Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 19 Мамыр, 2016

ҚАЗАҚ БЛОГЕРЛЕРІНІҢ ҚАРЫМЫ ҚУАНТАДЫ

Қоғамда интернет қолданушылардың белсенді шоғыры қалыптасты. Оларды блогерлер деп атайды. Блогерлер – олар кімдер? Блогер – тәуелсіз ғаламтор журналисі, өзінің өмірін, көзқарасын, ойын ғаламтордағы миллиондаған оқырман назарына ұсынатын «жанкешті».  «Өзі қожа, өзі би», ешкімге бағынышты емес, ақпарат кеңістігінде еркін ой ақтаратын белді сыншы, болған немесе болатын жайттарға өзінің жеке пікірін білдіре алатын көзқарасы бөлектеу тұлға. Қазіргі ақпарат ғасырында әлеуметтік желілер мен интернетті тиімді пайдалануда блогшылардың қоғамдық пікірді қалыптастыруда қосар үлестері зор. Елімізде бүгінгі күні 300-ге жуық қазақ тілінде блог бар. Ал блогердің кем дегенде мыңнан басталып, милионға дейінгі оқырманы бар.  Сондықтан, кез-келген мемлекет үшін блогерлер «әлеуетін» тиімді пайдаланудың маңызы зор. Соңғы жылдары еліміздің интернет кеңістігінің даму барысын таразыға тартатын жиындар республикамыздың әр аймағында жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі – жыл сайын әр аймақта дәстүрлі түрде өткізілетін «Блогқұрылтай».  Биыл қазақ блогерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мен жаңа медианың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді көздеген  шара Тараз қаласында наурыз айының соңында өтті.

Неизвестный объект

Қауышулар мен танысулар күні

«BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» іс-шарасы жаңа медиа мамандарының, сайт жасаушылардың өзара тәжірибе алмасу алаңы болды. Жалпы, осыған дейін аталмыш шара Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған қалаларында ұйымдастырылған еді. Шараға Қазақстанның өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан және жақын шет елдерден 150 блогер қонақ келіп, жалпы 300-дей белсенді интернет қолданушылары қатысты. Басты мақсат – қазақ блогшыларының өзара танысуы мен тәжірибе алмасуы арқылы оның сапалық деңгейін көтеру. Азаматтық қоғамды қалыптастырудағы әлеуеттерін арттыруға себепші болу. Қазақ тіліндегі блогтарға қатысты заңнамалық мәселелерді талдау. Блогқұрылтайдың алғашқы күнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев келген қонақтарды жылы қабылдады. - «BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» шарасының  киелі Тараз қаласында өтуі тегін емес. Бүгінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Әулиеата шаһары салтанаты асып, түрленіп, көркейе түсті, -дей келе аймақ басшысы өңірдің саяси, экономикалық, рухани дамуы деңгейін қозғап,  жастар арасында жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстарды сөз етті. Өз кезегінде блогерлер өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Әсіресе  Алматы қаласынан келген  Федор Яков пен Елордадан келген  Қанат Әуесбай сынды белді блогшылардың ұсынысы көпшіліктің көкейінен шықты. Облыс әкімінің қонақтарды қабылдауынан соң «Тараз-Арена» спорт кешенінде спорттық жарыстың бірнеше түрінен  жолдастық кездесулер өткізілді. Атап айтар болсақ, кіші футбол, волейбол, арқан тарту, гір тасын көтеру, үстел теннисі, шахмат, жүзу сынды спорт түрлерінен блогшылар сайысқа түсіп, ғаламторда ғана емес, жалпы өмірде де ссалауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдеді. Жарыс барысында Ұлттық интернет ассоциациясының вице-президенті, «BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» іс-шарасының үйлестірушісі Данияр Аланнан блогқұрылтайдың қайдан бастау алғанын және шараның алдағы жоспарларын сұрадық. - Блогшылардың алғашқы құрылтайы  2011 жылы белгілі саясаттанушы Ерлан Қаринның бастамасымен қолға алынды. Ол кісі «Twitter» әлеуметтік желісінде отырып, блогшылардың басқосуын ұйымдастыру туралы ой тастады. Көп ұзамай, Ерлан мырзаның идеясын елімізге танымал блогер Асхат Еркімбай іліп алып, өз студенттерімен әлеуметтік желілердегі достарымен бірігіп, блогқұрылтай өткізуге дайындық жұмыстарын бастап кеткен еді. Осылайша блогшылар 2011 жылы Алматыдағы КИМЭП университетінде бас қосты. Алғашқы жиынға еліміздің барлық өңірлерімен бірге Қытай, Жапония, Германия, Моңғолия елдерінен 150-ге жуық блогшы қатысқан болатын. Блогшылардың басқосуына  Ерлан Қарин, Бекболат Тілеуханов, Мұрат Әбенов сынды елімізге танымал тұлғалар арнайы шақыртылды.  Келесі жылы бұл құрылтай Астана қаласында ұйымдастырылды. Ал 2013 жылы көшпелі құрылтай Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласына табан тіреді. Сол шараның басы – қасында ұйымдастырушы ретінде өзім жүрдім. Құрылтайдың ресми бөлігі М.Әуезов атындағы мемлекеттік университет базасында өтсе, негізгі бөлігі «Бәйшешек» сауықтыру лагерінде жалғасын тапты. Басқосуға қатысуға бас-аяғы 380 адамнан өтініш түсіп, оның 220-сы қатысты. Қытай, Түркия мемлекеттеріндегі қандастарымыз да құрылтай жұмысының бел ортасында жүрді. IMG_0143 Шарада «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек қазіргі таңдағы ғаламтордың пайдасы мен зияны жайында айтып, блогшыларға тәрбиелік мәні зор жазбалардың қазіргі қоғамда айрықша орын алатынын жеткізді. – Социология ғылымында «Вертер синдромы» (Sindromul werther) деген бар. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, өзіне-өзі қол салу әрекеті. Сондықтан лажы болса, мұндай қайғылы тақырыптарды жиі қозғап, соған екпін қойып маздата беру орнына барынша шектеп, тіпті, тиым салса да артық емес деп санаймын. Үндеуіме ақпарат құралдарының құлақ асқанын қалаймын,-деді журналист, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Қанат Әуесбай. Сонымен қатар, «Жігер. Абырой. Сана» қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен мен Қытайдағы қандас бауырларымызға арналған «Сен – Қазақ» сайтының редакторы Ақытбек Шеризатұлы да өз ойларын ортаға салып, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан соң  3 бағытта секциялық жұмыстар мен шеберлік сыныптары өткізілді. Маралбек Сағынғанов «Журналистің негізгі міндеті – ақпаратты дұрыс жеткізу», Мұхаммеджан Тазабек «Жағымды және жағымсыз ақпараттарды қабылдау», Нұрлан Жанай «Салалық блогерлер», Жалғас Ертай «Дырдунеюс», Ақытбек Шеризат «Қытайдағы интернеттің даму жүйесі», Ұлықбек Алиакбарұлы «Ютуб арқылы қалай қаржы табуға болады», Әйгерім Әлімжан «Медиасауаттылық», Өркен Кенжебек «Инстаграм для чайников» тақырыптарында және өзге де блогшылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Түрлі пікірлер мен әртүрлі көзқарастар да ортаға салынды. Биылғы блогқұрылтайдың басты ерекшелігі – Қазақстан республикасының Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің блогшылармен кездесуі болды. Онда министр интернеттің белсенді қолданушыларымен «TED» форматында әңгіме өрбітті. Әңгіме ғаламторды жастардың тиімді пайдалануынан басталып, бастауыш сыныптарда үш тілді қатар оқыту, оған маман дайындау, мұғалімдердің құқын қорғау, жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың жағдайы және басқа да түйінді мәселелерге жалғасып жат-ты. Ерлан Кенжеғалиұлы жаңадан қабылданған мемлекеттік бағдарламаның бір бағыты – қазақ тілін дамыту туралы ойларымен бөлісті. – Елімізде қазақ тілін үйрететін дұрыс, сапалы әдістеме жоқ, – дейді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. – Ағылшындарда, финдерде осындай әдістемелер бар. Адам 4-5 айдың ішінде сол елдің тілінде сөйлей бастайды. Біз де сол сияқты қазақ тілі үшін осындай әдістеме жасайтын боламыз. Ол үшін орта мектептердегі қазақ тілінің білімді ұстаздарын шетелге оқуға жіберу қажет. Біз көбінесе қазақ тілін жақсы меңгерсе, сол үздік маман деп ойлаймыз. Бұл дұрыс емес. Ең алдымен қазақ тілін біліп, сосын ағылшын тілін меңгеріп, Гарвард сияқты оқу орындарында біліміңді жалғастырсаң, сонда ғана ең білімді тәсілгер болып шығасың. Сондықтан осындай білім ордаларына Елбасының «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақ тілі мамандарын оқуға жібереміз. Сосын баланы кішкентайынан екі, үш тілде сөйлеуге үйрете бастаған жөн. Көптеген халықтар екі-үш тілде сөйлейді. Мысалы, Израиль екі тіл, Швейцария, Голландия, Малайзия үш тіл, Бельгияда міндетті түрде 4 тіл қалыптасқан. Жас баланың екі-үш тілде сөйлеуі оның миын, ойлау қабілетін дамытуға  әсері бар. Америкада және басқа да елдерде осы мәселе зерттелген. Зерттеуші ғалымдар екі-үш тілде сөйлейтін 7-8 жастағы бала миының байланыстары бір тілде ғана сөйлейтін балаға қарағанда, 20 пайызға көбірек дамитынын айтуда. Себебі, балаға неғұрлым көбірек талап қойылса, жүктемелер бірте-бірте көбейтілсе, олардың қабілеті еш қиналмастан арта түседі, - дейді министр. Сондай-ақ, жас блогерлерге Ерлан Сағадиев «Қазақша сөйлегендерге күліп қарауды тоқтату керек», «Креативті жастар, бізге келіңіздер, бірге жұмыс жасайық» деп ұсыныс айтты. Одан соң шараға қатысушылар министрге сауалдары мен өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Аятжан Ахметжан есімді блогер өзінің мұғалім болып қызмет ететінін айта келе, ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарыңызшы деген ұсынысын жеткізді. Бұл кездесуде маңызды мәселелер талқыланды. Кездесуден соң, ең үздік презентациялар мен старт-аптар таныстырылды. Соңынан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде сөз сөйлеп, блогқұрылтайды қорытындылады. Блогқұрылтайдың соңғы күнінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында блогшылар 25 түп ағаш отырғызып, «Біздің өлке» атты экскурсия өткізілді. Қонақтар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Төрткүл» керуен-сарайы, Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелерін аралады.

Өркен КЕНЖЕБЕК, «Хабар» Агенттігінің Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі.

– Негізінен, «BlogCamp» Америкада, Еуропа елдерінде көптеп ұйымдастырылып тұрады. Оларда «Camp» өткізуге қызығатын адамдар белгілі бір қаланы таңдап, осы тектес жиындарды өткізеді. Ал біз бұл форматқа өзгеріс енгіздік. Яғни, біздегі құрылтайлар көшпелі. Неге десеңіз, біз жұмысты бір қалада ғана жүргізе берсек, географиялық ауқымымыз тарылып қалар еді. Құрылтайды өткізуде көшпелі форматты қолға алу арқылы біз өңірлерде блогқа қызығушылардың ортасын қалыптастыра алдық.  Бұған дейін құрылтай өткізілген 5 қаланың барлығында блогшылардың ортасы қалыптасып үлгерді. Тараздағы «Блогқұрылтай» бұл қазақша жазатын барша интернет белсенділерінің, блогерлерінің, трендсеттерлерінің басын бір қосып, қордаланған мәселесін қарап, ұсыныстарын айтып, бастамасын көтеріп қалуға таптырмайтын алаң болды. Әрі республикалық шараның Тараз төрінде өтуі міндетті түрде мультипликативті әсерін беріп, жергілікті жастардың блог пен әлеуметтік желілерде белсенділігін арттырады. Әсіресе, жастар мұнда әлеуметтік желілердегі селфбрендинг негіздерін білу, Клоут рейтингіне ілігу, сайттың қаралымын арттыру, мобильді фотография негіздерін үйрену, SEO мен SMM мүмкіндіктерін зерттеу секілді тақырыптарда толық мағлұмат алып, білімін толықтырады, кәсіби блогшылармен таныстығы артып, нетуокингтік қасиеттері күшейеді. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал блогшылар Тараз қаласы туралы пост жазып,  фотобайқауға қатысуы арқылы Қазнетті біздің өңір жайлы танымдық, талғамды материалдарға байытып кетеді. Тоқетері, Жамбыл өңірінің жақсы істерін жарнамалаудың бірден-бір жолы – осы. Сондықтан, бұл шараның қай тарапқа болсын  берері мол!

Еркебұлан Құралбаев, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Өңірімізде өткізілген құрылтай өңірдегі ақпараттық сауаттылықты арттыру мен блогерлердің қатарын көбейтетіндігі сөзсіз. Ең бастысы, жан-жақтан жиналған блогерлер өңіріміздегі тарихи, мәдени нысандарды аралап, әлеуметтік желі арқылы оларды жарнамалады. Тек тараздықтар ғана емес, еліміздің басқа аймақтарындағы тұрғындар облысымыздың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Құрылтай аясында тəжірибелі мамандардың дəрісін тыңдап, пайдалы тренингтерге қатысуға мүмкіндік туды. Құрылтайдың тағы бір өзіндік ерекшелігі – қазнетке сапалы контент қосу,  қазақ блого-сферасын жандандыру, оқырмандарды Жамбыл облысының тарихымен, ондағы халықтың әл-ауқатымен, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру мақсатында «Мен тамашалаған Тараз» тақырыбына блогшылар арасында конкурс  өткізілуінде.Осы байқауға қатысушылар «Тарих», «Даму», «Тараздықтар» атты тақырыптық бағыттары бойынша пост жазып жариялады. Ал үздіктер конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, І, ІІ және ІІІ орындар бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Наурызбек САРША, журналист.

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз