Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 23 Сәуір, 2024

Пәкістанда Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

Пәкістанның Ұлттық кітапханасында Қазақстан Елшілігі «Diplomatic Insight» Бас директоры Мұхаммед Әсіф Нұрмен бірге Пәкістан провинцияларының 4 ресми тілдері – пушту, пенджаби, синди және белуджи тілдеріне аударылған Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері», сондай-ақ қазақ-урду-ағылшын тілашарының таныстырылымын ұйымдастырды, - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Қазақтың ұлы ойшылының шығармаларын Ұлттық заманауи тілдер Университеті (National University of Modern Languages, NUML) аударды, тілашарды NUML және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бірлесіп әзірледі және басып шығарды.

Кітаптың таныстырылымына Пәкістанның ресми, академиялық орта, сондай-ақ Исламабадта аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Өзінің сәлемдесу сөзінде Елші Ержан Қыстафин Ұлы Абай мұрасының алатын орын мен рөлі, әдебиет дамуына қосқан үлесі, пәлсапалық ойлары туралы айтып, «Қара сөздеріне» ерекше тоқталды.

Қазақстан Елшілігінің басшысы мәдени және тарихи тұрғыдан ортақтығы көп Қазақстан мен Пәкістан халықтары арасында мәдени байланыстарды дамыту маңыздылығын атап өтті.

Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институтының президенті, Фархат Әсіф Абайдың «Қара сөздерінің» Пәкістан провинцияларының тілдеріне аударылуы елдеріміз арасындағы тілдік кедергілерді жойған маңызды оқиға екенін атап өтті.

Тегеран қаласынан онлайн-форматқа қатысқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымы мәдени институтының президенті Саад Хан Абай өз еңбектерінде насихаттаған, бүгінгі күнге дейін тек Қазақстан үшін ғана емес, өңір мен жалпы әлем үшін де өзекті құндылықтарды атап өтті.

Саад Хан ұсынылған кітаптарды ЭЫҰ кітапханасы қорына сыйға тартуды сұрады.

Аллама Икбал атындағы Ашық білім беру технологиялар университетінің директоры Ирфан Али Ансари кітаптардың тұсаукесері екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастағы көпір екенін атап өтті.

Пәкістан Әдебиет академиясының бұрынғы бас директоры, 1997 жылы алғаш рет «Қара сөздердің» урду тіліне аудармасын жүзеге асырған Халид Икбал Ясир іс-шараға қатысушыларға Ұлы Абайдың өмірі мен қызметі, оның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді.

Пәкістан Ұлттық кітапханасының Бас директоры Әсіф Икбал Хан өз кезегінде әдебиеттің халықтарды біріктіретін құрал екенін, шекараны еңсеруге, елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға көмектесетінін баса айтты.

Іс-шара соңында Е. Қыстафин салтанатты түрде Пәкістанның Ұлттық кітапханасының Бас директоры Әсіф Икбал Ханға, Пәкістан Әдебиет академиясының бұрынғы Бас директоры Халид Икбал Ясирге және дипломатиялық корпус басшысы Түрікменстанның Пәкістандағы Елшісі Атаджан Мовламовға Абайдың «Қара сөздері» мен қазақ-урду-ағылшын тілашарын сыйға тартты.

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз