Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Наурыз, 2024

Шырайы бөлек «Шағала»

Нұрмахан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының репертуары А.П. Чеховтың «Шағала» пьесасымен толықты. Қойылымның басты ерекшелігі – Гүлсина Мирғалиева автор мәтініне қол тигізбей, кейіпкерлердің ішкі драматизмін аша алған. Бүгінгі таңда спектакльдің сыртқы пішініне көп мән беріліп, ішкі мазмұнымен сәйкеспейтін қойылымдар қатары  белең алып бара жатқан тұста режиссердің  драматург стилін сақтауға көңіл бөлуін айрықша атап өткен жөн. Бұл спектакльдің жанры трагикомедияға толығымен жауап береді.

Спектакльде даңққа бөленген атақты жазушы мен жазушы болуды армандаған жас жігіт, сахна жұлдызына айналған шебер актриса мен сахнаға бір шығуды көксеген жас арудың өмірі шынайылығымен баурайды. Режиссер өнерде алдына қойған мақсатын айқын ұққан және осы жолда ешбір бөгеттен қорықпайтын, қайратты адамдар ғана жеңіске жететінін Аркадина бейнесі арқылы көрсеткен. Аркадина бейнесіне берілген режиссерлік интерпретация бұрынғылардан өзгеше. Нақтылап айтқанда, режиссерлік оқылымда Аркадина талантты ғана емес, өзімен жұмыс жасай білетін аса қабілетті еңбекқор жан болып кескінделді. Сондықтан спектакльдегі кейіпкерлердің барлығы да Аркадинамен байланыстырылып, олардың іс-әрекеті контрасты бояулармен өріліп отырады. 
Ирина Николаевна роліндегі жас актриса Алия Бисенбиева режиссердің ой-тұжырымдарын дұрыс түсінген. Ол ке­йіпкердің сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын таба білген. Оның Аркадинасы бір сәт бос отыра алмайды. Үнемі рольге дайындалып, өзінің сыртқы пішінін сақтау үшін тынымсыз жаттығу жасап, әрекет үстінде жүреді. Аркадинаның айналасындағы адамдар мағынасыз әңгіме айтып, құр уақыт өткізіп жатса, ол өз қиялында болашақ ролінің сұлбасын жасап, сөздерін ойша қайталау­мен болады. Бұдан саналы өмірін өнерге бағыштаған актрисаның бейне жасаудағы толғанысы мен ешуақытта тоқтамайтын шығармашылық ізденісі байқалады. А.Бисенбиева актрисаның жан дүниесін жақсы сезінген. Ол кескіндеген Аркадина алдымен өнерпаз әрі нәзік жанды, сезімтал әйел. Орындаушының пластикалық икемділігі мен көз тартатын әдемілігі кейіпкердің шоқтығын көтере түскен. 
Арман мен мақсатқа жетуде күрескерлік қажыр керек. Сондықтан Аркадина жолында кездескен кез келген қиындыққа қарсы тұра алады. Тіпті мерт болған баласының басын сипап, күйзеліп отырса да, еңсесін түсірмей, басын тік ұстап алға қарайды. 
Нина Заречнаяны меңгеруде театрдың жас актрисасы Мәншүк Жайлыбаева әжептәуір шығармашылық ізденіске барған. Ол өз кейіпкерінің албырт жас­тығын, алаулы сезімін Треплевпен өтетін алғашқы сахнада нанымды көрсетті. Актриса кейіпкердің табиғи таза болмысын сыңғырлаған күлкісімен, ашық жарқын дидарымен жеткізді. Аркадинадай атақты әрі мінезді, әрі кербез актрисамен алғаш кездескен кездегі қыздың оған еліктеп, ол жасаған жаттығуларды қайталауға тырысуы оның ішкі арманын айқындай түскен. Ал Тригоринмен танысқан сәттен бастап-ақ қыздың жан дүниесінен тыныштық кетті, ол мазасыз ойлардың шылауына түскенін бет-жүзін құбылту арқылы нанымды көрсетті. 
Спектакльдің шарықтау шегінде көрер­мен Треплевтің аузынан Нинаның сәтсіздіктерге тап болғанын естиді. Яғни алыс­тағы арманына қол созып, қайткен күнде де актриса болу үшін үйінен қашып кеткен қыздың жеке өмірі мен шығармашылықта жолы болмағаны мәлім болады.
Спектакльдегі ең шешуі сахнаның бірі – Треплев пен Заречнаяның екі жылдан кейін кездесуі. Бұл сахнада М.Жайлыбаева өз кейіпкерінің еңсесі түсіп, жабыққан кезін тым біржақты берді. Жігітке басынан өткен оқиғаларды жылап тұрып баяндауында мелодрамалық элементтер басым. Нина қаншама қиындықты басынан кешірсе де, Тригоринді бұрынғыдан да жақсы көретінін Треплевке өксіп тұрып жеткізеді. Сүйген қызының аузынан шыққан әр сөзді мұқият тыңдап тұрған жігіттің осыдан соң үміті біржола үзіледі. Ол өлімді таңдайды. Олай болса, М.Жайлыбаева әр сөзді анық, шегелеп айтып, сөз мағынасының ашылуына көңіл бөлуі керек.
Спектакльдегі оқиға арқауын ширатып отыратын Треплев ролінде ойнаған Рамазан Ақтаев пен Еркебұлан Бекен екеуі де кейіпкердің мінез болмысын тануда өздерінің жеке ерекшелігінен туындайтын даралығын көрсеткен. Аркадина мен Треплевтің оңаша қалып бір-бірімен сыр шертісетін сахнасы екі актердің ойынында да психологиялық тереңдікпен ашылады. Режиссер бұл сахнада ана мен бала арасындағы түсініспеушілікті, оған қоса бір-бірін іштей жақсы көретін ең жақын адамдардың жан жылуына зәрулігін көрсете алған. Ана махаббатын сезінбей өскен жігіттің жалғыз­дықтан күйзеліске түсуі орындаушылардың ойынында ақталып отырды. 
Треплевтің шағаланы атып, Нинаға әкеліп беруі символдық тұрғыда бірнеше мағына береді. Біріншіден, бұл арқылы жігіт өзінің болашағы жоқ екенін ұқтырады. Екіншіден, қыздың Тригориннің құрбанына айналатынын үнсіз түсіндіреді.  
Тәжірибелі актер Р.Ақтаевтың ойынында ішкі арпалыс, ширақтық басым болып шыққан. Сырт қарағанда Треплев анасынан ересек көрінеді. Бұл арқылы режиссер жан дүниесі ерте қартайып, сары уайымға түскен адамның жігерсіздігі мен күйректігін көрсетуді көздеген. Р.Ақтаев алғашқы сахнадан бастап өз кейіпкерінің күйгелектігі мен уайымшылдығын жақсы ашты. Өзінің тырнақалды пьесасы бо­йынша көл жағасында спектакль қоюға дайындалып жатқан жігіттің Нинаны тосып тағатсыздануы, одан соң спектакль кезінде анасының келекелеп сөйлеуін көтере алмай долдануы – бәрі де Трепелевтің өз ісіне сенімсіздікпен қарайтын әлсіздігін нақтылай түседі. 
Е.Бекен драматург сипаттаған кейіпкерден алшақтамаған. Актердің бейнелеуінде Треплев өмірде жолы болмаған, жазушы болуды армандап жүрген қиялшыл, сезімге берілгіш жас жігіт. Ол театр әлемінде реформа жасауды көксейді. Шығармалары философиялық рухта, екінің бірі ұға бермейтін тылсым ойларға құрылған. Өкінішке қарай, оның жазғандарын басқа емес, туған анасы сынап: «Өзіміз үйренген қарапайым пьесаны қоюдың орнына, бізге қайдағы бір декаденттік сандырақты көрсеткені несі? Бұл жерде ешқандай да жаңа форманың иісі де жоқ», – деп көңілдесі Тригоринге сыбырлайды. Мұның бәрі Трепелевтің жүйкесіне тиіп, жаны жаралана түседі. Осы сахнада Е.Бекен анасының қамқорлығына зәру, одан қолдау күтіп жаудыраған нәзік сезімді, қағілез де әсершіл Треплевтің психологиялық толғаныстарын нанымды ашқан. Спектакль соңында Константиннің атылуы қоғамнан өз орнын таппаған шығармашылық жанның жеңілісі ғана емес, жақын адамдарының жылуына зәру болып, рухани күйзелістің тұңғиығына батқан адамның қасіреті болып көрінді.
Тригорин роліндегі Бекнұр Бекимовтің сыртқы тартымдылығы бар болғанымен де, кейіпкердің эмоциялық, психологиялық тұрғыдағы сан алуан күйге түсетін тұстарын жеткізуге шеберлігі жетпеді. Оның Аркадинамен және Нинамен өтетін сахналары бірқалыпты болып кеткен. Актердің ойынында нақтылық пен айшықтылық кемшіндеу. Оқиғаны ойнатып, кейіпкердің сезім шарпысу тұстарын әрлендіре түссе, бір сарынды баяндау мен сөз жаттандылығы сынды кедергілерден арылары хақ.
Ал Эльмира Керімбаева өмірде өз орнын таба алмаған Машаның мінез ерекшелігін дөп басқан. Режиссер бұл кейіпкердің үстіне қара көйлек кигізіп, үнемі күрсіндіріп қойған. «Өһ» деген жалғыз дыбыс арқылы өмірден өзінің не қалайтынын түсіне алмаған жандардың жиынтық бейнесін көрсеткен. Маша Треплевке сырттай ғашық болып жүреді де, өзінің соңынан қалмаған Медведенкоға тұрмысқа шығады. Спектакль соңында Машаның жан дүниесінде ешқандай өзгеріс болмағанын режиссер оның күрсінісін күшейту арқылы білдірген. 
Медведенко роліндегі Мерей Жолдыбаев пен Нұржан Қасым кейіпкердің өмірге құштарлығы мен сүйіспеншілігін көрсетуге тырысты. Машаға үйленгенге дейін жүзінен күлкі кетпей, көңілді жүретін мұғалім жігіттің сүйгеніне қолы жеткеннен кейінгі жағдайын режиссер қызық шешкен. Бұрынғы жалынды жігерінен жұрнақ қалмаған Семен Семенович тура Машадай кеудесін кере «өһ» деп күрсініп, қапалана тіл қататын адамға айналған. Біздіңше, екі актер де кейіпкердің сыртқы әрекеттеріне көп көңіл бөлген. Ал оның психологиялық көңіл күйі мен жан күйзелісі орындаушылар ойынында толық шешімін таппаған. Демек, алдағы уақытта ішкі сезімдерді сан құбылтып беру жағына актерлердің де, режиссердің де көңіл аударғаны ләзім. 
Спектакльде Сорин – Ерболат Орынғалиев, Дорн – Айдос Тастаев, Нұрсұлтан Жексембаев, Шамраев – Бағлан Игдирбай мен Қайрат Еркебай, Полина Андреевна – Майра Бақбердиева, Анар Бейсенбина рольдері сәтті шықты. Орындаушылардың ойыны өзара үндестік тауып, бірін-бірі толықтырып, жанды бейнелер жасалды.
Сахнаны көркемдеген «Альсаври» Халықаралық театр фестивалінің жеңімпазы, грузиялық қоюшы-суретші Тамри Охикиян пьеса мазмұнына қарай оңтайлы шешім тапқан. Актерлердің орындау­шылық, шеберлік тынысын аша түскен суретшінің безендіру тәсілі режиссердің де ұтымды мизансценалар ойлап тауып, спектакльдің динамикалық, ырғақтық қозғалысын реттей түсуіне жол ашқан. Сахнаның оң қапталында үйдің терезесі көрсетілсе, сол жағындағы қара пердемен көмкерілген үй қабырғасы актерлердің әрекет етуіне қолайлы болды. Сонымен бірге кейіпкерлердің ішкі жан дүниесінде болып жатқан арпалыстарды беруде әдемі ойналып тұрды. 
Костюм суретшісі М.Қосмағанбетова әр кейіпкердің мінез даралығын ашатындай киім жасаған. Айталық, Аркадинаның көйлектері алыстан көзге түсетіндей қызыл, ашық түсті маталардан тігілген. Н.Заречнаяның үстіндегі үлбіреген ақ көйлек оның нәзіктігі мен жастығын айқындай түсуге мол септігін тигізді. Сол сияқты грим суретшісі Ж.Алтаева жасаған гримдер қаһармандардың жас ерекшелігін айқындаумен бірге, оның кәсіби маман екенін бірден байқатады. 
Қойылымның жинақылығы, жүйелі дамуы, пластикалық келбеті, бір уысқа топтастырылғандықтан, көрермен қауымды жалықтырмай қызықтырып әкетеді. 
Түйіндеп айтқанда, «Шағала» спектаклі Г.Мирғалиеваның, режиссердің ассистенті А.Исаеваның, актерлердің, суретшілердің, хореограф С.Сұңғаттың, жарық қоюшы Н.Утесинованың, музыкамен көркемдеген Қ.Ақтаевтың, актерлік шеберліктің педагогі Г.Зиятованың шығармашылық бірлестігінен туып, театрдың күрделі классикалық пьесаны еркін игере алатын мүмкіндігін көрсетіп берді. Әлемдік шеңбердегі ұлы драматургтің туындысына батыл қол созған театр ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тілейміз! 

Бақыт Нұрпейіс, 
өнертану докторы, 
Темірбек Жүргенов атындағы 
ҚҰӨА профессоры

 

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз