Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 06 Мамыр, 2010

Менің өмірім – мұңнан тұрғызған мұнара

16Назгүл Бердіқожа. Өлеңдері баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері. Қызылорда Мемлекеттік университетінің оқытушысы. Менің өмірім... Жақұтпен жуып шаң-тозаңдарын сезімнің, Түнекке тамшы тамызып барып көз ілдім. Шырқау бір көкке жұлдыз боп шығып алдым да Баянсыз,бақсыз,бақас тірліктен безіндім. Жалаулы жырға жасымнан өстім құмар боп, Сонда да шіркін,көңілде күпті,күмән көп. Қаламнан үркіп ,қағаздан қашам кейде мен, Ақындық деген ақырет кешу шығар деп. Аспаннан қиып ақ көйлек кидім бұрала, Айтпаймын саған ақыннан ақыл сұрама. Айбаты бар да азанын ешкім естімес, Менің өмірім-мұңнан тұрғызған мұнара! Торсыққа құйып жанымды жырдың жолында, Тартып бір кетсем,бағым ба...әлде сорым ба?! Құбыла бермей,Құбыла тұсқа бұрылам, Тағдыр-тізгінім Құдайдың жалғыз қолында. Келмейді бірақ, қапасқа менің қамалғым, Айдыным асса...Алашқа олжа салармын. Кірпияз дүние жанарын ашып-жұмғанда, Кірпігінде оның... үзілмей қатып қалармын! Сіз Баянын тауып бақыттың Балбырап сезім, ол кетті. Жұлдыздар жауған жақұт түн Жанымды менің тербетті. Аңқаңыз кеуіп сағына Аласаруға калайсыз? Ұялшақ қыздың жанына Ұрыншақ көзбен қарайсыз. Сөзіңіз неткен ізгі еді, Сескеніп қалдым, жиып бой. Мендегі сезім сіздегі Сабырсыз ойдан биік қой. Бақытыңды арнап бұл қызға, Баябан шөлден жетіп ең. Баянға бейіт тұрғызба, Жаурайды ол желдің өтінен. Үңілмеңізші жүрекке Құлап кетесіз,өтінем. Тұрмастай болып құлайсыз, Шыңырауын құздың мекендеп. Еңіреп сонда жылайсыз, Неге жолықтым екен деп... Қазақтың тілі-құрандай Өзгеге байлап өзімді, Өрісте жағам жыртылды. Күмілжіп айтып сөзімді, Қызыл да тілім қырқылды. Қағынан безген құландай, Жайрадық қанша жұтап кеп. Қазақтың тілі-құрандай, Көктен бір түскен кітап боп. Бүр жарып балғын бұтағым, Қосамын тілек-тілекке. Киелі киіз кітабым Күйдіріп басам жүрекке. Аралап келсең өткенді, Өнеге сөзді талдайсың. Тіліңмен байлап кеткенді, Тісіңмен шеше алмайсың. Ақынмын мен де... топқа сал, Бұқардай бұрқап жырлайтын. Анамның тілін жоқтасам, Абылай қайда тыңдайтын?!

1907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз