Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Сәуір, 2017

ҚАЗАҚ ИНЖЕНЕРІ – МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЙҰЛЫ

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихында қадаулы орны бар Мұхамеджан Тынышбайұлы бір мүшел үлкендігі бар Ә.Бөкейханұлына Тәшкеннен хат жолдайды: «Қымбатты Әлихан аға! Мұстафа [Шоқай. – Ғ.Ә.] Орынбордағы қазақтардың ұстанған жолы біздің көзқарасымызға туралығын айтып берді. Мен Сіз бен біздің көзқарасымыздың бірдей болып шыққандығына аса қуандым. Орынборға барып, келешектегі жасайтын қадамдарымды Сіздің шешімдеріңізбен үйлестіру ойымда бар еді, алайда, бақытыма қарай, менің ойларым Сіздің бағытпен бірге, бірдей болып шықты». Аласапыран өліара шақта Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің төрағасы – премьер-министрі болып сайланып, артынша бұл лауазымнан бас тартқан (оның орнын Мұстафа Шоқай басты) М.Тынышбайұлының дәп сол бір тарихи сәтте Алашшылармен бірге болып, иықтаса қимылдай алмауы өкінішті-ақ...

ТЫНЫШБАЕВ Мұхамеджан (12.5.1879, бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысы – 1938, Ташкент) – Алаш қозғалы­сының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері. 1900 жылы Алматы-Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіреді. Сол жылы Ресей патшалығы астанасына оқуға аттанып, 1906 жылы Санкт-Петербургтағы Императорлық Жол қатынасы институтын тәмамдады. 1905 жылғы орталық қалаларды шарпыған толқулар кезінде бұратана халықтың мұңын жоқтаған Автономияшылдар одағының қатарынан табылды. Инженер-маман ретінде қазіргі Өзбекстан, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне жолданып, Урсатьевск-Әндіжан, Арыс-Әулиеата теміржол құрылыстарының бас инженері болды. Арасында ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып, аграрлық комиссия жұмысына атсалысты. 1916 жылғы халық көтерілісінде елді сабырға шақырды. Патшаның жазалаушы әскерінің қылмыстарын әшкереледі, әсіресе Қытай ауған қазақ-қырғызға көп көмектесті. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне мүше болды, ай, апта құрғатпай өтіп тұрған жиын, сиездерге қатысты. Қоқан қаласында 1917 жылдың 26-28 қарашасында болып өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының IV сиезінде Түркістан мухтарияты-автономиясы жарияланып, Үкіметтің Премьер-министрі әрі Ішкі істер министрі болып М.Тынышбайұлы бекітілді (12 лауазымды Үкімет мүшесінің бірі – Сыртқы істер министрі М.Шоқай). ІІ Жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі құрамына сайланды. 1918-20 жылдары басқа да ұлт қайраткерлерімен бірге халық майданына еніп, ат үстінде күн кешті. 1922-27 жылдары Тәшкенде, Қызылордада, Алматыда инженер-маман ретінде ортаңқол шаруаларды атқарды. Ал 1927-30 жылдары әйгілі Түрксіб (Түркістан-Сібір) теміржол құрылысының техникалық-инженерлік басшыларының бірі болды. Шын мәнінде, кәсіби теміржолшы ретінде талантының жарқырай көрінген тұсы осы жылдар еді. 1930 жылы 3 тамызда ОГПУ жендеттері тұтқынға алып, қалған ғұмыры аңду, бақылау, қуғын-сүргінмен өтті; Тәшкенде атылды (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 335-337-бб.). 1920 жылдардың басында Тәшкенде бір шоғыр қазақ оқығандары бас құрап, халық қазынасына олжа салған мәдени-рухани істер тындырғаны белгілі. Осы топтың бел ортасынан табылған М.Тынышбайұлы да екі-үш жыл ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуға мүмкіндік алды. Қазақ халық ағарту институтында математика, физика, химия және түркі халықтары тарихы пәнінен дәріс оқыды. Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөліміне, Қазақстанды зерттеу қоғамына, «Талап» ұйымына мүше болды. Ең бастысы – қазақ кәсіби тарих ғылымының бастауында тұрған «Материалы к истории киргиз-казахского народа» (Ташкент, 1925) атты ұлттық тұрғыдан зерделенген тұңғыш қазақ шежіресін дүниеге әкелді. Бұл алғашқы қазақ инженерінің өзіне орнатқан мәңгілік ескерткіші-тұғын. ХХ ғасырдың басындағы үркердей бір шоқ қазақ оқығандары Алаш алдындағы парыз-аманатын толық орындап кетті: сталиндік режимнің бір тал оғына құрбан болғанша олардың қай-қайсысы да бір қолына қару ұстаса, екінші қолдарынан қаламы түспеді. *Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған жоқ. *Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бірде-бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болса игілікті іс немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған да жоқ. *Хүкіметтің нені көздегені белгілі: біріншіден, жабайы да тағылық репрессия жүргізу және тіл, салт-сана, дін һәм руханият атаулыны орыстандырмақ; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралармен, әкімдермен, ережелермен қазақты құқықсыз, заңнан тыс етпек; үшіншіден, оларды қаны сіңген, сүйегі көмілген өз жерінен айырып, шөл-шөлейт жерге қуып, өлім құшағына тапсырмақ. Міне, қазақ бұрынғы дербестігі мен еркіндігінің орнына, орыс бодандығына қантөгіссіз кіргендігінің ақысына жалғанды. *Түркістандағы орыс тұрғындарының 90 пайызы Жетісу жеріндегі толқулардың себебін көп ойланып жатпай-ақ түрік және герман үгіттеуінен көруі дұрыс емес, шындығында оның себептері қырғыз-қазақтарды ата қонысынан, жерінен айырған отарлау саясаты мен патша жендеттерінің жасаған түрлі зорлықтары және де үлкен көтерілістерді ұйымдастырар үгітшісінің жоқтығы еді. *Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда хүкіметтің неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де хүкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын. *Хүкімет тарапынан қазақтар қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқасты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіп отыр. *Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерді тартып алып, олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күшейіп келеді және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген хүкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы! *Авторлар қырғыздар туралы әртүрлі деректерден «қазақ» деген сөзді ғана іздестіріп, олар әр қилы кезеңде әртүрлі түрік-моңғол тайпалары қосылған негізгі тайпа деп есептеді, солай дей отыра оның ешқайсысы да қазіргі кезеңде бұрынғы қазақтардың ұрпақтары қай қырғыз рулары болатынын анықтау мәселесімен айналысқан жоқ. *Қазақ халқының әрбір руының генеалогия­сын алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес. *Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар; екіншісі – орысша оқығандардың еуропалық сөздері. *Тарих жолымен жер жүзіндегі жұрттар екі бөлінеді: өнерлі, талапты, қатардан қалыспаған жұрттар. Бұларды тарихи жұрттар деп атайды. Еуропа һәм Азия халықтары, Америка һәм Америкадағы өнерлі халықтар (еуропалық тұқымдары) – бұлар тарихи жұрттар. Екінші: неше мың жылдардан бері бір қалыпта тұрған, ілгері баспаған, аң сияқты халықтар – тарихсыз халықтар. Африкадағы зәңгілер, Америкадағы үнділер, Австралия жақтағы малайлар – бұлар тарихсыз жұрттарға жатады.

Ғарифолла ӘНЕС

3723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз