Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Коммуникация Ұшқыр уақытқа сай жедел де сапалы қызмет Қазақтелеком мен Халық банкінің бірлескен жобасы

Коммуникация мен ақпараттық технологиялардың бүгінгі даму деңгейінде барша төлеміңізді офисте немесе үйіңізде отырып-ақ жүзеге асыра аласыз. Интернет арқылы. Бірақ интернет қызметін әркімнің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Елімізде қалың көпшілік үшін қызметтің бұл түрі әзірше қымбат болып тұр. Оның үстіне төлем атаулыны өз аяғымен барып, көзбе-көз кассирдің өзіне төлегенді дұрыс көретіндер де аз емес. Халықтың осындай түрлі тобы үшін төлем қызметін ыңғайлы ету мақсатында Қазақтелекомның қызмет көрсету бекеттерінде Халық банкінің бөлімшелері ашылатын болды. Мұнда жұртшылық телефон және коммуналдық қызмет ақысын төлеумен қатар, зейнетақысын алады, несие және басқа да қаржылық сұраныстарын қамтамасыз етуге, банк қызметкерлерімен кеңесіп, пікірлесуге мүмкіндік туады.

Бұл – Халық банкі мен Қазақтелекомның арасындағы тұрғындарға кешенді қызмет көрсету туралы келісімнің нәтижесінде жүзеге асырылып отырған бірлескен жобаның бір саласы. Республикамыздың байланыс саласындағы ірі оператор болып табылатын «Қазақтелеком» АҚ мен қаржы секторында жетекші орын алатын «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ы 2008 жылдың басында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Халыққа бірлесіп қызмет көрсету түрлерін ұлғайту және сапасын көтеру мақсатын көздейтін бұл келісім жасалғаннан беріде өткен уақыт ішінде бірнеше жоба жүзеге асырылды. Мәселен, Халық банкінің бөлімшелерінде телекоммуникация қызметінің ақысын тікелей төлейтін банкоматтар желісі орнатылды. Акционерлік қоғамдардың бірлескен күшімен жүзеге асырылған бұл шаралар төлемдерді қабылдау рәсімін барынша жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Өзара ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелерінің көңілдегідей болуы тұтынушылар үшін қолайлы басқа да бірлескен жобалардың өмірге келуіне жол ашты. Соның бірі – жоғарыда аталып өткен телекоммуникациялық қызмет көрсету бекеттерінде банк кассаларын ашу. Қазірде Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларындағы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 қызмет көрсету желісі бекеттерінде Халық банкінің 22 кассалық терезесі ашылып, жұмыс істеуде. Сөйтіп, тұрғындардың бір келгенде бар шаруасын бірден тындырып кетуіне мүмкіндік жасалды: Интернет, телефон, коммуналдық қызмет ақысын төлейді, зейнетақысын алады, банктік есеп-шотының жай-күйін біледі және басқа да қаржылық шаруаларын атқарады. Серіктестердің жоспары бойынша, мұндай жүйемен еліміздің бүкіл аумағын қамту көзделген. Жобаның алғашқы қорытындыларына қарай кейін мұндай кассалар Қазақстанның барлық өңірлерінде, оның ішінде үлкен қалаларда ғана емес, сондай-ақ болашақта аудан орталықтарында да жұмыс істейтін болады.

Серіктес компаниялар басшыларының мәлімдеуінше, бұл келісім тараптардың халыққа қызмет көрсетудің сапасын көтеру бағдарламасына сай келеді. Халықтың серіктестер тарапынан көрсетілетін қызмет түрлеріне сенімі арта түсуі үшін қос компания бірлескен жоба аясында барлық бағытта қызмет көрсету сапасын жақсарта түспек.

– Аталмыш жоба «Қазақтелеком» АҚ-ның клиенттеріне қызмет көрсету сапасын арттыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. Бұл Қазақтелекомның қызметкерлерін қолма-қол ақша төлемдерін қабылдау қызметінен босатуға көмектеседі, - дейді «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев. – Осының арқасында компания қызметкерлері жалпы тікелей өнімдер мен жаңа қызмет түрлерін игеру және халыққа ұсынылатын қызмет сапасын барынша көтеруге мүмкіндік алады, ал банк қызметін тұтынушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасалады. Біз ақша операцияларын тек облыс орталықтары мен ірі қалалардың қызмет көрсету желісі деңгейінде ғана емес, мүмкіндігінше аудандар деңгейінде де банктің бөлімшелеріне ауыстыруға күш саламыз.

Өз кезегінде, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың келешекте тиімді деген бағыттарына тоқтала отырып, бірлескен жобалар аясында жүзеге асырылатын банк қызметкерлерін іріктеу саясатына сәйкес жұмыс орындары да құрылатынын атап өтті.

Иә, қазіргі ұшқыр уақытқа сай қызметтің сан алуан түрін халыққа дер кезінде және жоғары сапада ұсыну арқылы Қазақтелеком заманауи және жаңашыл компания ретінде танылып, тұтынушылар арасындағы беделі өсе түспек. Нәтижесінде онымен серіктес Халық банкінің тұтынушыларының да қарасы көбейеді. Ал, тұрғындар заман талабына сай сапалы да жедел қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі. Міне, бірлескен жобаның екіжақты пайдалылығы осындай.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

650 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз