Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Шуақты күндер шаттығы

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына қамқорлық жасау Үкіметтің үнемі назарында тұрған басты міндеттерінің бірі. Сұм соғысты басынан кешірген жандарға көңіл бөлу тек билік орындарының ғана емес, еліміздің әрбір азаматының міндетіне айналуға тиіс. Ардагерлерге жан жақты қолдау көрсету барысы жайында Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында айтқан болатын. «Үстіміздегі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. Әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленетін болады. Сол сияқты соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген, Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедек­те­рі мен оларға теңестірілген мүгедек­тер­дің жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері де материалдық қолдаусыз қалмайды. Оның сыртында Жеңістің 65 жыл­ды­ғын кеңінен мейрамдауға байланысты соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жол жүрулері үшін 383 миллион теңге қарастырылған. Бұл біздің әкелеріміз бен аталары­мыз­ға олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың біздерге бейбіт өмір­ді қамтамасыз еткендері үшін көр­сетілген құрмет»-делінген еді осынау аса маңызды саяси құжатта.

Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен республикалық «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы басталған-ды. Акция шеңберінде соғыс ардагерлері мен майдан жауынгерлерінің үйлеріне бару, сыйлықтар мен азық-түліктер табыс ету, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына көмек көрсету сияқты игі істер жүзеге асырылды. Алматы қаласындағы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобы Гончарная көшесінде тұратын Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагеріміз М.Б.Елемесовтің үйінде болды. Мұхамед Баймұханұлы 96 жаста, 1 топ мүгедегі. Әкім орынбасары мен әлеуметтік жұмысшылар үйдің ішін қағып, кілемдерді тазартып, ардагерімізді келе жатқан мерекесімен құттықтады, сыйлықтар табыс ете отырып, қуанышты хабарды жеткізді. Ауданда тұратын бес соғыс ардагері Жеңіс мейрамы қарсаңында жаңа пәтерге ие болады. Солардың қатарында Мұхамед Елемесов та бар.

Бүгінде Қостанай қаласында 345 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың бәрі әлеуметтік мекемелердің ерекше назарында. Биыл 20 ардагерге облыс орталығынан пәтер берілді. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Беген Көпеш, қазір мемлекет қарттардың қамсыз күн кешуіне барынша жағдай жасап отыр деп есептейді. Қостанайда қазір соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер қатары 500-ге жуық, сонымен қатар 4 жарым мыңдай тыл еңбеккерлері бар. Енді олардың бәрі Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттен қаржылық көмек алатын болады.

АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Алматы қаласы мен облыс әкімдігінің қолдауымен Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орай «Ардагер – жадымызда сақтаймыз және құрметтейміз!» акциясын өткізуде. Акция аясында Алматы қаласы мен облысы аумағында тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушыларға электр жарығының төлемі үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мекеменің мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылдың 1 мамырынан бастап жыл соңына дейін, яғни сегіз ай серіктестік өз есебінен ардагерлерді 50 кВт жарық төлемінен босатады. Бір атап өтерлігі, бұл мекеме облыстың тек 8 ауданын электрмен қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл акция Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек және Балқаш ауданының ардагерлеріне қатысты, деп хабарлайды ақпарат көздері.

Ардагер Ф.Жақсылықов былай деп толғанады: «Бұл ерекше мерекенің жылда аталып отыруын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, облыс әкімдерінің құрметті қарияларымызға Отанымыздың алдындағы ерен еңбектері үшін көрсеткен қошеметі деп түсінеміз. Ардагерлердің Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан мен тылда көрсеткен ерліктерін, халық шаруашылығын қалпына келтіріп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, еліміздің еңсесін көтеруде төккен маңдай терін ұмытпай, бүгінгі мерекені атап өтуі біздер үшін үлкен абырой деп санаймыз!».

Құрметті ардагерлер! Ұлы мерекеміз құтты болсын! Шуақты күндер шаттығы ортаймасын!

Мұрагер Сералы

793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз