Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Сәуір, 2017

Жастық шаққа оралу немесе қайталанбайтын Редактор туралы ретро-хикая

Жақау Дәуренбеков, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

Қаламгерге сыншы көп. Біздікі сыншылық тұрғыдан емес, сыршылдық сонарынан сөз сабақтау. Оған түрткі Жанат досты бала кезден білетіндігім. Оның жазушылық жолы да, он редактормен – Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Сапар ­Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанов, Ержұман ­Смайыл, ­Сауытбек Әбдірахмановпен бірге өткерген журналистік ерен еңбегі де көз алдымда, жазғандары да санамда сайрап жатыр.

***

Біздіңше, қаламгер қыры мен қарымы көп қырлы, көп сырлы боп келеді. Оның шығармашы­лық шебі мен шерін танытар қаламының қуаты тынымсыз ізденіспен, жүйесін тапқан тәжірибемен, өмірді танып, барлауымен, түйсіктің таразы талғамымен, ақтолқын ойдың алғауымен, үміттен ­айырылмай үйрену ұстанымымен келетіні анық. Бұл орайда қаламдас достың, сонау алпысыншы жылдары Балқаштың бала толқыны болып, бүгінгі күні журна­лис­тиканың дара толқыны боп отырған ­Жанат Елшібектің жазғанын қалай айтсақ та қорымыз қомақты, айтарымыз айдынды. Бізге белгілісі оның өзгермейтін өмірлік танымы мен өзіндік қалыбы. Қаламгерлік келбетінің шындығы да, көркем болмысы да осы шығар. Біз білетін тағы бір шындығы қашан көрсең де баян ісіне берілгендігі, бар сезімі қаламының ұшында жүретіндігі, көңіліндегіні ­жайып салмайынша жай таппайтындығы, тілге тиек етерінің алтын арқауын іздеп жүретіндігі. Осындай мазасыздықтың толқынында тербеліп жүріп, жағалауын тапқан жалғыз желкендей жаңа дүниесі «Найзағай жаралаған егіз қайың» иесін тап­қандай көрінеді. Әрі бұл көптеген пуб­ли­цистикалық, көркем кітаптар жазған Жанатты жаңа бір қырынан танытқандай әсер береді. Хикаяттың ең алдымен елең еткізген ерекшелігі әп дегеннен таныс өмір, таныс бейнелер алдымыздан сәлем беріп шыға берді. Редакция өмірі тілге тиек етіліпті. Әп дегенде көңілге күдік келгені де рас. Енді ше, редакция ұжымы, журналистер туралы жазу күрмеуі мол қиын шаруа. Қиындығы күмән да келтіреді, сан сауал да туғызады. Шынын айтсақ, қалай жазылды, қай қырынан қисынын тапты екен деген ой-сауалдың көңілді күпті етіп келе қалғаны кәдімгідей. Дәтке қуаты, таныс тірліктің әдемі баяны баурай түскен сайын күдігіміз де сейіліп сала берді. Күнделікті қаскөйлер мен шырылдаған тастанды балалар, топ тобырымен миллиардтап ақша ұрлағандар, әкесін сақалынан сүйреп қарттар үйіне апарып тастағандар, малы үшін өзін өлтірген ауылдастар, жасөспірім балаларды зорлаған екі аяқты хайуандар жайлы алақұйын ақпарат хабарлардан жан күйзеліп жүйке тозып жүрген пендеге ­сонау жастық шақтың суреттері – өмірдің өрекпіген өртең шағы ой ­сарайымызды ашып, көктемнің самал лебі есіп қоя бергендей көрінді. Секретариаттағы жаухатшының макетке үңілген монологынан бастау алып, көңілге таныс Көкбазар алдымыздан шықты. Көкбазардың түбінде асқақтай бой көтерген тоғыз қабатты Баспасөз үйінің жетіншісіне жастар газеттері орналасқаны сол кезеңнің елеулі жаңалығы еді. Архитектураның соңғы жетістіктерімен салынған жаңа ғимараттың биік еңсесі журналистердің мерейін де өсіріп жіберген. Жеке-жеке кабинеттерді иемденген жітіттерде жігер басым, жұмысқа да бұрынғыдан да бетер ықыласты көрінеді. Әр бастықтың өз жұмыс стилі, ұжымды басқару әдісі бар. «Қай материалды болсын жұтындырып жазумен бірге, әдемілеп безендіріп, көркем киіндіріп, бірден көзге ұратындай көрсетуге назар аударатын боламыз. Ең бастысы, газеттің макетіне мән берген дұрыс. Макет үлкен өнер. Макет дегеніміз газеттің киімі ғой. Әдемі жүргенді, әдемі киінгенді, сүйкімді көрінуді өздерің қалай ойлайсыңдар. Меніңше, газет те сондай айшықты, ішкі мазмұнына сыртқы ажары сай болып шықса нұр үстіне нұр» дейді редактор ұйғарымы. Ұстахана көрігінің шоғы да, қызуы да еш бәсеңсімей қайнап жатқаны абзал дейтін, жаңашылдыққа құмар, тұлабойы тұнған идея болған Сәкеңнің бір қыры таланты барға – жанкүйер, қарымы барға – қамшыгер. Хикаяттың басты кейіпкері Жанат дос осылай толғап алып, өзінің жастар газетіне қалай имене келіп қабылданғанын боямасыз жеткізеді. Осы жерде баяғы біз білетін баспахананың бояуы бұрқырап қоя береді. Дабыр-дұбыр шуынан құлақ тұнатын газет басатын ұлан-ғайыр конвейер цехы. Ішектей созылған ұзын лента бойымен жоғары өрмелеп бара жатқан газеттің жаңа нөмірі, сартылдаған сұрыптау цехы, қорғасын иісі бұрқыраған верстка бөлмелері суреттеліп келіп тоқтайтын тұсы езу тартқызбай қоймайды. Өйткені қарсы алдымызда Әдинаш апай сөйлеп кеп береді: « – Амансың ба, Серік? Неғып ертелетіп жүрсің? Верстканы жаңа бастап жатырмыз. Екі-үш күннен бері графикке зорға үлгіріп жатырмыз. Набордың жартысы әлі терілмепті. Мастерлердің шаңын қағып келемін. Бұл не қылған тәртіпсіздік? Біздің редакцияның жігіттері де кінәлі. Терілетін мате­риалдарды тым кеш жібереді. Оның үстіне перепечатканы шала жасайды. Қол­мен түзетілген қателерден көз ашпайсың. Әр бетте екі-ақ түзету болу керек. Ал біздің оригиналдар шимай-шатпақ. Редак­торға звондасам орнында жоқ, әлі Египеттен келмеді ме?Ең құрығанда бірер күн макетті терілген дайын материалдардан сызсаңдаршы. Досылды көбейтіп жібердіңдер. – Жақсы апай. – Мына жетектеп жүрген көзілдірігің кім? – деді дүңк еткізіп. – Әдина апай, бұл жігіт жаңа қызмет­керіміз. Аты жөні Жанат Елшібеков. – Әлгі кроссворд жасайтынның өзі ме? – Дәл өзі. –Дұрыс екен. Немене, макет сызу кроссворд құрастырудан қиын емес шығар, үйренеді, үйретеміз. Тек ықыласы болсын...» Осылай басталатын хикаяттың арқауы газет шығаратын редакциянын, баспахана ауанынан басталып, шығармашылық процестің қыр-сырына қарай сабақты инесін салады. Редакцияның сыртқы портреті түсінікті боп көрінгенімен ондағы материалдардың өмірге келуі, жазылуы, саралануы, қорытылуы, жарық көруінің күрделілігін ашып көрсету үшін көре білуден бөлек бастан кеше білудің қажеттігі көкейде тұрады. Редакция – шығармашылық ортада болып жататын түрлі ситуациялардың таразыға тартылар төрі, сиямен төгілер сезімдер мен тамшы тер боп өрілер төзімдердің көрігі, шымырлық пен ширақтыққа, мойымайтын мұзбалақ мінездерге, ұщқырлыққа баулитын ұстаханасы. Хикаяттағы баян етілетін оқиғалар сөздің құнарын тапса да құралын таппай, түні бойы толғатып, күні бойы ой қатып жүретін, сапарлардан кейде тосын кейіптермен, кейде қызықты кейіпкерлермен оралатын жігіттер мен тоқтамайтын тасқын жұмыстың ұясы-редакцияның ішкі тынысын танытады, сол кездегі жас журналистер толқынының тыныс-тіршілігін қаз-қалпында көрсетеді. Тіпті олардың жасқа тән жарқын болмысынан Жанат автордың өз бітімі мен өрекпіген көңілі де менмұндалап тұр. Бәрі күні кешегідей, бәрі әсірелеуі жоқ өмірдің өзіндей шынайы эпизодтар. Өмірге құштар, жаңалыққа ынтазарлы, бәрін білсем, бәрін жазсам деп жүрегінің лүпілін жазуға арнаған жас толқын журналистердің лек-лек толқынын елеуіштей өткізіп, елге танымал етудің ерен тәрбиесін алғандардың көз алдымыздан өтер портреттерінің қақ ортасындағы темірқазық тұлға Бас редактор бейнесі де әп дегеннен көзге оттай басылады. Бәрекелді, бұл Бердіқұлов!Қай қырынан қараса да автор ақиқатын айтуға барын салғандай. Өйткені ұстаздан естігені де жетіп артылады, көргені де көп, тәнті болғаны да баршылық. Ұстазының – Бас редактордың мінезін тектілікке, біліктілігін тереңдікке, пайымдылығын парасаттылыққа, талап­шыл­дығын талғампаздыққа балайды. Кейбір сәттердегі салмақты сабырлылығын ерлікке балайды. Оған келтіретін дәлелі дап-дайын. Бұл бір естен кетпес оқиға ретінде жадына жазылып қалыпты. Алып-қосары жоқ ақиқат ерлік екен. Бірде дүбірлі ­мереке Қазақстан Ленин комсомолының елу жылдығына жоспар жасалынып, түрлі-түсті мерекелік үлкен үлгідегі сегіз беттік арнайы нөмір даярланады. Ол кезде офсетті басылыммен мұндай нөмір шығару сирек құбылыс. Екі ай алашапқын жұмыс жүргізіледі. Бояуы құлпырған нөмір Абай атындағы ­опера және балет театрында өтетін салтанатты жиналысқа қатысушыларға таратылады. Соңғы нөмірге қол қою сәті де келеді. Барлық ­тиражды басу ғана қалады. Неше тәулік шала ұйқымен жүрген жігіттердің жүрегі лүп-лүп. Кенет көзі атыздай боп жүгіріп келе жатқан цех бастығының дауысы естіледі. «Ойбай, орден аударылып кетіпті!». Жаппай шпигелге үңіледі. Қазақстан комсомолын наградтау туралы Жарлықтың шекесіне Ленин орденінің түймедей ғана түрлі-түсті штрихпен салынған суреті қойылған еді. Күн көсемнің сол қалпы, тек солға емес, оңға қарап тұр. Ал әдеттегі Ленин сөзі Нинел боп шығыпты. Ал керек болса! Осы сәттегі Бас редактордың батыл үні цех ішіндегі өлі тыныштықты саңқылдай серпіп жібереді. «...Оригиналы дұрыс болатын штрихтың. Өзім көргем» дейді күрсіне түсіп. Бұл баспахананың, цинкографияның үлкен қатесі. Мұндай тамаша нөмірді болмашы нәрсеге бола кешіктірудің қажеті шамалы. Тиражды тоқтатпаңдар, дереу басыңдар. Таңертеңгі салтанатты мәжіліске кешіктірілмей жеткізілгені дұрыс. Әзірге барлық кінәні де, жауапкершілікті де өз мойныма аламын. Кәне, үрейленбеңдер, ең бастысы, Лениннің түрі өзгеріп кеткен жоқ қой. Жазуындағы қате үшін берілер сөгісті де, жазаны да мойныммен көтеріп бақтым». Бас редактордың бұл ұйғарымы нағыз ерлік еді. Жігіттердің иығынан зіл батпан жүк сыпырылып түскендей болады. Редактордың батыл байламы бәрін жігерлендіріп жібереді. Жарқыратып алау­латып шығарылған мерекелік нөмір жұрт көңілінен шығады. Кішкентай кілтипанды біреу байқады, біреу байқамады. Өмір болғасын біреулер оны көзге де ілмеді, ал біреулер жерден жеті қоян тапқандай мәз болды. Ал мысық тілеу біреулер редакторды мұқалтқысы келіп «Нинел деген жаңа орден бе?» дейді. Мінезді редактордың оған мыңқ етпей: «Сендер өздерің Лениннің жүзден астам бүркеншік аттарының бірінің Нинел екенін білмеуші ме едіңдер?» деп қайырып тастағаны тағы бар. Иә, бұл дегдар мінез еді. Қалай десек те қайсар, қайталанбас ерлік еді. Мұндай батылдық, мұндай жүрек жұтқандық қылышынан қаны тамып тұрған қатал заманда кез келген жанның қолынан келмес еді. Бұл ұясын қанатының астына алған қырандай, қара бастың қамын күйттемей коллективін қорғаған қыран мінез еді. Сәкеңнің тағы бір аңызын ­Жанат хикаяттың өнбойына енгізуді орынды пай­даланыпты. Ол оқиға әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысты. Келімсек, күштеп отырғызған Кремльдің іс-әрекетіне қарсы­лық білдірген жастардың талап-тілегіне құлақ аспаған билік абдырап қалған. Қасіретті күннің тегеурінді толқынынан үрейленген қалалық партия ұйымы түн ортасында Саяси оқу үйінің үлкен залында, шұғыл жағдайда жиын өткізеді. Бұл төтенше басқосуға Алматыдағы барлық ірілі-ұсақты мекемелердің тізгінін ұстаған бірінші басшылары мен партком хатшылары түгел қатысады. Күн тәртібі мұқым жұртқа әйгілі. Бүге-шігесін тәптіштеп жату артық. Коммунистердің қанға сіңген ежелгі әдеті бойынша жастардың қылықтарын әшкерелеп, талап-тілектерін таптап, ертеңгі күнге деген сенім үмітін өктемдікпен өшіру. Әуелден Мәскеудің нұсқауымен жүріп-тұруға бейім қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы бет-аузы қисаймай «Қазақ ұлтшыл» деп айқай салады. Қазақ жастарын жөн-жозықсыз кінәлау алып бара жатқанда жандайшаптардың қаптай көтерілуі ­намысы бардың қанын қайнатқанның куәсі болғандардың бірі жастар газетінің журналистері еді. Кейбір мәңгүрт идеологтардың жастарды жер жебіріне жетіп, қыздарды шаштарын бір талдап жұлар едім деп жұлқынып шыға келгенде, қазақ ұлтшыл деп көкігенде, саусақтарын шошайтып көсіле лепіргенде бас шұлғи бермей, орнынан атып тұрған бахадүр жүрек Сәкеңнің: «Бәрін де бүлдіріп жүрген осы, оңды-солды ербеңдеген сұқ саусақ. Істің ақ-қарасына толықтай көзді жеткізіп алмай, жала жабуға еш қақыңыз жоқ. Ұлтыма жұққан қара дақ маған неге жұқпауы керек. Білесіз бе, бүгінге дейін сонау Мәскеудің төрінде, Кремльдің тағында отырған Генсектен бастап Қазақстанды«Жүз отыз ұлттың лабораториясы – алтын мекені» деп ұрандаттыңдар. Енді қалайша бір күнде қазақ ұлтшыл атанады? Байқап сөйлеңіз!» деп алакүлік астамшылдың аузын жабуы хикаятта жан жақты ашып көрсетіледі. Талай оқиғаның тамырын басып тарқата сыр төккен Жанат ойдан ештеңе қоспайды, қызығушылық тудыру мақсатында әсіре баяндаулар желісіне бара бермейді. Деректіліктің шеңберінен шықпай бар білгенін өз көзқарасы тұрғысында қабылдап, сол кездегі ыңғай бір жас жігіттер істейтін ортаның тынысы мен тіршілігін мөлдіретіп жеткізу де оңай емес-ті. Оның үстіне ол жігіттер таныстық-паныстық, ру-пру дегеннен хабары жоқ, тек жазғандарына сенетін әр өңірдің асау жүректі, әзілқой, қиялшыл, арманшыл албырт жастары еді. Жарыса жазып, жазғанда ойлай да білетін, толғайда білетін кілең қаламы жүйрік жалаңтөстер дерсің. Осындай ортаның қақ ортасында қайнап қайралып жүрген Жанат Елшібектің журналистік ұшқырлығы мен сюжеттік тапқырлығы Сәкеңнің тұлғалық бейнесін сомдауда ізденгіштігін, тамыршыдай тапқыштығын танытады. Сәкең басқарған сол бір шақтың буыр­қа­нысы мен бояуы бөлекше еді, тұлпарын бәйгеге қосып отыратын намысқой жігіт­тердің жайқын өмірі қызыққа да, шы­жыққа да толы еді. Енді қалай болмақ, буыр­қанған жастық емес пе. Жалпақ елдің жігерін қайрап, ойландыратын, толғандыратын, жаңалығы басым ­жастар газетінде істеген осындай замандас құрбыластарының жас тұма табиғатын, албырттық асаулығын, тіпті адам күлерлік аңқаулығын, өмірге деген тазалығын, қиындық атаулыны үйсіз-күйсіз жүрсе де елей бермейтін елгезектігін, табандылық пен тынымсыздығын, қайырымшылдығы мен қанағатшылдығын тани біліп терең сезіне әрі сүйсіне жазады. Әсем Алматының бау-бақшасы жайқалып, апортының иісі бұрқыраған көкорай көктеміндей көңілдері көкте қалықтап, көңілдеріне қанат бітіп жүрген жігіттердің өмірлік қадамына, бұйдасыз жастығына бойлайды. Күлкілі де мінәйі мінез-қылықтардан, сол кезеңге тән сөз саптаулардан редакцияның шынайы болмыс тынысын аңғарамыз. Көрініс суреттердің бәрі де болған, бәрі де өмірдің өзіндей екендігіне көңіл де иланады, кейіпкерлер болса танысымыздай болып тіл қатады. Журналистикадағы кәсібиліктің жемісі – Жанат қабілетін қарымды пайдаланады, асырып айтпайды, шашылып төгілмейді. Көркемдіктің кең құлашына беріліп кетпей, деректіліктің шеңберінен шықпай баяндаудың түрлі фор­масына сала отырып жеткізуге тырысады. Осылай көңіліміздегіні оятып, көз алдымызға келтіре суреттеген арқаудың Сәкең тұлғасынан тін тартып тарқатылып жатқанын көреміз. Әрине, редакцияның ішкі процесі, оған тән шығармашылық ауаны, шабытты сәттер мен табысты шақтары, Бас редактордың сесі мен сөзі, сыпайылығы мен сырбаздығы бәрі жадымызда. Хикаятты оқыған кезде жанданып, жасарып сала бергенін айтсайшы. Әлбетте, көзкөргендер мен тұстастарының Сәкең туралы естеліктер айтып жүргені үзік-үзік көңіл аңсары болса да шындықтың сынығындай шуақты сәуле шашатынын білеміз. Осы орайда «Лениншіл жас» газетінің көнекөз қариясына айналған, ұжымға он жеті жасында келіп өмірінің өрнекті шағын Сәкеңмен бірге өткізген, хикаяның бір кейіпкері Қуағаңның (Құрманғали) айтқан бір баяны оқып отырған санаға ой қосқандай болып есте жаңғырып, Жанаттың шынайы жүрек лүпілімен суреттеуіндегі Сәкеңнің саңлақ тұлғасын биіктете түскендей болады. «Сәкең шын мәніндегі жаңашыл басшы еді. Ол кезде заман басқа, заң басқа, сондықтан қазіргідей кеңінен көсілу қияметтің қыл көпіріндей. Сондықтан олардың ой-толғам, идеялары газет қызметкерлерінің жазғандары арқылы жүзеге асатын. Оларды басылымның бағыт-бағдарын анықтап, адаспай межелі жеріне жеткізу басты парызы саналатын мұхитта жүзген кеме капитандарына теңесе болғандай. Сәкең бас редактор болған жылдары жарық көрген газеттің жүздеген саны біздің сөзіміздің айна-қатесіз ақиқаттығына көз жеткізері анық. Сәкең әр лездеме – жедел жиын өткізу барысында апта бойы жарияланған мақалаларға баға беріп, әрдайым ненің ұмыт қалғанын, ненің ескерілмей жүргенін, неге баса көңіл ­аудару қажеттігін, қысқасы, қалам тербеу­ге тиіс қандай толғақты мәселелер барын баса айтып, әр қызметкердің қаламының қабілет-қарымын ескеріп, жеке-жеке тапсырмалар беруден де жалықпайтын. Сәкең сондай редактор – қайталанбайтын тұлға, ұлтының адал азаматы екендігіне көзін көрген, қызметтес болған біз куә, газетте тасқа басылған мәнді, маңызды, ойлы, толғамды мақалалар куә. Сәкең тақырып қоюдың, мазмұнына сай айдар ойлап табудың, толғақты мәселелерге қалам тербеудің нағыз тарланбозы екенін айту біздің парызымыз. Өйткені, біз Сәкеңнің үзеңгілес інілері, оның редакторлық, қаламгерлік, қайраткерлік қасиеттерін көріп өстік. Оның тапқырлығына, тақырыпты ойнатып қойып, оқырман көзін бірден өзіне аудартуға келгенде, яғни мақаланы еріксіз оқып шығуына жол ашатынына тәнті едік...» деуінде өткен күндердің өрнегі ғана емес, өзгермейтін шыңдығы жатқаны күмән туғызбайды. Бұл хикаяның бір ерекшелігі автордың Сәкең туралы тек журналистік жолын қамтумен шектелмеуі. Автор жаңалығы – Сәкеңнің Редакторлық тұрпатын, адами қалыбын, ой-пайым үлгісін, өмір сүру дағдысын, кісілік бейнесін, сырбаздық сипатын берумен қатар тағдыр жазуына тап келіп күйзелген, аурумен арпалысқа түскен, жаралы жолбарыстай халін, психологиялық күйзелісін суреттеуге батыл барғандығы. Жанаттың жақын араластығы да айтуға мәжбүр еткендей екен. «Әлгінде үйіне телефондап едім, трубканы Күләтай жеңгем көтеріп, былдыр-былдыр етіп әрең сөйлестім. Тілі жоқ байғұс әйтеуір, бұрындары телефонға Сейдахметтің өзі келетін. «Әдинаш апайың ғой, Сейдеш, жағдай қалай?» дегенімді ұққандай, жыламсырап, ұзақ күрсінді. Күні кеше ғана мерейтойын дүрілдетіп өткізіп еді. Енді, міне, азулы арыстаным-ай! Орнынан тұра алмай қалыпты...» деп кемсеңдеген Әдинаш апайының сөзінен тағдырдың бар қасіреті көрініп тұрғандай емес пе?.. Жанат өзінің ішкі толқынысын жасыра алмай бәрін қаз-қалпында беруге тырысқан. Азапты сәтті де, азалы сөздерін де... Мына бір үзікте дәп стенограммасы берілгендей көрінеді. «– Жаным Күләтай! Сен, немене, жылап отырсың ба? Қой, өйтпегін! – Оң қолымен аяулы жарының басын аймалай сипалады. – Күләтайым менің! Құр бекер егіліп, сөгілме. Текке қалжырап қаласың. Өзіңе-өзің бекем бол. Мені аяп, мүсіркеме. Сейдешіңді өзің жақсы білесің. Азып кеткен түрімді көріп қатты шошығаныңа қайранмын. Қара да тұр, әлі-ақ екі аяғымнан тік басып кетемін. Қарғыс атқыр отыз жетінші жылы әкем Бердіқұлды «халық жауы» деп итжеккенге айдап кеткенде де «қыңқ» етпегенмін. Үпір-шүпір үш баламен зарлап қалған сорлы анам Бәтимаға көз жасымды көрсетуге ұялған едім. Намысқа тырысып жыламадым. Безбүйректіктен емес, «жігіттіктен». Онда мен бар-жоғы төрттемін. Иә, небәрі төрт жаста болатынмын. Ұлы нәубеттің улы тырнағынан аман қалған бұл Сейдахметің ажалдың қаншеңгеліне оңайшылықпен мойнын тоспас. Шүкір, Алланың пешенемізге жазғанын бірге көрерміз. Қалқиып өстіп отырғанымда ешқашан мүжілме. Онсыз да сен бір өліп, бір тірілгенсің. Ендігі жерде анау балаларың мен немерелерің жүнжіп кетпегей. Алтын босағамның алтын қазығы өзіңсің, Күләтайым! Өкініштісі, өзіңді өмірімнің ақырына дейін аялай алмадым. Талайлы тағдыр, жалған дүние. Маған аяны, бұл желдей ескен, селдей көшкен өмір махаббатпен басталып, махаббатпен аяқталса керек. Кешегі бақытты шағымыз әлі-ақ қайтып оралады. Солай емес пе, Күләтай...» деген үзікті оқығанда өнбойыңның шымырламауы мүмкін емес. Бірі – тілсіз, бірі – аяқтан тұра алмай қалған қос мұңлұқты – саңқылдап жүрген Сәкең, жарқылдап жүрген Күләтай жеңгеміз дегенге көңіл бір сеніп, бір сенбейді. Өмір сынымен күресіп, жарық дүниеге жәутеңдеп талыға қараған тағдырлы сәттің наласы мен қапасы қандай күйінішті, қандай қатал еді десеңші? Өмір шындығын айтуға барын салған Жанаттың бұл шығармасы мұңға да батырады, терең ойға да қалдырады. Армандаған сәттер мен алданған сәттердің көп болатынын, тағдыр жұмбағының шешуінің тосындығын тәлімдейді. Тағы бір айта кетерлігі хикаяттың атауын да Сәкеңнің өзі ұсынған боп шықты. Бірде өзі телефон шалып: «Алдыңа түртіп қойшы «Найзағай түскен егіз қайың» деген тақырыпты. Екі-үш күннің шамасы болуы керек. Түстен кейін Күләтай жеңгең екеуміз Төлебаев көшесінде сейілдеп жүргенімізде, Алматының күні табан астынан құтырып, алай-дүлей болды да кетті. Артынша шатыр-шұтыр күн күркіреп, тура біздің көз алдымызда бір түптен тараған егіз қайыңның ұшар басын жай оғы жалмап, жайпап өтті. Мұндай оқыс құбылыс тауда, орман ішінде жиі ұшырасады. Ал айдың-күннің аманында, қаланың қақ төрінде. Өз басым қайран қалдым... Ойланып көр. Қалай жазасың, әрине фантазияңа байланысты...» депті. Автор аманат-ақиқатты адалынан атқарыпты. Өмірдің сауалын да, сауабын да толғай білген. Өмірдің мейірі мен қатыгездігінің арасының қылдайлығын көрген көз – автордың осындай күйзелісті сәттерге дейін сезіне отырып шымырлата жазған кейіпкеріне деген бар пейіл-ықыласы, тілеу-ниеті, адал жүрегі лүп-лүп соғып тұр... Оның түйгені: «Өмір новеллалардан тұрмайды екен, өмір наласын да қалдырмайды екен... »

***

Оқығанымызға қосымша мына бір сәт еске түседі: Соңғы жылдарын баспа қызметіне арнаған Сәкең маған газетті, баспахананы, көкбазардың көкжелкесіндегі жетінші қабаттағы редакцияны, әйнек ішіндегі секретариатты, макетті, кешкілік бояуы бұрқырап жететін беттерді сағынып, аңсап жүргендей көрінетін. Кабинетіне бара қалғанда алғашқы жылдары: «Мына баспаның адамдары қызық, таңертеңгілік газет оқымайды екен» деп отыратын. Алты қабаты адамнан арылмайтын баспаның ұзын дәлізінде кездесе қалып әңгіме тиегін ағыта жөнелгенде де газеттердегі материалдар мен тақырыптарды тілге тиек етіп, біріне сүйініп, біріне көңілі толмай күйініп тұрып: «Қазіргідей еркіндікті бізге бермеді-ау, ә?» деп кербез ыңыранып күлімдей қарағанда, жаныңда ұйып тыңдап үйіріліп тұратын байырғы «Ленжастықтар» – Қуағаң (Қуанышбай), Құрекең (Құрманғазы), Орекеңдер (Орысбай) бәріміз «Шіркін-ай!» десіп бір желпінісіп қалушы едік. Сәкең әлгі сөзді айтқанда көзінде, емеурінінде кезекті бір идеяның ұшқыны ойнап тұрғандай болушы еді. Қайдам, әлде маған солай көрінді ме? «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, бәлкім бұл «Газетші газетшіні жазбай танығаны» да болар... Опынысқа толы, өмір-ай... Біздің түйгеніміз: «Ретро-хикаяны қазақ журналистикасында ойып тұрып алар орны бар, рухы биік «Ленжастықтар» өмірінің бір үзік үкілі кезеңін, оның қайталанбайтын қайсар Редакторының өмірін өрнектеген елеулі еңбек деуге болады. Сәтімен туған шығарманы – жастық шаққа оралу, ұмытылмас ұстазға деген адалдық деп білдік».

***

Тағдырды өмір кезіктіреді, тақырыпты уақыт тудырады. Бұл жағынан Жанат достың қаламы қарымды, ойы алымды. Ағаларының – Сәкеңнің өзі: «Юнкорым – оң қолым» деп тағалаған, Шерағаңның өзі: «Жанат – жауапты хатшы ғана емес, жауапты азамат» деп бағалаған, академик – ұстазы Серағаңның (Қирабаев) өзі: «Шәкірттің де Жанаттай шәкірті бар» деп даралаған баталы сөздері оның болмыс-бітімін ақиқаттай түседі. Бағалаудың бұдан артық төрі де төресі де болмас, сірә. Бір ауыз бейнелі байламмен баяндалған қаламгерлік келбет деген осы. Ендігі лебізіміз: – Жетпістің биігіне шыққан жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Елшібектің өзі жазып отырған жетінші қабаттағы жас кезіндегідей жарқылдаған жас қалпынан айнымауына тілектеспіз!

872 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз