Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 13 Сәуір, 2024

Еліміздегі су қоймаларының қазіргі жағдайы қандай?

Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 облыстың ауылшаруашылық алқаптарына су беруді жақсарту үшін 200 шақырым суару желісін тазартты. Барлығы 500 шақырымнан астам су арнасын тазалау жоспарланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева мәлім етті.

Каналдарды тазарту жұмысы Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жүргізіледі.

Сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында, БҚО және ШҚО-да 74 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған.

Суару маусымына дайындық аясында 110 су шаруашылығы нысаны жөндеуден өтіп жатыр.

Еліміздегі су қоймаларындағы жағдайға келетін болсақ, осы сағатқа:

Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99%-ға толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды.

Астана су қоймасына түсетін су транзиттік режимде жіберіліп жатыр. Су қоймасына ағынның төмендеу үрдісі байқалады. Нысанда тәулік бойы мониторинг жасалынады. Есіл өзенінің қалалық арнасы арқылы тасқын суын қауіпсіз өткізу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып жатыр, Атбасарда су тасқыны бар.

Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өзен суының арнасынан шығуы жалғасып жатыр.

Осы сағатта Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1038 см, ол бір тәулікте 144 см-ге көтерілді. Аймақта күрделі жағдай сақталуда.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы 80% су жинады.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 97%-ға толды. Аймақта су тасқынының белсенді кезеңі басталды.

Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 72%-ға толды. Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде.

Қарағанды облысында 4 ірі су қоймасы 100% толды, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%, су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр.

Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және әр екі сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр.

Фото: ашық дереккөз

 

298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз