Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Апта тынысы Қоғам мен биліктің жеңісі

Ел-жұрт болып көптен күткен «Ел бірлігі» доктринасы Мемлекет басшысының мақұлдауымен үкіметке жіберілді. Бұл жобаны жасауға қоғамдық ұйым өкілдері, ұлт жанашырлары – ел ағалары мен азаматтары қатыстырылды.

Еске сала кетейік, осы доктринаның алғашқы ұсынылған жобасы өткір сынға ұшырап, оны талқылау тоқтатылған болатын. Бұдан кейін келісімге келген билік пен ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және зиялы қауым өкілдері біріге отырып, жаңа доктрина жобасын жасап шықты. Сөйтіп, бір жарым ай бойы жасалған жұмыстың нәтижесінде жаңа құрылымды, өзгеше мәтінді доктрина өмірге келіп, Президент әкімшілігі тарапынан құрылған қоғамдық комиссияның назарына ұсынылды. Ұлт жанашыры, ақын Мұхтар Шаханов, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, сенатор Қуаныш Сұлтановтар бастаған 22 адамнан құралған комиссия жобаны мұқият зерделеп, оң бағасын берді. Талқылау барысында жұртшылық тарапынан түскен пікір-пайымдардың дәні бары ескерілмей қалмады. Нәтижесінде оны дайындаған топ өкілдерінің айтуынша, қазіргі қазақ қоғамына сай құжат дүниеге келді.

«Алғаш рет азаматтық қоғам мен билік біріге отырып, өте маңызды, өте күрделі мемлекеттік деңгейдегі, ұлттық, ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжатты дүниеге әкелді. Бұндай жағдай бірінші рет болып отыр»,- дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.

Қазынаның кіріс-шығысына – қатаң бақылау

Үкімет отырысында стратегиялық жоспарлаудың және бюджеттік бағдарламалардың орындалу жайы қаралды. Үкімет басшысы стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік бағдарламаларға қатысты қаржыны тиімді жұмсау қажеттігін ескертті.

Кәрім Мәсімов Мексика түбегінде «Бритиш Петролеум» компаниясының қалқымалы қондырғысының апатқа ұшырауына байланысты орын алған қайғылы оқиғаның АҚШ-қа зардаптарын тигізгендігін, бұл өз кезегінде осы компанияның жұмысына қатысты көп сұрақтар туындататындығын айта келе мұнай және газ, қоршаған ортаны қорғау министрлері Сауат Мыңбаев пен Нұрғали Әшімовке жедел жұмыс тобын құрып, Каспийдегі мұнай өндіру жайына тексеру жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар үкімет басшысы өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу жайымен айналысатын жұмыс тобын жедел құруды тапсырды. Сондай-ақ бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаевқа халық бірден сезінетін азық-түлік, жанар-жағармай бағаларының бақылауда ұсталуы қажеттігі ескертілді.

Үкімет отырысында қаралған стратегиялық жоспарлау, бюджеттік бағдарламаларды орындау мәселесіне қатысты үкімет кеңсесінің басшысы Ғабидолла Әбдірахмановтың, экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың баяндамалары тыңдалды. Қаралған мәселені қорытындылай келе үкімет басшысы бюджеттік үдерістің тұрақтылығы бірінші орында тұру керектігін баса айтты. «Біз қазір дағдарыстан шығып келеміз. Мемлекет басшысы айқындап берген бағытқа сәйкес ілгері жылжу үстіндеміз, мұндай кезде бюджеттік үдерістің тұрақтылығының маңызы өте зор» дей келе, еліміз қазынасының кірісі қаншалықты болса, шығысы да соншалық болуы қажеттігін ескертті. Бұған әрбір министрлік пен ведомство өздеріне тапсырылған қызметті дұрыс ұйымдастыра білгенде ғана қол жеткізе алатындығын айтты.

Ардагерлерге арналды

Бүгінгі таңда елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шаралар кеңінен ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ардақталуда.

Осындай шараның бірі – Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет еткен соғыс және тылдағы еңбек ардагерлеріне арналған жиын болды. Кешегі сонау сұрапыл жылдарда Отан үшін от кешкен ұл-қыздарымыздың ерлігі жөнінде кеңінен сөз болған салтанатты жиынға ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, министрліктің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев қатысып, ардагерлерді Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бастығы Саламат Бектемісовтің ұйымдастыруымен өткен жиында соғыс және тыл ардагерлеріне І, ІІ және ІІІ дәрежелі төс белгілер мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Құттықтау рәсімінен кейін майдан даласындағы қаһарман ерлігімен, тылдағы ерен еңбегімен бейбіт күнді жақындатқан ардагерлерге арналып «Жұлдыз» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды.

Дайындаған Рымтай САҒЫНБЕКОВА

791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз