Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Алматы қаржылық орталыққа айналмақ Инвестиция тарту үшін алдымен шығын шығару қажет

Сәуір айының аяқ шеніне таман Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі монетарлық билік органдары басшыларының есептерін тыңдауға арналған кеңес өткізді. Бұл жиын барысында Ұлттық банктің төрағасы Г.А.Марченконың, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы Е.Л.Бахмутованың, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қ.Н.Келімбетовтің, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Ә.К.Арыстановтың есептік баяндамалары тыңдалып, талқыға салынды. Өз кезегінде сөз алған елбасы өткен жылы мемлекетіміздегі қаржылық-экономикалық жағдайды дұрыс жолға қою мақсатында көп жұмыстың атқарылғанын атап өтті.

Бұрындары «Қазақстан Исландияға ұқсап, банкротқа ұшырауға ең бейім ел» деген сөз жиі айтылатын. Қазір оны енді ешкім де есіне алып жатқан жоқ. Өйткені қаржылық жүйе тұрақтанды. Бұның өзі уақытында қолға алынған және жүзеге асырыла бастаған шаралардың нәтижесі болса керек. Бүгінде дағдарысқа қарсы жасалған бағдарламаның ауқымында экономиканың маңызды секторларын қолдауға арналған Ұлттық қордан бөлінген қаржының басым бөлігі игерілді. «Біз инфляция және жұмыссыздық деңгейін төмендетуді қамтамасыз ете алдық. Ең бастысы, нақты түрде экономикамыздың өсімін сақтадық», - деп тұжырымдады өзінің экономикалық жағдайға берген бағасын президент Н.Назарбаев. Ол сонымен қатар Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейін табысты дамуы және индустриализациялаудың бес жылдық жоспарының іске асырылуы еліміздің қажетті қаржылық ресурстарын жаңғыртуға және олардың экономикада ұтымды пайдалануына байланысты болатынына баса назар аударудың қажет екенін айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолғы Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында қаланың бірқатар нысандарын аралады. Бүгінгі таңда Алматы қаласына қаржының көптеп құйылуына тікелей септігін тигізетін екі ірі халықаралық шара жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – еліміздің «оңтүстік астанасын» аймақтық қаржылық орталыққа айналдыру жобасы. Екіншісі – осында 2011 жылы өтеді деп белгіленген қысқы Азия ойындарына дайындық жоспары.

Алматыны аймақтық қаржылық орталыққа айналдыру жобасы шындыққа айнала бастады. Бұған енді күмән жоқ. Осы мақсаттың түбінде табысты болуы көп жағдайда осындағы қала басшылығы мен оның тарапынан көрсетілетін қолдауға байланысты болмақ. Бұл жердегі мәселе Алматының ерекшелігінде емес.

Мысалы, Нью-Йорк, Цюрих және Франкфурт - бүкіл әлемге танымал қаржылық орталықтар. Бірақ олар өз елдерінің астанасы емес. Олардың қаржылық орталықтар ретінде танылуына сондағы қалалық муниципалитеттердің жергілікті жерде мейлінше ыңғайлы жағдай қалыптастыруға зор септігін тигізуі басты себептердің бірі болған.

Алматының ресми басшылығы да осында қаржылық орталық қалыптастыру мақсатының орындалуына солайша ықпал ете алады. Түптеп келгенде, қала тек таза күйінде алынған қор нарығының қызметі үшін ғана емес, жалпы осында өз ақшасымен келіп, уақытша да болса өмір сүретін және жұмыс істейтін іскер адамдар үшін де қолайлы жер болуға тиіс. Бұл өздігінен істеле қалатын нәрсе емес.

Алматы әлгі бизнесмендерге жағымды орта болуы үшін тиісінше жағдай қалыптастыру қажет. Бұл жерде айтылғалы отырған нәрсе – қауіпсіздікті, байланысты және экологияны жақсарту, қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, автомашина қозғалысын ретке келтіру сияқты мәселелер.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, кейінгі уақытта қала басшылығы біраз шаруаны тындырды. Бұны көпшілік мойындайды. Алматыдағы жолдар жөнделіп жақсартылды, орталық көшелер қалыптық ретке келтірілді.

Негізінде, «оңтүстік астанада» оның аймақтық қаржылық орталыққа айналуы үшін қажет барлық алғышарттар бар. Қазақстан Орталық Азия аймағының экономикалық жағынан ең озық дамыған еліне айналды. Ал Алматы болса біздің мемлекетіміздің қуатты қаржылық орталығы болып табылады. Қалада қазақстандық банктердің 70%, сақтандыру компанияларының 30% орын тепкен. Сонымен қатар бұнда ірі-ірі халықаралық банктердің өкілдіктері орналасқан. Содай-ақ Алматыда елдегі несиелік нарықтың 80%, депозиттік нарықтың 52% шоғырланған. Бұнда істелетін қаржылық операциялардың массасы жақын жерде орналасқан мемлекеттердің астаналарындағы сондай операциялардың көлемінен асып түседі. Бірақ қаланың ААҚО-ға айналуы үшін бұл жеткіліксіз.

Алда қыруар шаруа күтіп тұр. Алматыны қаржылық орталыққа айналдырып, табысты түрде жан-жақтан капитал тарту үшін алдымен қаланың өзі біраз инвестициялық шығын шығарып, ішкі жағдайын жақсартуы қажет. Басқаша айтқанда, қаржы шығару мен қаржы тарту қатар жүруі керек. Сонда ғана ойлаған нәтижеге жетуге болады.

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз