Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 02 Сәуір, 2024

Алматыда "Әскер барысы" және "Жас сарбаз барысы" чемпиондары анықталды

Әскери қызметшілер арасында "Әскер барысы" титулына қазақ күресінен өткен IX жабық турнир аяқталды. Жарыс ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында өтті.

Ең мықты балуан атағы үшін Қарулы күштер, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, ТЖМ атынан қатысқан 19 спортшы және "Жас сарбаз" қозғалысының 18 мықтысы сынға түсті.

Жарыстың құрметті қонақтары қазақ күресі ұлттық қауымдастығының алғашқы президенті Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы профессор Ерғали Мұхиддинұлы мен "Қазақстан барысы" турнирінің бірінші жеңімпазы Ұлан Рысқұл.

Турнир жеңімпаздарын ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов құттықтады.

– Биыл алғаш рет "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері арасында өтетін турнир аясында дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында жарыстар өткіздік. Жыл сайын қазақ күресі жастар арасында танымал болып келе жатқаны бізді қуантады, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші және екінші орындарды Орталық спорт клубының спортшылары сержант Әділ Оразбаев пен аға лейтенант Марат Байқамұров жеңіп алды. Үшінші орын Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі сержант Бекзат Алтыбаевқа берілді.

Десанттық-шабуылдау әскерлері жанындағы әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушісі Нұрсейіт Сахыбай "Жас сарбаз барысы – 2024" республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Күміс жүлде әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушісі Серікқали Сағиятқа, қола – Әуе қорғанысы күштері жанындағы әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушісі Әбіш Әбілқайырға бұйырды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша алтын белбеу иегері сержант Әділ Оразбаев беделді "Қазақстан барысы" республикалық турнирінде Қарулы күштердің намысын қорғайтын болады. Алда ол елдің ең мықты балуаны атағы үшін бағы мен бабын сынап көреді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы "Әскер барысы" турнирінің жеңімпазы армия спортшысы Марат Байқамұров болды.

Фото: gov.kz

550 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз