Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Наурыз, 2016

Уыз көжеге шақыру

Мұхамбет пайғамбардың Әнес ибн Мәлік атты сахабасы болыпты. Сіңірі шыққан кедей болса да, тақуа-тауазы болып, құрметке бөленіпті. Бірақ күн өткен сайын тұрмысы ауырлап, қатты қиналады. Үйінде ішерге ас, киерге киім қалмай, кедейліктің зарын тартады. Шыдамай бір күні пайғамбарға келіп: – Уа, Алланың елшісі! Сізге жанымыз пида болсын! Жанымды мазалаған бір сауалым бар еді. Қанша еңбектеніп, әрекет қылсам да, тірлігім алға басар емес. Күннен күнге азып-тозып, бір түйір нанға зар болдым. Неліктен бұлай? – деп сұрайды. – Өзің шаңырақ көтеріп, бас құрап па едің? – дейді пайғамбар. – Жоқ, әлі үйленген жоқпын, – дейді сахаба. Сонда пайғамбар: – Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Бас құралмай, мал құралмайды. Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі дейді. Әнес көп ұзамай үйленеді. Ақша жинап, бір ешкі сатып алады. Ешкісінің омырауы толған бұлақ болды, құрсағы толған лақ болды.  Семізін сойса, терісі бұтына қап болды, мүйізі пышағына сап болды. Лақтаған ешкісінің  уызынан көже жасап, Мұхамбет пайғамбар мен сахабаларды қонақ қылады. Пайғамбар оған риза болып: – Алла тағала шаңырағыңа құт бітірсін! Құдай кең пейіл, ұзақ ғұмыр берсін! – деп бата беріпті. Содан кейін Әнестің жаны да, малы да көбейіп, береке дарыған әулетке айналады[1]. Көшпенді қазақ арасында осыған ұқсас «көтенасар» салты да  кездеседі. Көтенасар – алғашқы төл туғанда арнайы көтен асып, қонақ шақыру ғұрпы. Көктемдегі жоспарлы мал төлдеу науқанының басталғанын білдіретін алғашқы төл туған кезде көтенасар жасалып, ауыл адамдары кәделі дастарханға шақырылады. Мұндайда уақытынан ерте, қыс мезгілінде туған төлдер есепке алынбайды. Көтенасар негізінен қай түліктің бірінші төлдегеніне қарамастан, атқарыла береді. Дегенмен аймақтық ерекшеліктер мен жекелеген адамның ықтиярына байланысты белгілі бір түлікке байланысты да атқарылуы мүмкін. Алғаш туған қозыны төлдердің құты ретінде санап, көгенбасы деп атайды. Көтенасар дастарханына арналған етпен бірге арнайы сақтаған соғым малының көтенішегін қоса асады. Соғымның көтенішегі осы мақсатта арнайы сақталатын болған. Сонымен қатар көтенасар ғұрпына арнап қойдың көтенішегін сақтағандығы да кездеседі. Ондай көтенасарды дайындау үшін соғымның тікішегін ұзындау етіп кесіп алып, құйрықтың майын салып аударады. Өрісте немесе қорада туған төліне сүйінші сұрай келген малшыға көтенасар дастарханында асылған көтенішекті сыбаға ретінде тартады. Жиналғандардың барлығы да онан ауыз тиеді. Дастархан басында сыйлы ақсақалдар төлдің амандығын тілеп, бата жасайды. Көтенасарда уыз немесе уызқағанақ пісіріп, көтенішекке қосып ұсынылады. Оны жасау үшін соғымда сақталған жұмыршақ, бүйен немесе қарынға уыз сүтті құйып, аздап тұз салып, қайнап жатқан еттің ортасына салып алады. Мал төлдей бастаған шақта көтенасар салты жасалса, мал туып аяқталуға жақын қалған кезде желінсадақа беріледі. Онда көбінесе ет азайғандықтан, уызкөже жаратылады. [1] Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Таңдамалы шығармалар жинағы. ІV том. – Алматы: Ел-шежіре, 2008.

3094 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз