Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 15 Қаңтар, 2015

Сезімнің отын өшірме

сезім Бір әйел өзін ренжіткен құрбысына налып, оны жамандап көршісіне көз жасын көл қылады. Көрші әйел оны сабырға шақырып, құрбысын кешіргені дұрыс деп ақыл айтады. - Қалай кешірем? Маған істегенін қалай кешуге болады? Жоқ. Залымдықты кешіруге болмайды, - дейді жылаған әйел. - Мені жақсы көрмеген адамдарды не үшін жақсы көруім керек? Айналамдағы жанның бәрі мені алдайды, сатады, пайдаланады. Оларға кешірім жоқ. - Мен саған бір әңгіме айтып берейін, мұқият тыңда,- дейді көршісі. - Баяғы заманда бір адам болыпты. Жер-анаға табынып, шам жақпайтындай түндер жарық, пеш жақпау үшін қыстың күні жылы болса екен деп тілепті. Бірақ жер-ана ненің маңыздырақ екенін біледі емес пе, адамның дегенін жасамайды. Сонда әлгі адам ашуланады. «Олай болса, түнде шам жақпаймын. Қыс болса да, пешке от тұтатпаймын» деп ерегесіпті. - Не деген ақымақ адам, - деп көршісінің әңгімесін бөлген әйел, таң қалғанын жасыра алмай, - сонда ол өзінің жарығымен табиғаттың жарығынан асып кетем деп пе, әлде өз жылуымен пештен ыстық болам дей ме? Өркөкірек нақұрыс! Жарық пен жылу ең алдымен өзіне керек екенін неге ұқпайды? Ал, жер-ана өзіне қамқорлық жасай алады емес пе?! - Ендеше сен неге сол нақұрыс сияқты сөйлеп отырсың, – деп сұрайды көршісі, - ақымақтық жасап отыр емессің бе? - Мен бе? - дейді түк түсінбеген әйел. - Иә, сен. Неге бойыңдағы мейірім мен махаббаттың отын өшірмексің? Айналаңды қара бұлт тұмшалағанда неге жүрегіңнің отын жақпайсың? Жақындарыңның жүрегі суынғанда оларды өз сезіміңнің отымен жылытпайсың ба? Қараңғыда отырып, біреу келіп сезімді тұтатып, жүректің отын жағып берсе екен деу ақымақтық. Одан да жүрегіңе мейірім ұялатып, оған өзің де, жақындарың да жылынғаны жақсы емес пе? Жан жылуыңды бөліссең ғана алдыңдағы жолды анық көресің. Сол жолда кім сенімен қатар болатынын көре аласың ғой. Қараңғыда, жылусыз өмір сүргенше жүрегіңнің отын жағып, сезіміңнің алауымен өзгенің жанын жылытсаң, несі жаман? Сенің жаққан махаббат отың суынған жүректерді жылытар, бәлкім? Сезіміңді өшірме...

Шепель Сергей Аударған Шынар Әбілдә

1319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз