Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 18 Наурыз, 2024

Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Сұңғыла» кітабының тұсаукесері өтті

Торайғыров университетінде қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйледі.

«Шәкен Айманов - ұлттық кино әлемінің символы. «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сияқты фильмдер бірнеше ұрпақты тәрбиеледі және бүгінгі күнге дейін нағыз өнердің үлгісі болып табылады. Әр халықтың мемлекет мәдениеті мен тарихында ерекше із қалдырған өзіндік аңызға айналған тұлғалары бар. Біз үшін осындай жарқын тұлғалардың бірі - Шәкен Айманов», - деді әкім.

Пленарлық отырыста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сламбек Тәуекел, қазақ театр және кино актері Ергенбай Әбу, сондай-ақ университет ғалымдары құрметті қонақтар ретінде сөз сөйледі.

Конференция аясында Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұңғыла» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Әкім Тарази, Әшірбек Сығаев және Шәкен Аймановпен иық тіресіп жұмыс істеген басқа да өнер қайраткерлерінің естелік мақалалары енген.

Сондай-ақ, Шәкен Айманов туралы деректі фильм көрсетілді, онда кинорежиссердің әріптестері мен ізбасарлары өз естеліктерімен бөлісті.

«Шәкен Айманов өзінің талантын тек кинода ғана емес, театр өнерінде де көрсеткен нағыз талант иесі болды. Университетте «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасы бар, онда болашақта кинода өзін көрсете алатын театр мамандарын дайындайды. Торайғыров университетінде барлық ниет білдірген студенттер үшін ашық театр студиясы жұмыс істейді», - деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.

Шәкен Айманов - қазақ өнеріндегі көрнекті тұлға, талантты актер және режиссер. Ол қазақ киносының классиктерінің бірі болып танылды, оның шығармашылық жетістіктері ұлттық кино тарихында өшпес із қалдырды.

130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз