Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Мамыр, 2016

А. Айталы: Әкімдіктегілер дінді білмейді, дікеңдеуді біледі

«Еш уақытта біздің ата-бабамыз қара киген жоқ. Бетін қарамен жапқан жоқ. Бұл қайдан шыққан әдет, қандай үрдіс? Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний «біздің ұлт мұндайды кимейді, тек қана сіздердің ұлттарыңыз киеді. Біздің ұлттар дін жөнінде шетелге барып оқымайды», деді. «Сіздерден барып оқып жатыр»,-дейді. Ол дұрыс қой. Біздің өзіміздің оқу орындарының білімі төмен бе? Он жыл бұрын сондай болған шығар, қазір жағдай басқаша. Сол жағын кішкене ойлануымыз керек. Осында отырған жерлестер нәтиже шығару керек».

Осы аптада Ақтөбеде өткен Қазақстанның батыс аймағындағы дін өкілдеріне арналған өңіраралық семинарда өңір басшысы  Бердібек Сапарбаев осылай деді. Жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы келіп қатысты.

NUR.KZ сайтының жазуынша, қазір Ақтөбе облысында 10 конфессияны біріктіретін 89 діни бірлестік жұмыс істейді. Ал Шалқар, Байғанин, Мұғалжар мен Темір аудандарында өңіраралық орталық құрылған. Бұл аудандар тектен тек таңдалмаған. Мақсат – жат ағымның алдамшы сөзіне сенген адамдарды бақылау, олардың сауатын арттыру үшін мамандар жұмысын күшейту.

 Амангелді Айталы Ақтөбедегі діни жағдайдың ушығу себебін  Мемлекеттік хатшының алдына жайып салды.  Қоғам қайраткерінің айтуынша, діни сауаты жоқ әкімдік қызметкерлері тек “дікеңдеумен” жүйкені жұқартып, құқық қорғау қызметкерлері қудалаумен жағдайды тек асқындырып жатыр.

«Бердібек Машбекұлы, біздің әкімдіктегі қызметкерлердің діни сауаты төмен. Бұлар “дікеңдеуді” біледі, бақылауды біледі. Бірақ, мәдениеті жоқ. Оларда елдің арасындағы ризашылық кемде кем. Мектептің директорын әкімшілікке шақырып «Сенің балаң неге мешітке барады» деп жағадан алады. Осындайдан кейін буыны қатпаған жастар неге теріс ағымға түспесін, түседі! Сондықтан, менде бір ұсыныс бар. Ол тек менің ұсынысым емес. Басқару органдарында, әкімшілік,  құқық қорғау органы болсын дін тұрғысынан сауатты болуы керек. Мешітке барып “дікеңдемей” «құрметті имам» деп құрмет көрсет. Біз кейде адамдарды осы мінезімізбен ушықтырып алмаймыз ба деп қорқамын. Теріс ағымға мылтықпен,  полициямен күрес жүргізе алмаймыз. Идеяны идеямен жеңу керек. Азаматтық қоғам күшімен күресеміз. Ағымдарға қазақ дәстүрін насихаттаумен жеңеміз. Дінді қорғау – ұлтты қорғау. Дінге сенімсіздік туғызу – ұлт болашағына сенімсіздік туғызу.  Қалың қазақ арасында шүкіршілік ететіндер көп. Келісімнің тұрақты болып отыруы соның арқасы. Оларға күдік туғызбау керек. Қудаламау керек», – деді қоғам қайраткері.

Б. Олжас, oinet.kz

681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз