсыз болып келеді. Олардың арасында достықтан бөлек, түсініспеушіліктер де жиі болады. Олар өмір бойы бірге боламыз деп, достары әрқашан өз жағында болғанын қалайды. Егер бұл үміті ақталмаса, ашуланады, қапаланады.

Жасөспірім кезеңінде достықты сақтау психологиялық тұрғыдан жағымды әсер етеді. Олар үшін дос болудағы жетістік – пайдалы болу, көмектесу, кеңес беру. Достар мен таныстар, бір жағынан, жасөспірімге күш-қуат берсе, екінші жағынан, оның жеке «меннің» шекарасын анықтауға көмектеседі. Достарының көмегімен ересектер әлеміне аяқ басуға үйрететін әлеуметтік дағдыларды меңгереді.

Достасу үшін қанша уақыт керек?

Бала кезде адамдар 5 минуттан кейін дос болып кетеді. «Ойнайсың ба? Иә, ойнаймын» деген бірауыз сөзбен-ақ дос болып шыға келеді. Жасөспірім шақта дос – дәрумен секілді өте пайдалы. Ал ересек болған кездегі достықтың не керегі бар? Ересек адамның жұмысы көп, отбасы, бала-шағасы бар. Егер досы болса, оған да көңіл бөлу керек.

Робин Данбардың теориясына тағы да сүйенсек, достық – бірге өткізген уақыт пен бірлесе істеген жұмыстардың, күнделікті әңгімелесудің нәтижесі. Ал профессоры Джефф Холлдың зерттеуінше, танысу мен жай достықтың арасы 40-тан 60 сағатқа дейін болса, 80-нен 100 сағатқа дейін араласқан адамды дос деп атауға болады. Ең жақсы дос деп атауға 200 сағаттан астам уақыт қажет деп тапқандар да бар. Ересек кезде адамдар қандай қасиеттердің маңызды екенін жақсы түсінеді. Сондықтан дос табу қиын. Егер өзіне ұнайтын қасиеттерді тауып алса, онда тез дос болып кетуі ғажап емес. Психологтар достықтың өмірдегі маңыздылығы туралы бірнеше пайдасын айтады.

Достық:

  • Өзіңе деген сенімділік пен өзіңді бағалауды нығайтады; 
  • Жоғары қан қысымы және жүрек аурулары сияқты денсаулықтағы мәселелердің алдын алуға көмектеседі; 
  • Әлеуметтік оқшауланумен және жалғыздықпен күреседі; 
  • Жаңа нәрселерді үйретеді және көзқарасты дамытады; 
  • Қайғыға ортақтасады; 
  • Романтикалық қарымқатынастар нәтижесіз болған кезде эмоциялық қолдау көрсетеді; 
  • Мақсаттарға жетуге және жаңа нәрселерді көруге ынталандырады; 
  • Көңіл күйді көтереді; 
  • Зиянды әдеттерден арылуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруді жеңілдетеді.

Дос дегенің дос болмай шықса ше?

Психолог-дәрігер Айдана Көбентаеваның айтуынша, біз досымыз деп санайтын адамдардың көпшілігі шын мәнінде біздің таныстарымыз болып шығуы мүмкін. «Біз олардың неге алаңдайтынын, қиындықтарын білеміз, өзімізге жақын адамдар деп санаймыз, көмек сұраймыз және өзіміз де оларға ықыласпен көмектесеміз. Қысқаша айтқанда, олармен жақсы қарым-қатынастамыз. Бірақ оған толық ашылмайсың, көңіл түкпірінде жатқан қалауыңды сеніп айтпайсың, онымен кездескенде бақытты сезінбейсің, жетістіктеріне қуанбайсың. Осы жерде көреалмаушылық, өсек, дұшпандық пайда болады. Осындай мәселелердің бетін ашып алмаса, екі адамның арасында қақтығыс тереңдей береді. Мұндай қарымқатынасты неге достық деп атайды? «Достық» деген сөзді дұрыс қолдану керек. Бұрын да солай еді, қазір де солай...» дейді маман.

Расында, «бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын» ағайынның арасында достар да бар. Бірбірінен зардап шегіп жүрсе де, жақсылықта да, жамандықта да бір-бірінен ажырамайтын, қарым-қатынасын жалғастыра беретіндер жоқ емес. Ал осындай достықты сақтау керек пе?

Достықты сақтау керек пе?

Бұл сұраққа дәрігерпсихолог Айдана Көбентаеваның өз жауабы бар: «Достардың арасына қашықтықтар түсіп, екеуі екі қалада өмір сүріп, кенеттен кездескенде маңызды оқиғалардан басқа сөйлесетін ештеңесі жоқ екенін түсінсе, мұны шынайы достықтан гөрі, жолдастық қарым-қатынас деп атағанымыз дұрыс. Дәл осы жерде достық деген иллюзияны сақтаудың қажеті жоқ. Кеше ғана айырылмастай болып, барыңызды бөлісіп жүрген адамның қазір өмірі басқа. Ол отбасын құрды. Бұрынғыдай алаңсыз қыдыра алмайды. Болмаса, жұмысы өзгерді. Түрлі жобалармен айналысады, шетелдерде жүреді, өмір сүру стилі өзгереді. Кеше ғана бірбірін жақсы түсініп жүрген адамдардың енді сөйлесер ештеңесі жоқ сияқты болып тұрғанда, достықты берік ұстанудың қажеті бар ма? Тіпті ең айнымас доспыз дегендердің өзі ұрыс-керістен сау емес. Ойланбай айтып қалған сөздер мен іс-әрекеттер достық жібін әп-сәтте үзе салуы мүмкін. Сосын қайтар жол жоқ, бір-бірін кешіре алмай, қиналып жүрудің мәнісі де жоқ.

Достықты сақтай алмаудың да, сақтаудың да жолы көп. Мен айтып отырған кейстердің әрқайсысына жеке дәйек тауып, сондай жағдайларда достықты сақтап қалуға болатын жолдарды да тізіп шығуға болады. «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген мақалға сүйенсек, бір-біріне төзіп келген адамдар түбі бірге болуы неғайбыл. Уақыт өте келе қарым-қатынас ауқымы кеңейіп, қай кезде кездескеніне қарамай, өмір бойы дос болып қалатындар да бар. Бірақ оны сақтау үшін еңбектену керек».

Түйін

Біз достыққа қатысты зерттеулер мен психологтардың жұмыстарын тізіп шықтық. Ал шындығында, достық өте субъективті нәрсе. Сондықтан достық туралы әркімнің түсінігі әртүрлі. Дегенмен өзіміз қойған сұраққа өзіміз жауап берсек. Адамға қанша дос керек? Егер жалғыздықтың денсаулыққа тигізетін зиянды әсерін жеңілдету керек болса, онда кем дегенде бір маңызды адам қасыңда болуы керек. Ол ата-ана, дос немесе басқа біреу болса да жарайды. Мұны Канзас университетінің коммуникация факультетінің профессоры Джеффри Холл ұсыныпты. Яғни «жалғыздық батқанында, құлазып жатқаныңда, бір досың болу керек...»

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

 

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз