Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 07 Мамыр, 2024

Астанада чемпиондар мен өнер майталмандары Қарасу өзенінің айналасын қоқыстан тазартты

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады, оның барысында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылуда. Осыған орай, танымал спорт және мәдениет қызметкерлері Қарасу өзенінің айналасын қоқыстан тазартты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сенбілікке Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді, таэквондодан Азия чемпионатының жүлдегері Тілеуқабыл Әділ, таэквондодан халықаралық турнирлердің жүлдегері, ҚР Кубогының жеңімпазы Сапархан Аяжан, сол сияқты елордалық театрлардың ұжымдары қатысты. Олардың арасында Қуыршақтар театры, Жастар театры, Музыкалық жас көрермен театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, т.б. сондай-ақ Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымы бар.
Астана қаласы әкімдігінің «№9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ басшысы Айдын Тоқбаевтың сөзінше, сенбілікке спорт және мәдениет ұжымдарынан 400-ге жуық адам қатысты.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің намысын қорғап жүрген және болашақ әлемдік ареналарда Астана қаласының намысын қорғайтын спортшыларымыз қатысып жатыр. Одан бөлек қалалық спорт және мәдениет басқармаларының қызметкерлері де бар. Барлығымыз жиналып Қарасу өзенінің бойында сенбілік жасап жатырмыз.
Мұндай сенбілікке қатысу еліміздің әрбір азаматының борышы деп ойлаймын. Осындай тазалық жиындары қала маңайын қоқыстан тазартуға және экологиямызды сақтауға көмектеседі. Сондықтан да барлығымыз бір жұдырықтай жұмылып, сенбіліктерге қатысуымыз керек», - дейді Айдын Токбаев.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналған.

275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз